Семейді сергелдеңнен шығару...

семей Сапарбаевтың қолдауын сәтті пайдаланғанда іске асады Семей қаласының талайдан шешілмей келе жатқан мың-сан күрделі мәселелері туралы көптен бері айтылып келеді. Кезінде өзіміз де жас қазақ үні газетінде «Семей сергелдеңі» атты мақала да жазған болатынбыз. Семейдің мәселелері аздай оған қатал идея да қатты әсерін тигізді. Семейдің қаһарлы қысы қадам басқан жаңа жылдың басында әбден тозығы жеткен жылу қазандықтарын, құбырларын жарып, қаланы жылусыз және 4 жыл қызмет атқарған Мейрамхат Айнабеков сынды әкімсізде қалдырды...

Апырау, қаланың ендігі әкімі кім болар екен деп бірімен бірі сыбырласып болғанша ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев Семей қаласының жаңа әкімін алғашқыда қаланың мәслихат депутаттарына, іле шала қала белсенділерінің жиынында ұсы­ныпта, таныстырыпта, бар­лығының бірауыздан қол­дауға ие болғанына куә болып та үлгерді. Жаңа әкім немен ерекше­ленеді, қандай айырмашылығы бар және әбден тоңып, күйісі кеткен Семей тұрғындары енді бұдан не күтеміз деп әрбір іс- қимылын бағдарлап, әр сөзін қалт жіберіп алмау үшін ақпарат құралдарын аңдумен болды. Айбек Кәрімов шаруаны қалай ұйымдастыру керек екенін, қай шетінен, қалай бастап және де қандай тәсілмен жұмысқа кірісу керек екенін әкімшіліктің білімсіз энергетика саласының «мамандарына», бастықсымақтарына, ұтымды жұмыс істеудің «ликбез» сабағын жүргізгендей болды. Біріншіден, осы жылу жүйесінен мол білімі және көптеген жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі бар Ислам Қараханов сынды азаматтардың көмегіне жүгінді. Олардың басын біріктіріп топ құрды. Осы топ №1 ЖЭО – ның жағдайын, апат салдарын, апатқа әкеліп соққан себептермен кемшіліктерді егжей- тегжейіне дейін тексеріп, анықтап өз қорытындысын шығарып қана қоймай, тез арада қандай жабдықтар, құрал саймандар керек екенін анықтап берді. Осы мәселенің анық- қанығына жеткеннен кейін А.Кәрімов Семей халқына БАҚ құралдары арқылы барлық жағдайды, атқарылатын шараларды, жіберілген қателерді ашық түрде байыппен жеткізе білді. ШҚО әкімі Б.М.Сапарбаев­тан және Өскемен қаласының әкімі И. Әбішев мырзалардан қаражат, қажетті жабдықтар және білікті мамандармен тез арада қол үшін беруін өтінді. Олай істемегенде қала аяз құрсауында ұзақ қала берер еді және құбырлар мен жылу батареялары үйлерде жарыла бастаушы еді. Семейдің мүшкіл жағдайын түсініп, А.Кәрімовті ШҚО әкімі Б.Сапарбаевтың рұхсатын алған бетте Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев өзі бастап бір топ білікті мамандарын ертіп, қажетті жабдықтарын (50-60 млн, теңгенің шамасында) өздерімен бірге алып Семейге лезде жетті. Өскемен қаласының әкімі Семейдің жылу орталықтарында жүргенін бүкіл Семей халқы теледидардан көріп әрі тәнті әрі шексіз риза болды. Жедел түрде қолданған іс – шаралардың арқасында жағдай біртіндеп түзеліп, жарылған жылу қазандықтары бірінен соң бірі іске қосыла бастады. Қазандықтардан басқа да көптеген қосалқы кемшіліктер түзетіліп, тұрғын үйлерге жылу беріле бастады. Апат салдарынан мүлдем жылусыз қалған үйлердің тізімі жасалып, пәтер иелерімен кездесу өткізіп, ПИК басшыларына жауапкершілігіндегі үйлердің мүлдем қысқа дайындықсыз кіргенін көздерін шұқып тұрып көрсетіп, олардың жарылған құбырларын және батареяларын лезде ауыстыруда қала әкімі А. Кәрімов табандылық көрсетті. Осы зерттеу – жөндеу жұмыстарының о баста қасында жүрген қала әкімінің энергетика саласына жауапты орынбасары Т.Данияров өзінің біліксіз және әрі қарай жарамсыз екенін түсінгеннен кейін лезде арызын жазып табанын жалтыратты. Сала маманы болмағаннан кейін әрдайым осылай болады да. Қаңтар айының аяғы – ақпан айының басында апат салдары түбегейлі жойылып, ал ақпанның 8 күні Ертіс өзенінің сол жағалауының тұрғындары апат салдарының құрсауынан аман – есен шығып үйлеріндегі батареялары жап-жақсы ыстық жағдайға жетті. Онымен қоса жоғалып кеткен ыстық су бірнеше күн болды үйлерге беріліп, тұрғындар риза болып жатыр. Мүмкін, кейбір көпқабатты үйлерде әлі пәтерлері онша жылынбай жатқандары бар шығар, дегенмен үйлердің басым көпшілігінде жағдай орнына келді десек артық болмас. Бұл Айбек Кәрімов Семей қаласының әкімі болып тағайындалғаннан бері ұзын – сарыны жарты айдың шамасында болған жағдай. Ал Семей қаласының бұдан да басқа және күрделеніп қалған, шешімі әлі табылмаған мәселелері көп. Ең бастысы жыл сайын қаланың қарқынды дамуын былай қойғанда өзінің инфрақұрылымын бір қалыпта ұстап тұруы үшін Қазақстанның ірі қалаларының тізіміне кіретін Семей сынды қаланың жылда бюджет тапшылығы 6 млрд теңгені құрайды. Қала өзі жинап алатын ( салық және тағы басқа кіріс көздерін есептегенде) барлық ақша кірісі 9 млрд. теңгені құрайды. Ал қала өзін- өзі толығыменен қаржыландыру үшін 15 млрд. теңге қажет. Осы мәселенің біразын шешу жолдары да жоқ емес екенін қала әкімі А.Кәрімов өзінің халық алдындағы қорытынды есеп беру жиынына қатысып отырған ШҚО әкімі Б.Сапарбаевтың көзінше халыққа жария етті. Семей қаласында орналасқан, ежелден Семей қаласының кәсіпорындары саналатын 15 ірі кәсіпорындар салық төлемдерін Семей қаласының бюджетіне емес, бірі Өскемен қаласының, ал басқа біреулері Бородулиха, Жарма аудандарының бюджетіне төлеп келген екен. Бұл жағдай неге М.Айнабеков 4 жыл әкім болған кезде құпия болып келді? Ол азамат осы мәселені неге дабыл қағып көтермеді? Облыс әкімінің алдында Семей қаласының мүддесін неге қорғамады? Қоғамдық ұйымдар, БАҚ құралдарының көмегіне неге жүгінбеді?Сұрақ көп, бірақ жауап жоқ. Ал жаңа әкім А.Кәрімов бұл мәселені жиын үстінде облыс әкімі Б.Сапарбаевтың алдында дұрыс емес екені және бұл Семейдің заңды талабы екенін ашық түрде айтып, бұл келеңсіздікті тездетіп жою қажеттілігіне қолдау тапты. Облыс әкімі бұл мәселені шешу Семейдің орынды талабы екенін мәлімдеп, құптау білдірді. Айбек Кәрімов Семейдің ТВК-6 телеарнасына берген сұхбатында оны қала әкімі ретінде ерекше толғандыратын мәселелерге ерекше тоқталды. Бірінші. Семей қаласының көшелерінде «ГАЗель» бағытты жолаушыларды тасымалдайтын көліктердің аса көп екендігін, олардың адамдарға ыңғайсыз және оларды екі есікті, еңсесі биік, сиымдылығы аңағұрлым көп автобустарға алмастыру жөнінде тендер өткізу кезінде талап қоятынын айтты. Екінші. Семей қаласы өзін- өзі азық түлікпен толық қамтамасыз ету мәселелерін шешуге кірісетінін (Шақаман елді мекенінде ҚСРО кезінде жұмыс істеп келген, бірақ кейін ыдырап кеткен мал бордақылау шаруашылығын қайтадан қолға алып жұмысын жаңғырту, шошқа малын өсіруді қолға алу, сүт өнімдерін көбейту, жылына 7000-8000 литр сүт беретін сиырларды қаламызға алып-келіп бағып–қағу шаруасын қолға алу.Көкөніс өнімдерін қыс мезгілінде жеткілікті көлемде сақтау үшін қоймаларды салу және т.б.т. б.) ауқымды да шешуі қиын болса да, мол қаржы қажет етсе де бірақ қала үшін қажет және бағаның жылда алып сатарларға өсіруге жол бермеудің жалғыз амалы екенін біліп, қиын болса да халық үшін шешуге бар күш- жігерімді жұмсаймын деп отыр. Жаңа әкім А.Кәрімовтың осы бастапқы қадамдарын оңтайлы, дұрыс және ұтымды деп бағалап, жергілікті «Ақ Жол» партиясының филиалы қолдау көрсетуге лайық деген ұйғарымға келді. Филиал бұрынғы қала әкімі М.Айнабеков алдында да талай көтерген, тіпті жазбаша өз ұсыныстарының тізімін ШҚО әкімі Б.Сапарбаевтың да қолына ұстатқан. Семей мүддесі үшін талай жиындарда жан алып, жан беріскен. Ел патриоты болу үшін бірінші өз қалаңның, ауылыңның патриоты бола біл деген қағиданы ұстанған «Ақ жол» партиясы филиалы жұртына пайдалы істердің бастамасы болған әкімді неге қолдамасқа? Шаруа оңтайлы шешіліп, көздеген межеге жеткен кезде колдаушылар іздемесең де табылады. Кез келген партия, ол-қоғамдық ұйым, қоғам мүддесін қорғау оның парызы. «Нұр Отан» партиясы қолдап жатса, ол айтпаса да түсінікті, ал өз ұстанымы бар, халықтың әл- аухаты, тұрмыс деңгейі, денсаулығы, өсіп - өнуі т.б. маңызды салаларды үнемі жіті назарында ұстап отыратын, тікелей араласып ат салысатын «Ақ Жол» партиясы А.Кәрімовты оң істерін қолдауға дайын. Семей қаласының болашағы қалай болады, А.Кәрімов жоспарларын іске асыру қарқыны қандай болмақ деген сұрақтың көбісі облыс әкімі Б.М.Сапарбаевқа байланысты екеніне күмән жоқ. Жылдар жылжып өткен сайын, Сапарбаев «шығыстанған» сайын, Семейге деген ықылас, көмек ұдайы өсуде. Мысалы, 2011 жылға Семей қаласы, заң талабына сай, облысқа аударуға тиісті салық және бюджеттің басқа да кіріс көздерінен түскен қаражатты 100% Семейде қалатын болды, және облысқа 1 тиын ақша аударылмайды. Бұл Бердібектің Семейге деген қолдан келген көмегі Семей жедел түрде дамы үшін үкіметтің алдында шетелдік инвесторлар қашан келіп ақшаларын жұмсап іске кіріседі деп телмірмей, Қазақстан өзі тікелей қаражат бөліп, қуатты жылу электр стансасын (ЖЭС) салу мәселесін жуыр арада көтеремін, және де табанды түрде осыған қол жеткізу үшін барымды саламын деп мәлімдеді жиын үстінде. Бұл мәселе «Ақ Жол» партиясының 2008 жылдың 29 сәуірінде өзінің ұсыныстар тізімінің ішінде бірінші болып жазылған. Осыны елеп-ескеріп, Семей үшін аса маңыздылығын бағалаған Б.М.Сапарбаевқа үлкен алғысымызды білдіреміз. Ол кісінің Шығыс Қазақстан облысының ішінде Семей қаласына деген ерекше көңілін, жиі-жиі келуінің себебін келесі мысалдан білуге болады. Әрдайым Семейге келген сайын, әрбір әкімшіліктегі жиналыс үстінде... «Семей дамысын десеңдер, жаңа кәсіпорындар пайда болсын десеңдер, облысқа ПСД (проектно -сметная документация) дайындап берсеңіздер, облыс соны жүзеге асыру үшін қажетті қаражаттың 50%-ын төлеуге дайын, бірақ сіздерден ПСД тапсыру жоқтың қасы»...деп қынжылғанына мен өзім куәмін. Семей осы ұсынысты неге пайдаланғысы келмейді? Экономика және қаржы саласына жауап беретін Семей әкімінің орынбасары, қол астындағы бөлім бастығы неге бұл ПСД-ларды дер кезінде көптеп тапсырмайды? Бұған жауапты жаңа әкім А.Кәрімов өзі берер. Бірақ осындай қолдауды пайдаланбау ақымақтық болар еді. Семей халқының Сапарбаевтың Семейге қол үшін беретінінің тағы бір айғағы ол біздің қаламызда саябақ, скверлерменен аллеялар жоқтың қасы, ал бар бірен- сарандарының әбден тозығы жетіп, жетімнің күйін кешіп жатқанын ескеріп, 2011 жылдың көктемінен бастап облыстың 18 аудандары және қалалары әр қайсысы мөлшерлі көлемде ақша жинап, Семей қаласына тегін 16 сквер, аллеялар салып береміз, және орталық саябақты түбегейлі жөндеуден өткізіп, жаңадан жабдықтап береміз деп отыр. Бұл дағы Сапарбаевтың бастамасы бойынша атқарылғалы тұрған іс. Адал ниет, істелген істі көріп, бағалау әр семейліктің парызы. Облыс әкіміне үлкен рахмет, ал Бұлақ су элект стансасын салуға бар ақылын, ықпалын және беделін жұмсап Үкімет тізіміне еңгізіп, қаражат бөлгіздірте алса, онда Б.М. Сапарбаевтың есімі Семей тарихында алтын әріппен жазылып қалар еді. «Ақ Жол» партиясының да 2008 жылдан бері үнемі көтеріп жүрген тағы бір ұсынысы орындалып, Семейдің орнықты түрде дамуына жол ашар еді.

 

О.Сәрсенбин, ҚДП «Ақ Жол» Семей қаласының филиал кеңесінің төрағасы