Міне, демократия! Сот Трамп жарлығының күшін қалпына келтіруден бас тартты
2017 ж. 11 ақпан
2632
0
АҚШ-тың федералды апелляциялық соты президент Дональд Трамптың жеті мұсылман елдің азаматтарына еліне кіруге үш айға тыйым салу жөніндегі жарлығының күшін қалпына келтіруден бас тартты. Калифорнияның аймақтық соты төменгі инстанция сотының шешімін күшінде қалдырды.
Бұл туралы 365info.kz хабарлайды.
«Әкімшілік соттан атқарушы биліктің иммиграция және ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жасап жатқан әрекетін сыйлауды талап етіп қана қоймай, қауіпсіздік мәселесіне байланысты атқарушы биліктің шешімдері конституциялық тексеруге жатпайды деп көндіруге тырысты. Бұл ұстаным біздің демократияға қайшы», – делінген соттың шешімінде.
Аймақтық соттың үш мүшесі мемлекеттік адвокатқа Иран, Ирак, Сирия, Ливия, Сомали, Судан және Йемен секілді жеті мұсылман елдің азаматтарына шектеу қоюға Ақ үй қандай ақпаратқа сүйенді деген сұрақтар қойды. Сот қаулысында Трамп жарлығы мұсылмандарға қатысты кемсітушілік пе, жоқ па, ештеңе айтылмаған.
Президент Трамп Калифорния сотының шешіміне Twitter парақшасы арқылы бірден «Сотта істі қарау жалғасады. Картада біздің ұлттық қауіпсіздігіміз қойылған», — деген пікірін білдірді.
Бас прокуратура енді аймақтық сот шешіміне шағымдану үшін Жоғарғы сотқа жүгінуі мүмкін. Жоғарғы сот инстанциясының төрт мүшесі солшыл либерал, төртеуі — консервативті көзқараста. Егер дауыстар теңдей екіге бөлінетін болса, аймақтық соттың шешімі күшінде қалады.