Қазақстанның Сыртқы істер министрі қазақша сөйлей алатын адам болды...
2016 ж. 28 желтоқсан
3413
3
Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып тағайындалды деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі қызметінен босатылсын", - делінген баспасөз хабарламасында.
Ал Ерлан Ыдырысов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Сыртқы істер министрі қызметінен босатылды.
Сонымен, мемлекеттік тілді білмей, парламент алдында: «Менің миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін үйрене алмаймын» деп, ресми мәлімдеген министр және Сыртқы істер министрлігін екі рет басқарған Ерлан Ыдырысовтың дәуірі бітті деуге болатын шығар... ( «Мемлекеттік тілге миы жетпейтіндер қалай министр болады?!. http://www.qazaquni.kz/2011/06/11/7602.html )
"Қазақ үні"бастаған қазақ басылымдарының негізгі кейіпкері болып, сыннан көз ашпай келген министрдің қайда барғаны әлі белгісіз.
Жаңа министрдің алдында, әсіресе, мемлекеттік мүдде - ұлттық мүдде тұрғысынан істелер іс жетерлік болса керек. Өткенде ғана бізге жеткен мәліметтер бойынша министрліктің мемлекеттік тіл мәселелерімен айналысатын жауапты қызметкерге қойылатын конкурс талаптарына "қазақ тілін білмесе де болады" дегендей, "по возможности" ғана керек ететін "талапты" көріп таңғалғанбыз... Содан-ақ біле беруге болады бұл жерде мемлекеттік тілдің иісі де жоғын...
Әйтпесе, мемлекеттік тілді білмейтін адам мемлекеттің министрлігін 10 жылдай уақыт басқара ала ма басқа елде... Оның үстіне 10 жылдай елші болды, сонда 20 жыл бойы шетелдерде де, өз елімізде де Қазақ деген мемлекеттің мемлекеттік тілінде - өзінің ана тілінде бір ауыз сөз айтпай-ақ кетті ғой сабазың...
1997 жылдан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, 1999 жылы Сырқы істер министрі болған Ерлан Идрисов 2002 жылы Ұлыбританияға елші болып кеткенде "Ерлан Ыдырысов еркін сөйлейтін тіліндегі елге кетті" деп те жазып едік... 2012 жылы қайтадан министр болып сап ете қалды... Енді үшінші рет келмейтін шығар, өзі айтқандай мемлекеттік тілді білу үшін миын ауыстырып келмесе...
Қазақша еркін сөйлей алатын Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов алдында тұрған таудай міндеттерді атқарып кетеді, сыртқы салада ұпайымызды түгелдей алады деп сенеміз.
qazaquni.kz