Ғаламдық саясаттың көздегені өлім жазасына мүлдем тыйым салу
2011 ж. 28 сәуір
4800
2
[caption id="attachment_6992" align="alignnone" width="457" caption="Коллаж: РИА Новости"][/caption]
Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттер өлім жазасын қолданудан заң түрінде бас тартып жатыр. Тіптен кейбірі бұндай аса ауыр жаза түрін мүлдем қолданбайтын да болды. Адамзатқа қарсы аса ауыр қылмыс жасап, лаңкестікке барып жатқандар болмаса, қылмыстың неше атасын жасағандар тек өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Бұл уақыттың жаңа талабы.
«Не шықса да батыстан шығады» демекші, «гуманизация» деген желеумен Еуропа мемлекеттері соңғы жылдары біраз дүниені өзгертіп үлгірді. Соның бірі біз сөз еткелі отырған өлім жазасын қолдану мәселесі. Өлім жазасынан бас тартқан мемлекеттірдің саны да жылдан-жылға сайын артып отыр. Нақты мысал келтіріп өтелік: Статистикалық деректерге қарағанда жылына орта есеппен 3 мемлекет аталмыш жаза түрін қолданудан бас тартады екен.
Елімізде әлемдік саясат аренасының салмақты фигуранттарының бірі болып отырғандықтан бұл үрдістен айналып өткен жоқ. 2003 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен өлім жазасына тыйым салынды. Арада бір жыл өткен соң, яғни 2004 жылы өлім жазасына балама ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Ал 2007 жылы Конституцияға жүргізілген реформалардан кейін өлім жазасы жаппай адам өліміне алып келетін террористік әрекеттер мен соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстарға қатысты ғана қолданылатын болды. Еліміздің саяси ахуалының тұрақтылығы мен бірлігін ескерсек, бұл Қазақстанның өлім жазасынан іс жүзінде бас тартты дегенін білдірсе керек.
Алайда ғаламдық саясаттың көздегені өлім жазасына мүлдем тыйым салу. Бұл мәселе Астана қаласында Сыртқы істер министрлігінде «Орталық Азияда өлім жазасын толық алып тастау: транзиттік өтпелі кезең мәселелері» тақырыбында өткен аймақтық конференцияда бұл мәселе тағы бір мәрте қаузалды. Шара Халықаралық түрме реформасының (PRI) ұйытқы болуымен ұйымдастырылыпты. Оған Еуропалық Одақ қаржылай қолдау білдірген. Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Сәуле Мектепбаеваның айтуынша, бұл жиынның басты мақсаты өлім жазасына балама ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілгеннен кейін аймақ елдерінің алдарында туындап отырған қауіп-қатерлерді және өлім жазасын алып тастау үдерісін талқылау болып табылады. «Конференция әлемнің 20 елінде жүзеге асырылып отырған «Орталық Азияда өлім жазасын толық алып тастау» жобасының аясында өткізіліп отыр. Қырғызстанда қазіргі таңда өлім жазасы мүлдем алып тасталған, ал Қазақстан мен Тәжікстанда жазаның бұл түріне мораторий жарияланғанымен, заңнамалық негізде ол әлі сақталып отыр», дейді С.Мектепбаева.
Қазақстан іс жүзінде өлім жазасын қолданудан бас тартуды бірте-бірте жүзеге асырып келеді. Оны басында айтып өттік. Бұл мәселе өткен жылы бекітілген ұлттық жоспарда да айтылған болатын. Бұрындары өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 16 құрамы бойынша белгіленсе бұл күнде бұл сан 8-ге төмендеген. Бүгінгі таңда елімізде 84, Қырғызстанда 242, Тәжікстанда 100-ге жуық адам өмір бойғы жазаға кесілген екен.
Дегенмен бұл өзгерісті қоғам түрліше қабылдағаны белгілі. Бір тобы өлім жазасы алынып тасталса қылмыстық ахуал біршама нашарлап кетеді деген пікір ұстанғаны белгілі. Алайда, мамандар мараторий енгізілген 8 жылдың ішінде қылмыстық ахуал тұрақты болып келгенін айтып отыр. «Өлім жазасын алып тастаса қылмыстық ахуал өршіп кетуі мүмкін деген пікірлер болды. Зерттеулер нәтижесі басқаша болды. Өлім жазасын алып тасталған соңғы жылдарда айтарлықтай ештеңе болған жоқ. Біздің мақсат адамды жазалау емес. Керісінше қоғамды тәрбиелеу. Адам өмірі мен құндылықтары ең басты байлығымыз. Өмір бойы бас бостандығынан айыру да жеңіл жаза емес. Өмір бойы сотталған адам 15-20 жылдан кейін өкініп, түзеліп өмірге оралып қоғамға өз пайдасын тигізуі мүмкін. Бұл адам өмірін сақтау деген сөз. Әлемдік практикада бұндай оқиғалар өте көп», дейді Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев.
Мамандар пікірі:
Мәдина Жарбосынова, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:
Қазақстан осы кездің өзінде-ақ өлім жазасынан бас тартқан мемлекет. Еліміз 2006 жылы халықаралық ынтымақтастық шараларының аясында өлім жазасынан бас тарту туралы Еуропалық Одақтың мәлімдемесіне қосылды. Қазақстан бүгінде өлім жазасынан бас тартуға қатысты халықаралық міндеттемелердің барлығын орындап отыр.
Тастемір Әбішев, Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы:
Президент мараторий енгізген 2003 жылдан бері елімізде өлім жазасы қолданылмайды. Бұл жаза алдағы уақытта да болмайды. Заңнамалық актілерде, Қылмыстық кодексте лаңкестік әрекеттерге байланысты және соғыс кезіндегі ауыр қылмысқа барған адамдарға өлім жазасы қолданылуы мүмкін деген нормалар бар. Алайда бұның өзі әрбір азаматтың өмір cүруге құқы бар деген қағида бойынша жүзеге асырылады. ЕҚЫҰ-на мүше 56 елдің тек 3-еуінде ғана өлім жазасы бар екен. Ол Беларусия, Тәжікстан және Қазақстан. Басқа елдер секілді бізге де өлім жазасын мүлдем алып тастау керек. Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия Үкімет пен Парламентке өлім жазасын алып тастау туралы азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық фактінің екінші хаттамасын ратификациялау туралы ұсыныс енгізгені белгілі. Қазір бұл мәселе талқылану үстінде. Сондай-ақ, еліміз өлім жазасын бір жола алып тастаса еліміз «Реппессивті заңнамалы мемлекет» деген айыптан құтылатын болады.
Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана