Мэлс Елеусізов саясаттың қуыршағы емес...

Кезектен тыс президент сайлауына түсуге ниет білдірген 22 адамның тек төртеуі ғана, 2011 ші жылы 3-ші сәуірде өтетін кезектен тыс сайлауға Қазақстан Президенттігіне үміткер ретінде тіркелді. Олардың бірі - бүгінгі біздің мақаламыздың өзегі болып отырған «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов мырза.

Елімізде Қазақстан Республика­сының Президентін кезектен тыс сайлау науқаны қызу жүріп жатыр. Электорат болашақ Президенттің кім болатынын жақсы болжап отыр. Президенттікке үміткерлердің де пікірлері олардан алшақ емес. Ал «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов сайлауда жеңіске жететініне сенімді ме? Елдегі оппозиция өкілдері оны «сайлауға биліктің әдейі қатыстырған қуыршақ кандидаты» ,- дегенді айтып жүр. Көзбен көрмей, тон пішпе демекші, екінші рет мемлекетіміз үшін қоғамдық маңызды зор ел басқаруға ниет білдірген Мэлс Хамзаұлының шынымен де қандай адам екенін білу мақсатында, және оның ұстанымдарымен танысу үшін, телефон шалып, Мэлс Хамзаұлынан сұхбат беруін сұрадым. Бірден келісімін берді. Желтоқсан көшесінде орналасқан Штаб пәтеріне құстай ұшып жеткеніммен, менен басқа да Алматының теле, радио, баспасөз журналистері қаптап жүр. Үш-төрт бөлмеден тұратын Мэлс мырзаның штабы тым жұпыны көрінді. Жиһаздары да көмескі. Сұлу, кербез хатшылар отыратын қабылдау бөлмесінде ескі жұмыс стөлі мен орындықтардан басқа екі хатшыға арналған бір компьютер орналасыпты. Мінездері жібектей, қазақша мен орысшаны қатар меңгерген қыздар кішіпейілділік танытып, халқының қамын жеп, «қоршаған ортаны ауыр апаттардан сақтайық»,- деп, қарлығаштай шырылдап жүрген «Табиғат» экологиялық одағының басшысының бөлмесіне кіргізді. Мұнда да асып-тасып жатқан ештеңе жоқ. Үлкен жұмыс стөлі, теледидар мен сейф қана бар. Мэлс Хамзаұлының киген киімі де өте қарапайым. Президенттікке үміткермін деп қымбат костюм-шалбар да кимеген. Осы құбылыстарға қарап, оппозиция өкілдерінің “сайлауға биліктің әдейі қатыстырған қуыршақ кандидаты” дегені саяси құйтырқылықпен айтылған қаңқу сөз емес пе екен деген ойымды, Мэлс ағаның дауысы бөліп жіберді. Сұхбат алуға дәл менің кезегім келген тұста НС радиосы тікелей толқынға шақыра қалғаны. Кандидат мырза, уақыттың тығыздығын айтып, маған сұхбатты жеңіл автокөлігінде беретін болып, ВМВ маркалы А 123 ДОО нөмірлі тұлпарына отырғызып алды. Әңгіме барысында терезесі сынып, тозығы жеткен көлікті дос еткеніне 20 жыл болғанын тілге тиек етті. НС радиосында тындаушылардың бірі «Ел басқару үшін күшті саясаткер болу керек. Сіз жай ғана ғалым адамсыз. Президент бола қалсаңыз мемлекеттің іргетасын құлатып алмайсыз ба?» деген сауал қойды. Оған Мэлс мырза: «Сіз қателесіп отырсыз. Мен жақсы саясаткермін. Ол жағынан қам жемесеңіз болады»-, деген жауап қайтарды. Тағы бір сұрақ, Өскемендегі ірі металлургиялық кәсіпорындардан шыққан зиянды химиялық заттардан атмосфералық ауаның ластанып жатқандығы турасында қойылды. Бұл мемлекет болып шешетін үлкен мәселе екенін алға тартқан Мэлс Хамзаұлы, «Қазақстанда осындай қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін, экологиялық қор құру қажет. Қор зиян көрген табиғатты қалпына келтіруге қажетті шараларды қаржыландыратын болады»,- деді. Радио тындаушыларының арасында: «Сіздің елімізді космостық державаға айналдыру туралы ұсынысыңызды қолдаймын» деген тындаушылар да табылды. Жалпы саны 15 шақты сұрақтар қойылып, жауаптар берілді. Тікелей толқын 40 минутқа созылды. Мэлс аға, әупірімдеп жүріп, ақырында маған да алтын уақытын бөлді. - «2005 жылғы Президенттік сайлауда жолыңыз болмай, сай­лаушылардың небәрі 0,28 пайыз дауысын жинадыңыз. Биылғы жылы да сайлауға аз уақыт беріліп отыр. Қарап отырсам, өзіңіз туралы үгіт-насихат жұмыстары да сылбыр жүріп жатқан сияқты. Көшелерге ілінген жарнамаларыңыз да жоқ. Соған қарамастан, Прези­ден­ттікке кан­дидаттығыңызды ұсы­нуы­ңыздың маңыздылығы неде болып отыр», - деп сұрақты төтесінен қойдым. Өзін салмақты ұстай білетін, ұстамы мықты Мэлс Хамзаұлы, сабырлықпен жауап берді.

Қоршаған орта қорғау күтеді.

Ал әкімдер мен сотты халық сайлауы керек!

- Біріншіден - бұл менің Ата заңдағы құқығым. Мен өзім де сайлауға түсе аламын және біреуді сайлауға еркім бар. Халық өз қалаулысын таңдауы керек. Біз көпшіліктің пікірімен таныс емеспіз ғой. Екінші – осы үлкен мүмкіндікті пайдаланып, қоршаған ортаны қорғау, аялау ауадай қажет болып тұрғанын маман ретінде барынша жұртқа түсіндіру маңызды болып тұр. Табиғатты қорғау арқылы жер бетіндегі табиғи апаттардың, экологияның алдын алуға болатындығын халыққа дұрыстап жеткізгім келеді. Әзірге мұны билік те, халық та санасына сіңіре алар емес. Табиғатқа келген зияндық, адамзатына төнген қасірет екенін ұғатын кез келді. Өзіміз өмір сүріп жатқан ортаны қорғауға халықты бірауыздан шақырсам деймін. Себебі, бүгінгі күні әлемде экологияның орын алудағы негізгі факторлар, адамдардың іс-әрекетінен туындауда. Жер бетіндегі тепе-тендік бұзылып, апаттар зәрені ала бастады. Қазір, ғалымдар жер планетасындағы ғаламдық жылыну құбылысына қатты алаңдауда. Гренландия аралында пайда болған сөгінді жарық ұлғайып келеді. Арктика мұздары көлемінің кішіреюі қауіптің басы десек болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамасы бойынша, климаттың ғаламдық өзгеруінен 150 мыңнан астам адам көз жұмған. Жер бетінің барлық жерінде ауа райының күрт жаһандық жылынуына әлемдік экологтар дабыл қағуда. Бұл жағдай біздің елімізді де бей-жай қалдырып отырған жоқ. «Қазгидромет» орталығының мәліметі бойынша соңғы 50 жылда еліміздегі орташа температура 1,5 есеге жоғарылағанын растайды. Бұл топыраққа, өсімдіктерге, жануарлар мен адам денсаулығына кері әсер етуде. Соңғы кезде қан қысымы жоғары адамдар мен жүрегі ауыратындардың саны артумен қатар жеміс-жидектің өсу деңгейі азаюда. Түрлі табиғи апаттар жер шарының әр түрлі жерлерінде орын алуда. АҚШ ес жиғызбай тұрған дауылдардан әбден титықтады десек, Еуропаның үстінен төгіліп жатқан нөсерлер толастар емес. Ресейді ораған ыстықтың кесірінен қаншама адам мен табиғат зиян шекті. Пәкістан мен Қытайды басқан топан су мен селден жан ауыртады. Индонезиядағы жер сілкінісі, Мерапи жанартауының атқылауы, Жапониядағы адам айтқысыз зілзала, цунами қаншама адамның шығынын әкеліп отыр. Кейбір ғалымдар, бұл табиғаттың тылсым күші емес, адамдардың бір-біріне жасап жатқан қиянаты дейді. Табиғатқа деген сана-сезімімізді дер кезінде оңға бұрмасақ, кейін оңбай өкінішке қаламыз. Менің 20 жыл бойы осы салада жүргендегі ұққаным - осы. Бұл қиындықтармен бүкіл ел болып күресуіміз керек. Үшіншіден – өз басым мемлекетте жүргізіліп отырған кейбір саяси жағдайларға келіспеймін. Өзіндік көзқарастарым бар. Билік Ата заңымыз бойынша үш тармаққа бөлінеді. Заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесі десек, біздегі соңғы екі билік те жоғарғы биліктің басы-қасында отыр. Бұл дұрыс емес. Мәселен, менің ұйғарымымда сотты, әкімдерді халық сайлау керек. Сот төңірегінде болып жатқан келеңсіздік көп. Осының салдарынан парақорлық етек алуда. Менің бағдарламамда саясат та, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар да бәрі қамтылған. Халық 20 жылғы еңбегімді жақсы біледі. 50 000 адамның басына қатер төндірген Сорбұлақ көлінің қаупін алдын алуға күш жұмсадым. «Қазатомпромның» дүниежүзілік ядролық қалдықтарды Қазақстанға әкеп көму туралы ұсынысының бетін қайтардым. Ұлқымыздың алтын бесігі Семейде ядролық сынақты тоқтату жөнінде қоғамдық ой қозғағандардың бірімін. Аралдың тағдырын кешкелі отырған Балқаш көлінің аман сақтап қалуымен де күресіп келемін. «Табиғат» экологиялық одағының биылғы жылғы жетістігінің бірі – Азияда ойындары қарсаңында Қазақстанның ең биік тауларының бірі, (7010м) болатын Хан-Тәңірінің шыңына Азияда жалауын тікті. Бұл елім үшін жасаған істерімнің бірі ғана. Осы уақытта өзім үшін ештеңе жасаған жоқпын. Әйтпесе, байлықтың соңына кетіп, бизнеспен айналысып, қалталы азамат болуға да, керемет креслода отырып, мықты қызметкер болуға да мүмкіндігім болды. Бірақ, бәрінен бас тартып, осы жолды таңдадым. Өйткені, жаным да, жүрегім де халқыммен бірге. Бір кездегі тоталитарлық жүйенің салқынынан, орыстандыру саясатының салдарынан ана тілімді жетік білмегендіктен, көптеген сынға ұшырағаным бар. Ал қазір шүкіршілік, мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп қалдым. Еркін сөйлеймін. Әлі де жақсарта түсуге тырысып бағудамын. Осындай үлкен ізденістердің жемісі болса керек, мемлекеттік тілден емтиханды «Қазақстанның болашағы»,- деген тақырыпта жазып, лингвистикалық комиссиядан жақсы өттім.

Қалталылар қашқақтайды...

Төртіншіден – Қазақстан тұрғын­дарын бір ауыздан сайлауға шақырамын. Бұл осы елде өмір сүретін әр адамның азаматтық борышы деп санаймын. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, билік басына отыру үшін, қаншама соғыстар, қантөгістер болды. Қаншама адам осы жолда жан берді. Ал қазір әрқайсымызға үлкен мүмкіндік туғанда неге одан бас тартуымыз керек. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Кім білсін, бәлкім бұл сенің мүмкіндігінің шығар. Халық сені таңдауы ықтимал ғой. Міне, мені алға жетелейтін де осы патриоттық рух. Тек қазірге бір өкініштісі - қаражаттың қолбайлау болып тұрғаны. Болмаса, өзімнің осы жолы жақсы дауыс алатыныма сенімдімін. Халық менің атқарып жүрген істеріммен жақсы таныс. Көптеген қалталы адамдардан қаржылай қолдау көрсетуін сұраған едім, бәрі бекер болды. Көмектескілері келгендерімен, сынға ілігіп қаламыз ба деп қашқақтайды. Маған: «Біз саясатқа қатыспаймыз», деп шығарып салады. «Азат» партиясының жігіттеріне де барған едім, олар да көмектесуден бас тартты. Ақшаға келгенде қалталылардың қолы тарылып қалады. Себебі, әркім өз басын ойлаған заман ғой. Осындай қиындықтардың салдарынан үгіт-насихат жұмыстарыма дұрыс мән бере алмай отырған жайым бар. Үкіметтің берген ақшасын мемлекеттік телеарналарға шығуға жақсы пайдаланып жүрмін.

 

Мені қолдайтындар қалтасы жұқа қарапайым халық...

Менің қолдаушыларым қалтасы жұқа қарапайым халық. Күнде­лікті бала-шағасын асырауға әрең напақа тауып жүргендер. Маған үлкен сеніммен қарайды. Елімізде қарапайым халықтың әлеу­­меттік тұрмыс-тіршілігі өте төмен. Одаққа күнделікті көмек сұрап келетін адамдар тым көп. Оларға материалдық көмек көрсете алмасам да, қолдан келгенше қол ұшын беруге тырысамын. Өзім заңгер болғандықтан, заң тұрғысында ақыл-кеңесімді беремін. Мемлекеттік шен-шекпенділерге ха­барласып, көмектесулерін сұрай­мын. Ал, «Табиғат» экология­лық одағын табыс көзі көптеген жобалар жа­саумен қатар, тендерлерге қатысты болғандықтан, қаржылай көмек көрсетуге еш жағдай жоқ. Ақыл-парасатымызбен адал жұ­мыс атқарамыз. Дүниежүзілік тәжі­рибеге сүйенсек, мемле­кеттің тек бай мен кедей деген екі таптан ғана тұруы қауіпті. Бай мен кедей арасындағы қайшылықтардың шиеленісуін болдырмай және алдын алу үшін орта тап өкілдері басым болуы қажет. Бұрын Кеңестік жүйеде бай мен кедей арасындағы алшақтық 7-10 есе болатын. Ал қазір арадағы алшақтық көбейіп кетті. Әлеуметтік мемлекетте – 50-60 пайыз орта тап өкілдері болуы керек, байлар- 15 пайыз, қалғандары кедейлер. Біріккен Ұлттар Ұйымының келтірген дерек­теріне сүйенсек, Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы кедейшілік шегінде өмір сүреді. Оның ішінде ауыл халқының 70-80 пайызы кедей. Бұл елдігіміз үшін ауыр көрсеткіш. Ал әлеуметтік мемлекет үшін, кедейлердің үлес салмағы 12-15 пайыздан аспауы керек Ең өкініштісі, елімізде кедей болып тұрғанның көбі өзіміздің қазақтар. Мұның бәрі, ауылшаруашылығы құрдымға кетуінің салдарынан туындап отырғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Осы кемшілігімізді ескеріп, болашақта ауыл шаруашылығына үлкен мән беріп, қайта қалпына келтіруіміз шарт. Араб мемлекетінде болып жатқан революция ертең біздің елімізде орын алмауына кім кепіл... Айналдырған 20 жылдың ішінде мемлекетімізде қалтасы қалың олигархтар қалыптасып үлгерді. Олигархтар байығанан байып, орта тап өкілдері кедейленіп, қайыршылыққа ұшырады. Араб­тарда да қарпайым халықтар жалаң аяқ, жалаң бас жүр. 40-50 жыл ел басқарғандар әлемдік байлардың алдынғы қатарында келеді. Міне, осының салдарынан ел қабырғасын қайыстырар қайғылы оқиғалар орын алуда. Бізге де ойланатын кез жетті. Қазақта «Жолбарыстың үстіне шығып алсаң түсем деп ойлама?»,- деген жақсы сөз бар. Мен де өз ұлтым үшін аяғына дейін күресуге дайынмын. Ия, біз де елдің саулығы мен жердің саулығы үшін күресіп жүрген қарапайым халық өкілінің халық қамын ойлайтынына сеніп, халық та үміткерлер арасындағы өз өкіліне дауыс береді деп сенеміз.

Алма Серікқали