Әбіқаев қайта атқа қона ма?
2017 ж. 18 мамыр
4147
4
Сәрсенбінің сәтінде президент Н.Назарбаев сенат депутаты Н.Әбіқаевты қабылдады. Әрине, бір қарағанда бұл кездесуде тұрған ештеңе жоқ сияқты. Ақорда төрінде президенттің қолын алып, емен-жарқын әңгімелесіп шыққан депутаттың алды да, соңы да бұл емес. Рас, бүгін әкесін қабылдап, ертеңінде оның баласының қызметі өсіп кеткен немесе тағы біреуді қабылдап, соның ықпалындағы адамның бағы жанып кеткен жайттар кездесіп қалады. Былайша айтқанда, президенттің қабылдауына кіру біреулер үшін кәдімгідей бақ. Содан болар белгілі саясаткер Ермұрат Бапи өзінің фейсбуктағы парақшасында ежелгі екі достың жолығуы жөнінде мынандай ой білдіріпті: «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай марапатталған қалың қазақтың арасында аты аталмай қалған ежелгі саяси серігі еді: 70-ке таяған шағында «маңдайынан сипайын» деді ме екен? Әлде кезекті тағайындау күтеміз бе?
Дегенмен көкесінің келбетінде бір кірбің бар... Бірақ қызметтің қитұрқысын да, қоя-құпиясын да қатар көрген қағілез бауыры есіне тегін түспеген шығар...
Қалай болғанда да, «Нұртай Әбіқаев» деген аты-жөнінің өзі ғана жоғарғы саяси лауазымға пара-пар тұлғаны қапылыста қабылдаудың астарында бір гәп бар. Осы сенбіге дейін бір жарлық (нұсқау) шығып қалары хақ. Күтейік...»
Шынында, қандай лауазымда жүрсе де, жұрт көзіне көп түсе бермейтін Н.Әбіқаевқа үлкен қызмет беріле ме? Жоқ әлде жасының ұлғайғанына байланысты демалысқа шыға ма? Не болса да күтейік...
Дереккөз: Жас Алаш