ӘКІМДЕР КІМГЕ ЕСЕП БЕРІП ЖҮР?
2017 ж. 08 ақпан
2749
1
Қаңтар айында Қазақстанның барлық аймағында аудан, қала, облыс әкімдерінің есеп беру науқаны басталады. Кейбір әкімдер концерттегі атақты әншідей ду қол шапалақтаудың астында қалса, енді бірі тұрғындардың қарсылығына тап болып, «таяқ жеп» жатады. Бұл жылда қайталанатын көрініс. Әрине, өткен жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, халық алдында есеп бергеннің артықшылығы жоқ. Тіпті ол керек те! Енді аталмыш жиналыстардың қалай өтетініне және сол есеп кімдер үшін берілетініне назар аударып көрелік.
Көпшіліктің пікіріне салсақ, дәстүрге айналған осы бір есеп беру жиындары соңғы жылдары қып-қызыл көзбояушылыққа айналған. Қағазға алдын ала көпіртіп жазылған есеп пен адам баласы ұғып болмайтын сапырылған сандарды отырғандардың біреуі де есте сақтап үлгермесі анық. Екіншіден, оны мұқият тыңдап отырғандар да сирек. Өйткені жиналысқа таңдаулы адамдар ғана шақырылады. Ал оларға бұл есептің түкке де керегі жоқ, бір-екі сағат шыдап отырып кетсе болғаны. Сосын Ақтөбедегідей шыға салысымен киім ілгіштегі киімдерін таласып-тармасып ала сала бұл жиналыстан жырағырақ кеткенше асығады. Маңызды мәселелерді көтеріп, қайта-қайта сұрақ қойып әкімді мазалайтындар сыртта қалады. Ондай «ыңғайсыз» тұрғындар табалдырықты аттап өте алмайды. Алыстағы аудандарды былай қойғанда еліміздегі мегаполис Алматының өзінде бір жылдары қала әкімінің есеп беру жиналысына кіре алмағандар айғай-шу шығарғаны естеріңізде болар.
Осындай жиналыстың бірі қаңтар айында Алматы облысы Іле ауданындағы ең ірі елдімекен Боралдай кентінде өткені туралы ақпарат құралдары жарыса жазды. Жиын басталар алдында кейбір тұрғындар жиналысқа өздерін кіргізбей жатқаны жайында хабарлап, ғаламтор арқылы журналистердің жедел келуін өтінген-ді. Отыз мыңнан астам халқы бар Боралдайдың 200-ге жуық тұрғынын мектептің мәжіліс залына жинап алған әкім халық алдында мемлекеттік емес, тек қана орыс тілінде ұзынсонар баяндама жасағаны өз алдына, залдың ортасына микрофон қойылғанымен, тұрғындардан сұрақты жазбаша талап еткен. Олай болса микрофондарды залдың ортасына сән үшін қойды ма? Жиналысқа келгендердің дені мемлекеттік қызметкерлер, тіпті әскерилердің де бір тобы бар. Демек, жиынға жұртты іріктеп шақырды деуге болады. Жазбаша сұраққа деген талапты бір адам батылы жетіп бұзып, әкімге микрофон арқылы сауал жолдауы мұң екен, одан кейін сұрақ дегеніңіз қарша борады. Енді жазбаша емес, микрофонды да былай қойып, тура орындарында тұрып айғайға басты тұрмыстың тауқыметін тартып жатқан тұрғындар.
Мұндай сұрақтар әдемі баяндамадан кейін арқасынан ауыр жүк түскендей болып төрге жайғасқан Боралдай әкімінің көңіл-күйін тас-талқан етіп, ұнжырғасын бірден түсірді. Тіпті, тұрғындар он шақты жылдан бері шешілмей келе жатқан, әбден сүрленген мәселелерді де көтерді. Ал, Боралдай кентінің әкімі Мұрат Сәлімбаев мырза жан-жақтан толассыз түскен сұрақтарға «Бәрін де жасаймыз, бәрін де қатырамыз!» деген секілді уәдені үйіп-төгіп әзер құтылды.
Бұл бір ғана Боралдай кентінде ғана орын алған жағдай емес, көптеген жерде де қайталанатын көрініс. Осының алдында Қызылорда облысының бір ауданында өткен есеп беру жиналысында жергілікті тұрғындар әкімнің қызметтен кетуін талап еткен болатын. Әрине, жақсы жұмысы үшін емес, өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмағаны үшін.
Әділін айтсақ, әкімдер халық алдында есеп беруге міндетті. Бірақ ол алдынала бекітілген заң бойынша өтпейді. Біздегі аудан немесе қала әкімдері есеп беру жиналысына келіп үн-түнсіз отырып, анда-санда қол шапалақтап қоятындарды ғана жинайды. Олар мектеп мұғалімдері, дәрігерлер мен өзге де мемлекеттік қызметкерлер болып келеді. Неге? Өйткені, кемшіліктерін көзіне айтып әкімге қарсы шыққандарды ертең қысым көрсетіп, керек болса жұмыссыз қалдыруға ыңғайлы. Сондықтан көптеген жиналыстар ың-шыңсыз, «үлкен өрлеу» үстінде өтеді. Ол туралы сол күні-ақ телеарналарда көрсетіп, басылымдарда жер-көкке сиғызбай мақтап жазып жатады. Әкімге керегі де осы. Егер жиналыста шу шығып, тұрғындар наразылық көрсетсе ертеңгі күні оның өзі қызметінен кетуі мүмкін. Ал жұрт босқа шу шығармайды. Өйткені қала немесе ауылдардағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер мүлдем шешілмеген. Бір жерде ауызсу тапшы болса, бір жерде жолсыз батпақ кешіп, қоғамдық көліктің көлеңкесін көруге зар болғандар айқайға баспағанда қайтеді? Жергілікті жерлерде жұмыс жақсы атқарылып жатса тұрғындардың айқайлайтындай әкімде әкесінің құны кеткен жоқ қой. Жақсы әкімді жұрт жанын салып өздері-ақ қорғап алар еді ғой, керек болса ақ киізге отырғызып хан көтерері хақ. Бірақ ондай әкімдер бізде тым сирек, жоқтың қасы.
Сонда бұндай жұрт алдында жасаған жасанды есеп беру жиналыстары кімге керек деген заңды сұрақ туындамай ма? Шынын айтсақ ешкімге керек емес. Белгілі саясаттанушы Дос Көшім халықпен кездесіп, есеп беретін әкімдерге қарапайым үш әдісті ұсынған екен. БАҚ өкілдерімен тығыз жұмыс жасау, қоғамдық тыңдауды жиі әрі ашық өткізу және тұрғындардың сауалына ресми түрде заң бойынша белгіленген мерзімде жауап беру. Сонда әкімдердің халық алдында есеп беруінің де қажеті жоқ дейді сарапшы. Ал қазіргі есеп беру кездесулері шынайы емес деген пікірде ол. «Демократия индекорация» деген сөзді қолданамын. Шындығында ойлап қарасақ, халықпен байланыс сияқты болып көрінеді есеп беру. Бірақ бұл, шындығында, декорацияға айналды. «Міне, халықтың алдына шықтық» деген сияқты. Бұл басында жақсы басталған еді. Ащы сұрақтар қойылып, соның жауабын іздейтін. Кейіннен бұған арнайы адамдарды шақырып, кейбіреулерді кіргізбейтін болды» – деп ашығын айтқан белгілі саясаттанушы Дос Көшіммен келіспеске амалымыз жоқ.
Енді осының бәрі неліктен бұлай болып отыр деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Біріншіден, ауылда жиналыс өтсе оған аудан әкімі қатысады. Ауданда жиналыс болса қала әкімі немесе оның орынбасары қатысады. Басшылардың алдында қандай да болса әкім өзін тек қана жақсы жағынан көрсетуі керек, у-шудың қажеті жоқ. Сондықтан жаңағыдай көзбояушылыққа барады. Екіншіден, дәп осылай қала әкімі облыс басшысын, өз кезегінде облыс басшысы Елбасымызды алдайды. Ал, айналып келгенде жаңағы әкімдер халықты да, Елбасыны да, тіпті өзін-өзі алдап отырғанын түсінбейді. Өйткені ол да осы қоғамның белді мүшесі емес пе? Оның үстіне ел сенім артып отырған білдей әкім. Сөйтіп, өзінің қабілетсіздігімен, біліксіздігімен бүкіл қоғамның дамуына кедергі келтіреді. Ал, ондай қара басының қамын ғана ойлайтын әкімдердің керегі қанша?
Бұндай жасандылық пен көзбояшылықты қалай тоқтатуға болады? Ол үшін барлық деңгейдегі әкімдерді халықтың өзі тікелей сайлауы керек. Бізде депутаттарды әкімдер, әкімдерді сол депутаттар сайлайды, халық айдалада қалады. Жоғарыдан тағайындалған әкім басшыларына жалтақтап, тәуелді болып қалады. Қайткен күнде солардың көңілінен шығамын деп, қара халықты көзіне де ілмейді. Әкім тек қана халыққа тәуелді болғаны дұрыс, сонда ғана ол жұрттың алдында жүгіріп жүріп жұмыс істейді. Істемесе халық оны көп сөйлеспей-ақ орнынан алып тастайды. Бар болғаны осы. Ал, бізде болса бәрі керісінше. Былыққа батқан шенеунікті қызметінен кетірген секілді болып, екінші бір лауазымды орынға апарып отырғызады. Ондай маман келесі қызметтің де көсегесін көгерпейтіні түсінікті. Осындайларға қарап қарапайым халық бізде лауазымды орындардың бәрі сатулы деген ой түйеді.
Бұдан ширек ғасырдай бұрын «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңның жобасы ұсынылғаны белгілі. Ол ондаған жылдар бойы жоғары кеңселерде шаң басып жатып, осы күнге дейін дұрыс қабылданған жоқ. Бүгінгі күні Елбасымыздың өзі Президент өкілеттілігінің бірқатарын Үкімет пен әкімдерге беруді ұсынып отырғаны белгілі. Күні кеше ғана Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында Президент жалған есеп беріп, жемқорлық пен көзбояушылыққа салынғандарды аяусыз сынға алды. Ал, биліктерін көбейтіп, үлкен жауапкершілік артып отырған әкімдеріміздің сықпыты алдында айтқанымыздай болса олар бұл жолы да өздеріне жүктелген міндетті атқара алмасы айдан анық. Әкім тікелей халықпен жұмыс істейтін болғандықтан оны халықтың өзі сайлағаны әлдеқайда ұтымды. Сонда қарапайым халықтың белсенділігі артып, әрбір адам өз Отанына деген жауапкершілігі оянып, жекелеген жемқорларды өздері-ақ ауыздықтайтын болады. Сондықтан алдымен адамдарымыздың сана-сезімін арттыру үшін жұмыс істеп, ұлттық идеология қалыптастырумыз қажет. Саналы қоғам ғана алға жылжып, қарыштап дами алады.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz