Бекболат Тілеухан ҰБТ-ға Баян Есентаева жайлы сұрақтарды қосқандарды жазалауды ұсынды
2017 ж. 20 сәуір
4837
6
Мәжілісмен Бекболат Тілеухан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке ҰБТ-да қарастырылған сұрақтардың сапасы бойынша депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Депутаттың айтуынша, білім беру саласындағы әрбір жаңашылдықтың идеологиялық және рухани даму мақсаты болуы тиіс.
"Білім беру саласы эксперимент жүргізетін алаңға айналғаны алаңдатады. Білім беруге қатысты бірде-бір мәлімет жауапсыздықпен жасалмауы тиіс, себебі қорытындысында әрбір мәлімет баланың дамуына, азаматтық ұстанымына, отанға деген сүйіспеншілігіне және тарихи танымына әсер етеді", - деп есептейді мәжілісмен.
Ол қазақстандық БАҚ-тарда жарияланған ҰБТ сұрақтарын мысалға келтірді. Бұл сұрақтарда белгілі адамдар болған.
"Тестілеуде Ермек Тұрсынов, Баян Есентаева, Нұртас Адамбай және шоу-бизнес пен эстраданың тағы да басқа өкілдері туралы сұрақтар бар. Тіпті спортшы Геннадий Головкин туралы сұрақта да мәселе бар. Қазір халықтың пікірін әлеуметтік желілер арқылы білуге болады. Соған қарағанда, халық уайым шегіп отыр. Мысалы, солар Есентаева пен Тұрсыновты балаларға мысал ретінде көрсеткенімізден не пайда көреміз деп отыр. Біреулері бұл сұрақтардың ішінде Фредди Роучтың (америкалық бұрынғы боксшы әрі бапкер - Авт.) не істеп жүргенін сұрайды. Халық мұндай сұрақтарға таңғалды. Шын мәнінде ол біздің рухани кодымызға, рухани жаңаруымызға үлес қосқан тұлға ма еді?", - дейді Бекболат Тілеухан.
"Кейбіреулері тіпті "Головкинді жақсы көреміз, бірақ ол Олимпиада чемпионы емес" деп те жазып жатыр. Жарайды, Шишигина мен Сәпиевті депутат болғандықтан қоспады. Бірақ біздің Олимпиада чемпиондарымыз бар ғой, мысалы Дмитрий Баландин, Данияр Елеусінов. Фредди Роуч, Гонзалес, Кличколардың бізге не қажеті бар?", - деді мәжілісмен.
Депутат министрден осы сұрақтарды құрастырған адамдар жазалана ма деп сұрады.
"Көпшіліктің наразылығын туғызған адамдарға лайықты жазасы беріле ме? ҰБТ тапсырмаларында осындай ірі қателіктер жіберген тестологтар жұмыстан шеттетіле ме? Меніңше, мұндай түсінбестіктер жүйенің өзінен шығып жатыр. Сондықтан оқу бағдарламасы, оқулықтар және ҰБТ жүйесі өзара байланысты болуы тиіс. Екіншіден, осындай маңызды мәселелер қоғамдық талқылаудан өтуі керек. Ұлттық кодқа, рухани жаңаруға үлес қосқан тұлғалар осы сұрақтарда болуы керек", - деді Бекболат Тілеухан.