"Келесі жылы қазақша сөйлеймін" деген Ақышев уәдесінде тұра ма?
2017 ж. 15 мамыр
3825
11
«Уәде – құдай сөзі» дегенді ұстанатын халықпыз. Сөз берген адам салмағы зіл батпан жауапкершілік жүгін арқалайды. Берген уәдесін орындаса, азаматтығы айшықталып, беделі артып, сөзі мен ісінің қабысатындығын айғақтары сөзсіз. Бұны айтуымыздың өзіндік себебі бар. Сынаптай сырғыған уақыт кезінде берілген уәденің сұралар күні жақындап қалғанын еске салып тұр.
Аbai.kz порталы ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің берген уәделерін қайта сараптап шыққан екен. Назар аударайық:
Осыдан бір жыл бұрын, жаздың алғашқы күні Парламенттің кезекті отырысынан кейін журналистердің сауалына жауап беру сәтінде
Бас банкирге «біздің қазақша сұрақтарға қашан қазақша жауап бересіз?» деген сұрақ қойылған болатын. Сонда Ұлттық банк төрағасы сауалдың өте дұрыстығын айта келе «келесі жылы» дегені есімізде.
Күнтізбеге қарасақ, күн мен түн алмасып, айлар жылжып, сол «келесі жыл» да таяп қалыпты. Енді сөздің қаншалықты іске ұласқанын көретін кез жетті.
Д.Ақышевтың көпшілік алдында сөйлеген сөзіне назар аударсақ, Ұлттық банкке төраға болған бір жарым жыл ішінде бірнеше уәде бергендігін көреміз. Ол ұлттық банк жұмысын ашық ету, 2016 жылы инфляция деңгейін 6-8 пайыз деңгейінде ұстау және ұлттық валютаны тұрақтандыру туралы болған-ды.
Ашықтық мәселесінде біршама алға жылжу байқалды. Оған теңгенің құнсыздануына әсер етуі мүмкін факторлардың айтылуын, теңге бағамын бір қалыпта ұстауға жұмсалған интервенция көлемінің жариялануын және оқыс девальвацияның орын алмайтынын мәлімдеуін жатқызуға болады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі келтірген дерек бойынша 2016 жылы инфляция деңгейі 8,5 пайыз шамасында болыпты. Әлбетте, төмен емес. Алайда болжанған деңгейге шамалас. Бұл да жас та болса бас банкирдің айтқан сөзінде тұруға талпынысын көрсетеді. Бұл ойымызды соңғы кездегі ұлттық валюта бағамындағы тұрақтылық бекіте түскендей. Сондықтан бір жылда қазақша еркін сұқбат беруді уәде еткен Д.Ақышевтың сөзінде тұратынына үмітпен қараймыз. Дүйім жұрттың алдында ұятқа қалуды кім де болса, қаламасы анық. Оны бас банкирдің жақсы түсінетіні айқын.
Ел тарихына үңілсек, шенділер тарапынан қандай уәделер берілмеді десеңізші. Алайда бүгінгі әңгімеге тек қазақ тілін үйренуге қатысты берілген уәделерді ғана арқау етуді жөн көрдік.
Сондай серттердің бірін үстіміздегі жылдың қаңтар айында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов берген болатын. Өзінің ана тілін ұмытуын соңғы бес жылда Ресей астанасы Мәскеуде қызмет еткенімен байланыстырған ол жарты жылда мемлекеттік тілді меңгеретінін айтты. Осы орайда өмір бойы Қазақстанда тұрса да ана тілдерін ұмыта қоймаған диаспора өкілдеріне қайран қаласың.
Қош, бастысы министр уәде берді. Енді нәтижесін күтелік.
Осы жолдарды жазу кезінде ақпарат құралдарында Әділет министрі Марат Бектаевтың қазақ тілін толықтай меңгеруге бір жыл сұрағаны туралы хабар тарады. Сөйтсек, бұл уәде де қазақ тілінде жауап беруді талап еткен тілшілерге беріліпті. Өз имиджін ойлаған министрдің жыл өткенде уәдесінде тұрарына сенелік.
Алайда мәселе басқада. Қашанға дейін осылай әр шендіні түртпектеп, «қазақшаңыз қалай?» деп сұрамақпыз. Қазақ тілі мемлекеттік тіл екені, оның заңда тайға таңба басқандай жазылғанын білетін біздің шенеуніктер оны үйренуге неге асығар емес? Елбасы айтқан рухани жаңғыру идеясының өзегі де осы төл тамырымызбен қайта қауышуды мақсат тұтпай ма? Ал төл тамырға қан жүгіртер тетік ол – халықтың тілі. Мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалы өтпелі кезеңнің сипаты ғана екеніне күнбе-күн көз жеткізудеміз.
Қазақша ойлайтын жаңа ұрпақ өсіп келеді. Сан сапаға ауысып, үлес салмағы 70 пайызға жуықтаған қазақ халқы қоғамның қазақылануын ашық талап етуде. Ал оны байқағысы, мойындағысы келмеген шенділерге ерте ме, кеш пе «қашан қазақша сұраққа қазақша жауап бересіз?» деген сауалдың көлденең қойылары хақ. Олардың белгілі бір мерзімді атап, жалтарма жауап беруі әбден ықтимал. Бірақ қоғамның бүгінгі ұлттық көңіл-күйі жалтарма жауапты місе тұтпай, нақты істі талап етеді. Сондықтан шенділер халықпен алтын көпір құруға асығып, берген уәделерінде тұрса игі.
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ