Бас прокуратураның НИ туралы НЕ дегенін түсінбедік...
2017 ж. 06 мамыр
5981
14
ҚР бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко "Қорғас" ШЫХО экс-президенті Василий Нидің қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Ни мырза туралы кез келген заңгер былай деп айтады. Өкінішке қарай, кейде біз болып жатқан оқиғаларды асырып, адамдарды ауыр қылмыс жасады деп айыптап жатамыз. Біз айыптамақ түгілі оны "қылмыскер" деп айтып жатамыз. Бірақ сіздер Конституциямызға қарайтын болсаңыздар, онда адамды "қылмыскер" деп тек соттың айта алатыны көрсетілген", - деді Андрей Кравченко.
Оның айтуынша, сотта қылмыстық істің басқа да мән-жайлары анықталып жатады.
"Мен соттың осындай шешімге қалай келгенін білмеймін, бірақ мен заңгер ретінде бұл шешімді құптаймын. Сот назар аударған кейбір дәлелдер болып, оқиғаның мән-жайы белгілі болған шығар", - деді бас прокурордың орынбасары.
Еске салайық, осыған дейін миллион доллар пара алған жерінен ұсталған "Қорғас" ШЫХО бұрынғы президенті Василий Ни қылмыстық жауапкершіліктен босатылғаны хабарланған. Бұл туралы Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Бақытжан Қармановтың ресми сауалға берген жауабында айтылады. Сондай-ақ, инвесторлармен жұмыс бөлімінің басшысы Махаббат Сайдуллаеваның да қылмыстық жауапкершіліктен босатылғаны белгілі болды.
"Прокурордың өтініші бойынша және сотталушылардың осыған дейін сотты болмауына, жұмыс орны мен тұрғылықты жерінен жағымды пікірлер болғандықтан және сотталушы Сайдуллаева Махабаттың асырап алған кішкентай баласы болуына байланысты сот ҚР Қылмыстық кодексінің 65-бабының 1-бөлігі негізінде ("Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату") жауапкершіліктен босатты", - деді соттағылар ресми сауалға берген жауаптарында.
Айта кетейік, 5 қыркүйекте "Қорғас" ШЫХО президенті миллион доллар пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын. Ол осы пара үшін инвестициялық тендердің нәтижелерін шешіп беру үшін алған делінген еді.