Назарбаев: Біз бүгін тарихи мәселелердің шешімін табу үшін жиналдық
2017 ж. 03 наурыз
2140
4
Астанада елбасының қатысуымен парламент палаталарының бірлескен отырысы өтуде. Күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Заңының жобасы қаралуда деп хабарлайды Baq.kz.
«Біз тарихи мәселелердің шешімін табу үшін жиналдық. Өздеріңіз білетіндей, қаңтар айында мен конституциялық реформаға өзгеріс енгізу туралы бастама көтерген болатынмен. Бір ай көлемінде осы мәселе жалпы халықтың талқылауында болды. Саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, белсенділер мен азаматтар қызу пікір алмасты. Талқылау нәтижесінде осыған қатысты 6 мың материал жарияланды», - деді отырыстың ашылуында елбасы.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 26 ақпанында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын жалпыхалықтық талқылау аяқталды.
Президент сонымен қатар Конститутциядағы өзгерістерге қатысты xалық тарапынан алуан түрлі ұсыныс келіп түскен. Арасында пікір қайшылықтары да болғанын айтты.
«Жалпы, Конституцияға енгізілетін ұсыныстар xалық тарапынан қолдау тапты. Дегенмен, пікір қайшылықтары да болды. Әсіресе, меншікке байланысты. Барлығы жерге байланысты деп ойлады. Сөйтіп, 26-бапты мен өзгеріссіз қалдыруды шештім», - дейді Назарбаев.
«Жалпыұлттық талқылау барысында жалпы Конституцияға ұсынылған барлық өзгерістер қолдау тапты деп айтуға болады. Дегенмен, Конституцияның 26-бабын қоғамда көпшілік қолдағанымен, пікір қайшылықтары да көрінді. Біздің сұраныстар бойынша 70 пайыздан астам адам оны қолдап отыр. Дегенмен, басқа пікір айтқан азаматтар да бар. Әсіресе, меншік мәселесі жөнінде. Жер меншігіне байланысты деп ойлады. «Жер туралы» заң қабылданған кезде ол жөнінде мәселелер болғанын Сіздер білесіздер», - деді президент.
Осы орайда мемлекет басшысы Конституцияда елдің пікірі ескерілетінін, яғни консенсус болуы тиістігін баса айтты.
«Осы қағдиданы ұстана отырып, мен 26-бапты өзгеріссіз, бұрынғы редакцияда қалдыру туралы шешім қабылдап, сіздерге ұсынып отырмын. Талқылау барысында сіздер де қарайсыздар деп ойлаймын. Ал өзге де маңызды мәселелерге қатысты заң жобасының бағыт-бағдары айқын», - деді Назарбаев.
Айта кетейік, Ата заңымыздың 26-бабындағы «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деген сөйлемдегі «азаматтары» деген сөзді «әркіммен» алмастыру ұсынылған болатын. Бұл қоғамда қызу талқыға түсті. Атап айтқанда, қазақстандықтар шетел азаматтары осы норманы пайдаланып, жерді жекеменшікке сатып алады деген алаңдаушылығын білдірді.