ЖАМАЛОВТЫҢ ЖЕКЕМЕНШІК "ЦОНЫ" 5 ЖЫЛ САЛЫҚ ТӨЛЕМЕГЕН...
2017 ж. 19 қаңтар
5048
18
Жуырда ғана ХҚКО-да қайтыс болған азаматтар туралы асылық сөздер айтып, ел-жұрттың ашуына тиген Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов депутаттық мандатынан айырылуы әбден мүмкін. "365info.kz" сайтының деректеріне сүйенсек, Мәжіліс депутаты екі бірдей ЖШС-ның негізін қалаушы болып шықты.
Депутат - кәсіпкер. Тұрақты тіркеу туралы заң қабалданғанға дейін есімін ел-жұрт көп біле бермейтін Аманжан Жамалов мырза, сөзден сүрінді. Батырып айтсақ, сөзінің ауанын "өлмесе өмірем қапсынға", жұмсартып айтсақ, "өлсе өз ажалынан өлді" дегенге келтірген депутат марқұмдарға тіл тигізіп, артынша онысы үшін кешірім сұрады. Жә, қателік хан қызында да болады емес пе?! Сүрінсе сүрінген болар.
Сөйтсек, жақында "365info.kz" сайты "Уральская неделя" басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедяровтың сөздерін келтіре отырып, бір мезетте елге мәшһүр болған депутат Жамаловтың жеке кәсіпкерлікпен айналысатынын әшкерелепті.
Жамаловтың ЦОН-ы бар
Сонымен, Жамалов мырза 2000 жылы Орал қаласында "ЦОН" деп аталатын ЖШС құрған. ЦОН дегені - жылжымайтын мүлікті бағалау орталығы екен. Қалалық ЦОН-ға қатысы жоқ. Айтпақшы, басылымның мәліметінде Жамаловтың бұл ЦОН-ны салық төлемегелі 5 жыл болыпты (Также выяснилось, что последние 5 лет данное ТОО не платит налоги).
Ал мынау ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында жарияланған дерек. Онда Жамалов құрған ЖШС шыныменен салық төлемегені көрсетілген.
Бұдан бөлек депутат Аманжан Макаримұлы Орал қаласында бір ломбардттың қожайыны екен. Бұл "Гаухар" ломбарды салықты уақытылы төлеп тұрады. Кем-кетіксіз жұмыс жүргізіп отырған көрінеді.
Жоғарыда көрсетілген деректер Жамалов мырзаны депутаттық мандаттан айыруға әбден жеткілікті еді. Әуелі кәсіби этиканы сақтамау, марқұмға тіл тигізу қызметтік, қала берді адами этикаға мүлде жат дүниелер еді. Әуелдесеңіз осы заңды қабылдағандардың бірі де осы - Жамалов мырза.
Одан кейін "Депутат және оның статусы" туралы Конституцияның 24,2 бабында көрсетілгендей, Парламент депутаты өзге жұмыстармен шұғылдануына мүлде болмайды.
"Парламент депутаты өзге құзырлы органдардың депутаты болуға, басқа да ақы төленетін қызметтерді атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға т.б. тыйым салынады" деп көрсетілген. Депутаттарға рұқсат етілген қосымшы қызметтерге - оқытушылық, ғылыми және творчестволық қызметтер кіреді.
Тіпті, аталған ережені бұзу - депутаттың мандатынан айыруға әкеліп соқтыратыны да тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Бұған Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев мырза не айтады?
Жалқы сұрағымыз мынау - ҚР Парламентінде тағы қанша кәсіпкер отыр?
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz