Сирия оппозициясының тоғыз қарулы тобы Астанадағы келіссөзге қатысуға келді
2017 ж. 16 ақпан
1875
0
"Астана-2" келіссөздеріне қарулы сириялық оппозицияның тоғыз тобының өкілдері келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ өкілі Айдарбек Тұматовқа сілтеме жасап.
"Өзге тараптардың барлығы кеше келген, бүгін сириялық оппозиция өкілдері келді. Оларды Мухаммад Аллуш - Джаиш әл-Ислам тобының өкілі бастап келді. Түрік үкіметінің делегациясы да осында, өкілдіктері жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Оппозиция өкілдері тоғыз адам, яғни, әр топтан бір адамнан", - дейді келіссөз алдында ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің директоры Айдарбек Тұматов.
Оның айтуынша, "Астана-2" қорытынды келіссөз, ал Сирия өкілдері арасында келіссөздер 23 ақпанда Женевада басталады.
"Тараптар қорытынды сөз мәтінін қарастырады. Оқ атуды тоқтату режимінің орындалуын қадағалайтын жедел топ құру мәселесі талқыланып жатыр. Сонымен бірге, оқ ату тоқтатылған аудандарға бірнеше елді мекендерді кіріктіру мәселесі де қарастырылып отыр, бұл Астанадағы келіссөздердің маңызды бөлігі", - деп атап өтті ол.
Еске салайық, Астанада 15-16 ақпанда Сириядағы жағдайды реттеу бойынша тағы да отырыстар өтеді. Бұл жолы Ресей тарапы Астанадағы кездесуге АҚШ өкілдерін шақырды.
Мұның алдында келіссөздерге қатысатындығын Ресей, Иран, Туркия, Иордания және Сирия Араб Республикасының үкімет растаған болатын. Сонымен бірге, кепіл мемлекеттердің ұсынысын қабылдаса, сириялық қарулы оппозиция өкілдерінің келетіні хабарланған.