Ерікпесе, Ерімбетов бола ма?

Ол Президент сайлауын бақылау комитетін құруды да...

сыраханада ойлапты...

Бердіоңғаровта бері оңғарылар бет бар ма ?

Қоғамдық ой-пікірді білдіріп отыру мақсатында «Айтпаркті» ашқалы айтпайтыны азайған Нұрлан Ерімбетов туралы «Ерікпеңіз, Ерімбетов мырза!» деп «Халық сөзі» газеті халық сөзін айтыпты. Тура айтқан. Қазақша білмесе де, қазақ парламентіне қайдан және қалай келгенін әлі түсінбей жүрген Тәнірберген  Бердіоңғаровтың  кешегі қазақты қынадай қырып, отарлаған қызыл большевиктердің, бүгінгі Ресей мемлекетінің мерекесі – Ресей Отан қорғаушылар күні - 23 ақпанмен құттықтаған мәңгүрттігі бір бұл емес.  Осының алдындағы үшінші шақырылымда да ( беті бері оңғарылмайтын Бердіоңғаров сол кезде де депутат болған. Бірпартиялы боламыз деп, осындай күйге жеткен қайран парламентіміз-ай...) осылай «оттаған». Сол кезде « Әй, бала, сен Ресейдің Думасында отырған жоқсың, шаңыраққа қарап, байқап сөйле!» деп, оны орнына қойған Амангелді Айталы секілді ұлттық намысы бар депутаттар болатын...  Бұл жолы  сол жарапазын тағы да қайталаған ресейшіл депутатқа Бекболат Тілеухан бастап, Нұртай Сабилянов қостап, ұлттық қаны бар депутаттар саяси қателікке тойтарыс берді. Бекболаттың бірінші сынып оқушысына ежіктегендей түсіндірмесін ол түсінген де жоқ шығар тағы да... Әйтпесе, санасында саңылауы бар адамға Айталының айтқаны да жеткілікті емес пе? Жалпы, қай мемлекеттің депутаты екенін білмейтін, Қазақстанның Отан қорғаушыларының  мерекесі – 7 мамыр деп өздері шығарған заңды білмей  қарсы шыққан, оған қол қойған Президент Жарлығына қарсы шыққан  саяси сауатсыз Бердіоңғаровтың сол биік саяси мінберде әлі жүргеніне таңым бар. Мүмкін, ол Тәуелсіздік алғанымызды, енді Ресей отары емес, жеке егемен мемлекет екенімізді білмейтін шығар... Бізден басқа өзін-өзі сыйлайтын елдерде ондайларды қуып шығады... Біздің сорымызға қарай бізде ұлтшыл Жириновскийлер жоқ. Бізде ұлттық мүддеден жұрдай, бір ауыз қазақша білгісі келмейтін  Ерлан Ыдырысовтар мен Ғани Қасымовтар, мемлекеттік тілге, қазақша атауларға  қарсы шықса да, мемлекеттің парламентінде отыра беретін «тасмаңдай» Тасбайлар бар... Бұның саяси қателігін «несі бар, онда не тұр, мен сол армияда болғаныма мақтанамын» деп, қолтығына су бүркіп, мәні терең мәселенің мәнісін түсінбейтін  Аманжан Жамалов сияқты депутаттар да табылғанын көрдік... Бұл туралы  бұрын да, кеше де «Бердіоңғаровтың беті бері оңғарыла ма?» деп, «Жас қазақ үні» газеті (www.qazaquni.kz) жазды. Амангелді Айталы  ағамыздың айтуынша, сол кезде Тәңірбердіінің атасы немересіне қатты ызаланып, «біздің әулетті ұятқа қалдырдың, масқара болдық» деп ұрысыпты. Атасы кейін Амангелді Айталыға келіп, немересі үшін кешірім сұрапты. Ол кісінің өзі қазақша  өлең де жазады екен, бір кітабын Айталыға сыйлап тұрып, мәңгүрт немересін тәрбиелеуге аманаттапты...  Өкінішке орай нәтижесі былай болды... Атасын міне, енді екі рет назаға қалдырған, «өлімнен ұят күшті» деген бабасын екі рет «өлтірген» Тәңір бермей-ақ қойғыр Тәңірберген қазақ пен қазақ парламентін аясын ба?..   Ерімбетовтен басқа ешкім Мәскеуде оқып, әскерге бармаған ба?..   Айтпақшы, мен Ерімбетовтың ерігуін айтамын деп отырып, көзіме түсе қалған Бердіоңғаровты қуалап кетіппін ғой... Иә, бұл сөздерді Ерімбетовке де бағыштауға болады. Себебі... ол осы 23 ақпан туралы Бердіоңғаровтың пікірін қолдайды екен... Бұны қалай түсінуге болады? Өзін «демократ» етіп көрсетудің нашар «жарнамасы» ма, әлде, Айтпаркте не айтсам да бола береді деп, Бердіоңғаровша бетімен кету ме? Ерімбетовтың «ережесіне» сүйенсек, оның 23 ақпанды құрметтейтін себебі... ол Мәскеуде оқыпты... Кеңес армиясында болыпты... Сол себепті ұлттық құндылықтардан, қазақ тарихынан мақұрым екен. Сонда Ерімбетовтен басқа еш қазақ немесе ешқандай өзге ұлт өкілі Мәскеуде оқып, Кеңес армиясында болмаған екен дә... Бұл сөзін Мәскеуде оқып қана қоймай, Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен, талай елде елші болып, қазақты танытқан ұлтшыл қайраткер, марқұм Болатхан Тайжандардың естімей кеткені дұрыс болған екен. Ол кісі баяғыда Мәскеуге барып, «біз Мәскеуде оқығанбыз, бізді қолдаңыздар» деп жағынып, жалынған біздің кейбір оппозиция өкілдерін сойып салғаны бар... Осылай деп өзбектің біреуі өзеуреп отырса, не болмаса, әскерде Ерімбетов  «етігін жуған» грузиндер мен «жағасын тіккен» армяндардың  (Дүрәлі Дүйсебаевтың айтуы) бірі солай десе,  жағдайы не болатынын ерімбетовтер мен бердіоңғаровтарға түсіндіріп беру керек шығар... Ал Мәскеуде оқымақ түгілі Ресей астанасын  мойындатып жүрген кавказдықтар, Балтық елдері өкілдері болсын, неге ұлттық құндылықтарынан мақұрым болып, ұлт мүддесіне қарсы  оттап отырмайды? Неге нигилистік мінез, мінез емес...мерез қазаққа  ғана тән... Жалпы, мемлекеттік тілді білмейтін Қазақстан азаматтарын, әсіресе, қазақша білмейтін қазақтарды парламентке, үкіметке, жалпы мемлекеттік қызметке, жоғары оқу орындарына қабылдамау керектігі жайлы көп айтылып келеді... Енді Тәуелсіз ел болғанымызға 20 жыл болғаны есімізге түскен болса...  соны орындау керек. Ана тіліне, Қазақ тіліне миы жетпеген қазақ қалай қазақ министрі, қазақ әкімі , қазақ депутаты, қазақ елшісі болады? Міне, осыған менің миым жетпейді... Кеңес армиясы күні секілді біздің сабаздардың миынан шықпай жүрген тағы бір «мереке» - 29 қазан, комсомолдар күні. Бәріміз де комсомол болдық,  бірақ тәуелсіздік алғалы отарлаушы империя жастарының мейрамын ұмытып кеттік. Бірақ... біз ұмытқанмен... бізге соны ұмыттыруға тиіс тәуелсіз еліміздің мемлекеттік қызметтегі лауазымды шенеуніктері ұмыта алмай жүргенін жылда 29 қазан күні естіп қаламыз... Әлі де өздерін «лениншіл жастар» деп білетін мемлекеттік қызметкерлер тіпті бұл «мейрамды» мейрамханадаларда   Лениннің портретін іліп қойып тойлағанын да естідік... Бұндай 23 ақпан мен 29 қазан мерекелері секілді отарлық езгі елесінен арылмағандар ұлы Алашордашылардың 90 жылдығын қайдан ұлықтасын? «Ерікпеңіз, Ерімбетов мырза!»-дегеннен шығады, ерікпесе, Ерімбетов бола ма? Ол тіпті, бір-екі ай бұрын баспасөз мәслихатында Кезектен тыс Президент сайлауын бақылаушы қоғамдық комитет құру идеясын да өзі ерігіп отырып... сыраханада сыраға тойған соң... шығарғанын соғып жіберді... Еліміз үшін ең маңызды Президент сайлауы туралы қоғамдық комитет теңтөрағасы бұлай десе... кім не демейді?.. Бұл оның қоғамдық комитет құру идеясының шығу төркінін Ақордадан алыстатқан түрі болса керек, бірақ міндетті түрде сырахананы куәлікке шақырмай-ақ, басқа бір дұрыстау жер ойына келмегенін қарасаңшы... Сыраға сылқиып, ерігіп отырғасын, оның үстіне ...басың болғасын... әрине, небір ойлар келеді ғой... Онда әр сайлау сайын Ерімбетовті сыраханаға жіберіп тұру керек шығар. Мүмкін, арнайы ақша бөлу керек болар.... Бердіоңғаров пен Ерімбетовтерді біріктіріп отырған не нәрсе? Олардың отбасыларындағы өзге ұлт өкілдерінің бұл жерде ешқандай кінәсі жоқ қой... Біздің зиялыларда ол бұрыннан бар кесел. Кінә ұлттық мүддеден мақұрым өздерінде. Дегенмен осы жерде ұлттың рухани көсемдерінің бірі, әйгілі Әйтеке бидің «қалмаққа қарсы соғысқа аттанып бара жатқан сарбаздардың арасында қойнында қалмақ жатқандар жоқ па екен, бірде болмаса, бірде әйелін тыңдап қалуы мүмкін ғой» деп сақтануы...ұлттық сақтану.. еске түсе беретінін жасыра алмаймыз... Қорыта айтқанда,  Ерімбетовке Ертісбаевтың нашар көшірмесіне ұқсай беру  абырой әпермейтінін ол өзі де түсіну керек. Дүрәлі көкем де... дүрелеген екен, Ерімбетовтің есі енді кіретін шығар... Қазыбек ИСА