ЗЕРЕНДІНІҢ ЗАМАНАУИ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА ӘЛЕУЕТІ ЗОР
2017 ж. 22 ақпан
2508
0
«Қазақстан Швейцариясы» атанған табиғаты сұлу Бурабай өңірі бүгінде бүкіл әлемге әйгілі. Отандық демалушылар ғана емес, елордамызға алыс-жақын шетелдерден келген мәртебелі қонақтардың тамсанып тамашалайтын ерекше бір орнына айналды. Соңғы жылдары елімізге қомақты пайда әкелетін туризм саласын дамыту біртіндеп қолға алына бастады. Дегенмен, бұл бағалы бастама айтарлықтай серпін алып кетті деуге әлі ертерек.
Әділін айтсақ туризмді дамытуға сұлу табиғаты мен тереңде жатқан тарихы бар біздің еліміздің мүмкіншілігі зор. Ұлы дала төсінде туризмнің ізі бұрыннан қалыптасқан. Қазақтың кең даласы Ұлы Жібек жолы өтетін шетсіз де шексіз аймақ болғандықтан туризмнің неше түріне куә болды десек артық айтқандық емес. Яғни, туризм қазақ үшін таңсық, тың дүние емес. Тек соны бүгінгі заман талабына сай жаңғырта білуіміз қажет.
Қазақтың мақтанышы – көркем Көкшенің тағы бір әсем өлкесі – Зерендінің де күміс көлі мен кербез табиғаты туристер көп келетін өңір. Осы өңірде арнайы жұмыс сапарымен болып, Елбасы Жолдауын насихаттауға келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова жергілікті тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесуінде осы мәселе кеңінен сөз болды. Жергілікті тұрғындар өз аудандарының дамып, өркендегенін көргісі келетіні заңды. Атақты Зеренді заманауи туризм орталығына айналса көптеген жұмыс орындары ашылатыны өз алдына, оған қоса аудан инфроқұрылымдары жасалып, бұл өңір де жандана түсер еді. Сондықтан еліміз бойынша енді қарқын алып келе жатқан туризм саласы Зерендіні айналып өтпесе екен дейді жергілікті халық.
Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы Зеренді аудандық филиалында өткен бұл басқосуды аудан әкімінің орынбасары Айдос Хамиев ашып, жүргізіп отырды. Ол кіріспе сөз сөйлеп, депутатты өңірде кәсіпкерлік саланың даму көрсеткіштері жайлы хабардар етті.
Өткен жылы Зеренді ауданында барлығы 82 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Бұл 230 жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Қазір өңірде ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа салалары бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыруға басты назар аударылып отыр. Біріншіден, бұл мәселе Елбасы Жолдауында кәсіпкерлікті жаппай дамыту туралы нақты айтылған болатын. Түрлі саладағы шағын және орта бизнесті дамыту айналып келгенде ел экономикасының өрлеуіне ықпал ететіндіктен ауданда бұл іске ынталылар баршылық. Тек соған жағдай жасап, қолдай білу керек.
Жергілікті тұрғындардың талап-тілегін тыңдай отырып Меруерт Қазбекова бұл өңірдің туризмді дамытуға әлеуеті өте жоғары екенін баса айтты. Сондықтан бизнесте жүргендер және оны бастауға ынталы тұлғалар ештеңеден қорықпай, белді бекем буып, іске кіріскендері жөн. Себебі, қазір аталған Жолдаудан кейін бұл салада үлкен серпілістер болатынын жеткізді.
Кәсіп ашып, еңбектенемін дегендерге де барынша қолдау жасалады. Мысалы, бизнесті бастайтындарға арнайы негізде тегін білім беру, оның бизнес жоспарын жасау арқылы миллиондаған теңге қаражат беру көзделіп отыр. Ең бастысы, олардың кепілдемесін 85 пайызға дейін мемлекет өз мойнына алады. Бұрын-соңды мұндай жеңілдіктер болып көрген жоқ-ты.
Меруерт Қазбекованың тағы бір назар аударған мәселесі – ауылды жердегі адамдардың өз әл-ауқаттарын жақсартуы үшін талпыныс жасаса деген сөзі болды. Иә, әр адам мал асырап, күн көріс жасағысы келеді. Бірақ, жайылымдық алқаптардың болмауы бұған кедергі болатынын да айта келе, қазір елімізде жайылымдық жерлер туралы жаңа заң қабылданатынын еске салды. Әсіресе, елді мекендер маңайындағы жайылымдық жерлер ешкімге сатылмайды, жалға берілмейді деді халық қалаулысы.
«Жалпы, бұл жолғы Жолдаудың жақсы жаңалығы көп. Мұнда сандық технологияны, сырттан әкелінетін жаңалықтарды саралау, өзіміздің отандық өнімді экспорттау және тағы басқалары көрініс тапқан. Жолдау жарияланды, енді оны орындауға барлығымыз бір кісідей атсалысуға міндеттіміз» – деп түйіндеді өз сөзін Меруерт Қазбекова.
«Ақ жол» ҚДП-ның
Ақмола облыстық филиалы
qazaquni.kz