Қалетаев: Отанын сатқандар Қазақстан азаматтығынан айырылады
2017 ж. 14 наурыз
2828
3
Сенат депутаты Дархан Қалетаевтың айтуынша, Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша Отанын сатқандар азаматтықтан айырылады.
Астанада өткен баспасөз мәслихатында журналистер осы өзгерістерге қатысты түсініктеме беруді сұрады. Себебі аталған өзгерістерге сәйкес, террористік қылмыстармен қатар елдің аса маңызды мүдделеріне зиян келтіргені үшін азаматтықтан айыру жазасы қарастырылған. Ондай шешім соттың үкімімен шығарылады.
Журналистер «елдің аса маңызды мүдделеріне зиян келтіретін» қылмыстардың мағынасын ашып беруді өтінді.
«Мемлекеттік опасыздық, елді сатқаны үшін», - деді сенатор Қалетаев. Ал осыны кеңірек жазудың қажеттілігіне қатысты ол: «Конституцияда оның бәрін тәптіштеп жазудың қажеті жоқ сияқты. Себебі ондай жаза бәрібір соттың шешімімен шығарылады. Ал нақты жазаға келер болсақ, жаңа ғана айттым ғой, ол - мемлекеттік опасыздық. Бәлкім, мемлекетке ірі көлемде шығын келтіргені үшін... Енді, тағы айтамын, оны сот анықтайды», - деп атап көрсетті.