Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді
2017 ж. 21 ақпан
2174
2
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Жамбыл облысында қар көшкіні салдарынан болған қайғылы оқиға туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Олардың әрқайсысы елінің нағыз патриоты болып, өз әскери міндетін соңына дейін атқарды. Қорғаныс министрлігіне қаза тапқан сарбаздардың отбасыларының бәріне жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тапсырамын. Мемлекеттік комиссия болған оқиғаның себептерін анықтауда. Мұндай қайғылы жағдай болашақта қайталанбау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз", – деді Қазақстан президенті.
Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне мынадай мәселелер шығарылды:
– Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің 2012-2016 жылдарға арналған стратегиясының іске асырылу қорытындылары, Стратегияда белгіленген алдағы кезеңге арналған негізгі қадамдардың таныстырылымы;
– әскери-техникалық саясаттың бірқатар аспектісі;
– «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық және оны өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары.
Елбасы құзыретті мемлекеттік органдардың күш-жігері арқасында өткен кезеңде Қазақстанда сыртқы қауіпсіздік пен ішкі саяси тұрақтылық қамтамасыз етілгенін атап өтті.
"Әлемдік экономикадағы дағдарыс жағдайына, отандық экономиканың қиыншылықтарына қарамастан макроэкономикалық көрсеткіштерді тиімді деңгейде ұстап тұра алдық. Ішкі, өңірлік және жаһандық үдерістерге қатысты жүргізілген талдау алдағы кезеңдегі еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнуі ықтимал сын-қатерлер мен қауіптерді анықтауға мүмкіндік берді. Қазір елімізде Қазақстан халқына жолдауда көрсетілген мақсаттар мен міндеттер, ұсынылған саяси және конституциялық реформалар талқылануда. Жалпы, олардың дені республика тұрғындарының қолдауына ие болып отыр", – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан президенті қазіргі кезде қауіптілігі өзекті болып отырған экстремистік және террористік әрекеттерге қарсы тұру ең әуелгі міндет болып табылатынын айтты.
"Жаңа стратегияда аталған қызмет бағыттарының әрқайсысы бойынша тиісті құрылымдардың әрекет ету шаралары қарастырылған", – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, елбасы мемлекеттік органдарға басқа да салалар мен бағыттарға қатысты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндет қойды.