Елорда әкімдігі ЕЛБАСЫның 91 суреті ілінген үйді ҚИРАТТЫ

БҰЛ ЖЕРДЕ "ҚАЗМҰНАЙГАЗ" ҰК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ БАЛАЛАРЫНА ҒАНА АРНАЛҒАН БАЛАБАҚША САЛЫНАДЫ!!!

Сот орындаушылар техникасы Ұябаевалардың үйлерін бұзып жатыр. Астана, 12 мамыр 2017 жыл.

Астана билігі "мемлекет мұқтаждығы" үшін деген негізбен Ұябаевтар отбасына тиесілі үйді күреуге кірісті. Үй тұрғындары уақытша жатақханаға көшірілді.

Бұл туралы Азаттық хабарлады.

Астанада сот орындаушылар жер телімі "мемлекетке қажет" деген себеппен алынған Несіпкүл Ұябаева мен бірнеше туысы жатқан үйді бұза бастады. Несіпкүл Ұябаеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, ол қазір қала билігі өтемақысын алғанша уақытша тұруға берген баспанаға - жылжымайтын мүлік мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты екі бөлмелі, аумағы 28 шаршы метрлік жатақханаға көшіп барған. Несіпкүл Ұябаеваның әпкесі Раушан Ұябаеваға тиесілі бұл үйді күреуге сот орындаушылары жұма күні түске таяу келген. Үйді полиция, жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметкерлері қоршап тұрды. Тұрғындар мамырдың 10-ында бұл баспананы босатудан бас тартып, үйдің сыртқы бір қабырғасына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі-түсті суреттері жапсырып тастаған еді. Олар осындай жолмен баспаналарын қирату мерзімін созып, билікке талап-тілектерін жеткізуге тырысқан.
- Жер телімімізді "мемлекет мұқтаждығына қажет" деген себеппен алу үшін 2014 жылдан бастап үйді босатуды талап ете бастады. Сол жылы өтемақы ретінде 400 доллар ұсынған. Ал биыл 4 миллион 700 мың теңге ұсынды. Мұндай ақшаға пәтер сатып ала алмаймыз. Құдайдан да қорықпайтын шенеуніктер тым болмаса президенттен қорқатын шығар деген оймен президенттің суретін жапсырып қойдық, - деген Несіпкүл Ұябаева.
Ұябаевалар 2007 жылы салынған, қазір жеті адам тұрып жатқан 50 шаршы метр үйі мен жердің ақысына Астанадан екі бөлмелі пәтер беруін талап еткен. Несіпкүл Ұябаева үйінің күрелгені үшін берілетін өтемақыны алмағанын, өзіне қаржының банктегі есепшотына аударылғанын хабарлағанын, бірақ отбасы ол қаржыны алудан бас тартқанын айтады. Оның сөзінше, саяжай массивіндегі үйлерді қирату туралы сот шешімін Есіл аудандық соты 2014 жылы "өздерінің сыртынан шығарған", "шешім қолына тимеген".
Мамырдың 12-сінде күрелетін үйге келген Астана әкімдігі жанындағы "Қалалық жылжымайтын мүлік" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бастығы Александр Строчков Ұябаеваның жер телімі мемлекет мұқтаждығына қажетін айтты. Оның сөзінше, Ұябаевалардың қаладан өздеріне пәтер беру туралы талабы орындалмайды.
- Бұл - саяжайдағы үй. Иә, оларда өздері айтып тұрғандай паспорты бар, бірақ ол - жылжымайтын мүліктің паспорты. Олар осында тіркелген, бірақ бұл - тіркеу регистрациясы, ол нысанға тұрғын үй құқығын бермейді. Соттың шешімі шыққан, ол орындалуы тиіс, - деген Строчков сот Раушан Ұябаеваның меншік құқығы жойғанын айтты. Қалалық сот актілерін орындау департаментінің өкілі Ердәулет Болысбеков Ұябаеваларға үйін өз еркімен босатып беруін сұрап бірнеше рет ескерту жасалғанын айтты. Ол журналистердің сот шешімін іске асыру туралы құжатын көрсету өтінішінен бас тартты. Александр Строчков Несіпкүл Ұябаеваға мемлекет басшысының суреттері "ереже мен тәртіпке сай орналастырылуы тиіс" екенін айтып, үйдің сыртына жабыстырылған Назарбаевтың суреттерін алып тастауды сұраған. Бірақ Ұябаева оны орындаудан бас тартты. Журналистер Строчковтан үйдің сыртындағы Назарбаевтың суреттерін не қылатыны туралы сұраған. Ол "Этикет пен заң аясында қимылдаймыз" деген. Несіпкүл Ұябаева журналистерге биліктің әрекетін заңсыз деп білетінін, бірақ оған қарсы тұра алмайтынын мәлімдеген. Мамырдың 12-сінде үйді бұзушылар басқа қабырғаларды қиратқанымен, Назарбаевтың суреті жапсырылған қабырғаны сау қалдырды.
Ұябаевалар тұрып жатқан "Майский" деп аталатын бұрынғы саяжай серіктестігі қала аумағына енген. 2015 жылы Астана билігі Азаттыққа берген жауабында бұл саяжайлар серіктестігінің орнына "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы қызметкерлерінің балаларына арналған балабақша салу жоспарланғанын айтқан.