Жаһандану заманындағы дінсіздену хикаясы

Біз күнделікті өмірде жалған діни ұйымдар жайлы бір жақты ғана пікірлерді естіп жүрміз. Айталық, теледидар, баспасөз беттеріндегі ылғи бір сарындағы «секталар сөйтеді екен, бүйтеді екен, олар адамдарды қорқытып ұстайды екен, ақша бергесін алданып, сонда жүреді-мыс» деген секілді жалпы сөздерден халық жалықты, шындығында халықты оятудың орнына, мезі етті. Білікті деген тілшілеріміздің өзі бұл салаға тісін батыра бермейді, са­лыстырмалы-сараптамалық дү­ние­лер айтыла бермейді. Сектанттар десе біз өзіміздің ата жауымызды көргендей шошимыз, неге? Өйткені, олар туралы қорқынышты әңгімелер санаға сіңіп қалған. Бірақ одан сектаға тартылу азайды ма, әрине жоқ! Олар несімен қауіпті қоғамға?

zakon Өз міндетімізді тереңнен ұғу үшін және жастарға айтар әңгімеміз шынайы, өтімді болсын деп жұмыс барысымен теріс діни ұйымдардың жиналыстарына үнемі бас сұғып, ондағы адамдарды барынша әңгімеге тартамыз. Солардың бірі, қоғамда дәстүрлі емес діни ұйым деп танылған «Жаңа өмірдің» кезекті жиналысында болған әңгіме. Әдеттегідей емес, бойымыздағы қорқыныш сейіліп, ниет білдіргендермен ұзақ отырып ой бөлістік. Нені ұғып, неге көз жеткізді дейсіз ғой... Гулбарам есімді зейнет жасына таяған ана үш қызымен 16 жылын осында сарп етіпті. Мұнда келгенін былайша түсіндіреді: «Кезінде мен атам қазақтың діні исламды қабылдап, намаз да оқыдым, ораза да тұттым. Бірақ ол жүрегіме жайлы, жаныма тыныштық сыйлай алмады, қиындықтан құтқаруға да себі болмады. Сондықтан мен Исаның жолын таңдадым, осында келіп ауруымнан айықтым, аяғымнан жүрдім. Тура жол мен шындық тек Інжілде! Ал, құран шынайы өмірді сипаттап бере алмайды, исламда қалай десек те ақиқат жоқ! Егер болса, намазымды осы құлшынысқа айырбастамас едім ғой...», -дейді. Бірақ, әліптің артын бақсам, айтып отырған сөздері нағыз айдапсалушылық. Бар ниеті мұсылманшылдыққа күйе жағып, оны құбыжық, бейшара, болымсыз етіп көрсету. Қазақ ұлтына, еліне деген дәннің түйі­ріндей де жанашырлық, ілтипат жоқ! Көсемсіп, ұлты мен дініне күйе жағып, Аллаға шәк келтіріп, Исаға құл болдым дейді, Исаны да бір күні осылай жер қылмасына кім кепіл? Ал, Жеміс апа негізі Ақжайық ауданының тумысы, жаңа өмірлік атанғанына 14 жыл. Он немеренің асыл әжесі. «Әзірге отбасымда құдай жолындағы жалғыз адам өзіммін, оны ешкімнен жасырмаймында, ешкім ешқашан қарсылық танытқан да емес. Керісінше ұл-қыздарым қиналып кетсе, маған келіп дұға оқуларын өтінеді. Осы жолда жүргеніме мүлде өкінбеймін. Әрине, қазақ бола тұрып Исаны қабылдау маған оңайға соқпады білем, қиналдым, үш ай ойландым. Басымнан түрлі жағдайлар өтті. Исадан бұйрық келген күні осылай деп шештім сосын. - Қызым-ау, неге осыншама жаман көзіңмен, жиіркенішті түрмен қарайсың, әлде аяп отырсың ба? Құдай жарылқасын сені, дінсіз болма, құдайды сүйіп үйрен», - деп тура сілтей салды. Құдайды құлай сүйгенімен, жат діннің жетегінде адасқанын сезбегеннің басым көбі өз қазағым. Райгүл апамен кездесуімнің тарихы мүлде бөлек. Жазда демалысқа Алматыға барғам. Осы жолы қасымдағы жолаушы апайдың мінезі маған біртүрлі оғаш көрінді, жатса да, тұрса да «Иса бізді құтқарад, Иса бізді аман алып қалатын, күнәңнан кешіретін жалғыз құдай» деп қақылдап айта беретіні маған ұнамаған-ды. Анық көзім жетпегесін, «бұл әйел қай дінді қабылдап, үгіттеп жүр екен» деген сұмдық ойда болдым. Іздегенім көктен емес, жерден табылды деген осы екен-ау! Сол апаны енді осыннан таптым. Алғашқыда ұрлығым ашылған адамдай біраз сасқалақтап, қобалжыдым да. Райгүл апай өзі танып, қасыма келгеннен кейін ғана жүрегім орнығып, бір демалдым. Апайдың жаңа өмірлік атанғанына да 12 жыл, ал ержеткен екі ұлы, бір қызы Алматыдағы жаңа өмірліктердің қатарында көрінеді. «Мені бұған қызым әкелді, қызымды жақын жеңгесі әкелді, сөйтіп бәріміз қазір осындамыз. Өзім қаланын шетіндегі ауылда тұрам, жаз бойы үйлерге жиналатын едік, осы күні білмеймін неге, ешкім келмейтін болды. Біз, қалған қазақтар да Исаны тапса екен деп дұға қыламыз, олар біз үшін өте маңызды...»,- дейді. Түсініп көр, нені меңзеп отыр, бір жасырғаны бар? Айтпақшы, олардың соқыр сенімі бойынша үй-үйді аралап, Иса туралы уағыз айтса, соғұрлым күнәларынан айрылады екен. Сақ болыңыз, сіздің де табалдырығыңыздан аттап жүрмесін! Бұлтсыз бейбіт күнде қазақтың төл дінінен безінетіндей бастарына не күн туды? Саралап қарасақ, көңілде­рінде айтқысы келген басқа күпті гәп бар, бірақ оларын сездіргісі келмейді. Өздері туралы қоғамның «сектантсындар» деп айтатынын жақсы біледі, алайда жаңылыс басып жүрміз деп ешқашан ойламайды да, дұрысы ойлай алмайды. «Ол құдайсыздардың әрекеттері, мейлі не десе де, біз үйренгенбіз. Арақ ішпейміз, шылым шекпейміз, сондықтан біз тура жолда жүрміз. Ұнамаса, осы сұрақты көшедегі құдайсыздарға, алқаштарға қойыңдар!»,-деген әрқайсысының сөздері бір жерден жаттанды шығады. Себебі, солай үйретіп қойған. Дұрысы мен бұрысы, ақиқаты қайда сонда? Ия, ешкімге бұл сөзі үшін кінә да таға алмайсың! Мүмкін, өздерін кінәлі сезінетін шығар деп күтесің, тіптен олай емес. Неге келдіңдер деп сұрар деп ойлайсың, жоқ! Сол жүргенде олардың не баспанасы, не ақшалары, тіпті лайықты отбасылары да жоқ. Болған кезінде, бірақ Құдайдың алғысына бөленеміз деп, «біреулердің тірі жемтігіне» айналып отыр. Олардың ендігі көздегені – қалған жастарымызды қақпансыз құрыққа түсіру, солай етсең жұмақтың төрі күтіп тұр деп сендіреді. Олардың көзқарасы бойынша мұсылмандар ең мүсәпір, сатқын, өтірікші, халықтың ең төменгі сатысы болып саналады. Мұсылман десе түкіріп қарайды, өйткені олармен сөйлесудің өзін ар санайды. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, қауымға алғаш келген мүшелерін сынақтан өткізеді, әсіресе жас буынды. Ол сынақ – адамды азаптау, яғни қол-аяғын байлап, аузы мұрнын бітеп, көздерін байлап оларды ұрады, соғады, жалаңаш денесіне салқын су шашады, қорлайды және т.б. Егер, осы азапқа шыдаса ғана ол жаңа өмірлік бола алады, көндіге алмаса ең жаман мұсылман қатарында қала береді. Неге бұлай? Бұл жерден шетелдіктердің шіріген ойының иісі мүңкіп тұр. Дінді пайдаланып, ауызбіршілікке іріткі салу, ұлт пен ұлтты өзара араздастыру, сайып келгенде қазақ жастарының санасын улау арқылы мылтықсыз майдан бастап ішкі тұтастықты бұзу. Біз, бұлардың арам ойын сезерміз, ал қалған жастар қалай ажыратады, қиыны сол! «Дін деген – апиын, һәм залал бізге, һәм бөтен», бұдан қандай қорытынды шығаруға, не түюге болады? Қиын, әрине! Салмақтап қарасақ, ұлтты өз діні мен ділінен айырып, тура жолға салам деудің өзі ешбір дәстүрлі дінде жоқ екенін тарихтың салиқалы көші талай мәрте дәлелдеп берді. Тәуелсіздік дінге бостандық берді, бірақ, сан-саққа бөлінсін деп бермеді Олай болса, ұлттың амандығы мен ұрпақтың болашағын әмәнда биікке қояйык! Шындықтың түбі ашылары анық. Бірақ, сол кезде бармағымызды тістеп, Абайша айтқанда, қолымызды кеш сермеп, өкініп жүрмесек болғаны. Дінсіздену хикаясы осымен бітсін дейік, бұл - қасіреттің соңы болып, келесі ұрпақ зардабын шекпесін деп тіледік!

 

Ләззат ШАҒАТАЙ «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек оралығы төрайымы Орал қаласы