20 жылда ұтқанымыз көп...

Изимгали-1-

Халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Батыс аймақтық филиалының директоры, «Ақжол» демо­кра­тиялық партиясының Ақтөбе облысындағы филиалы­ның төрағасы Ізімғали Көбенов осылай дейді. Ізімғали Әбдірах­манұлымен ел тәуелсіздік ал­ғаннан күні бүгінге дейін қоғамымызда жүзеге асуға өзі себепкер болған іс-шаралар жайында, еліміз қол жеткізген жетістіктер және өзге де қоғам өміріне қатысты тақырыптар жөнінде ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай әңгімелескен едік.

– Еліміз тәуелсіздік алғанына 20 жыл толды. Осы уақыт ішінде біздің ұлт ретінде ұтқанымыз не? – Тәуелсіздік алғалы бергі 20 жыл ішінде біздің ұтқанымыз көп. Ел тәуелсіздігі дегенде алдымен менің есіме «Кеңқияқ оқиғасы» түседі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін іле-шала, 1992 жылы 14 қаңтар күні Темір ауданының Кеңқияқ ауылында мұнайшылар толқуы бұрқ ете қалды. Олардың жоғарғы басшылыққа қойған ең бірінші талабы кадр мәселесі болды. Себебі, Кеңес Одағы кезінде жұмысшылар Бакуден, Мәскеуден, Саратовтан әкелінетін. Бұл оқиғаға қатысқандар сонымен бірге қазақ тілінде хабарлар тарататын телеарналардың көрсетілуін және ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз етуді талап етті. Мен ол кезде кеңқияқ кентінде учаскелік аурухананың бас дәрігері және Ақтөбе облыстық халық депутаттары кеңесінің депутаты болдым. Ауыл адамдары үшін ең бастысы талаптарының орындалуы еді. Осыған күш салуға тырысып бақтық. Олар талаптарын орындау үшін жоғарғы басшылыққа 1 ай уақыт берді. Бір ай, үш күннен соң, яғни 17 ақпан күні Кеңқияққа газ тартылып, халық Жаңажолда 70 жыл бойы тектен-текке жанып тұрған газдың игілігін көрді. Бір аптаға созылған сол оқиғада көпшілікті Кеңқияқта тұратын он келіншек бастап шыққан болатын. Қыстың үскірік аязында құндақтағы балаларын құшақтап шыққан олар жеті жарым мың адамның алдында жүрді. Көрсеткен қайсарлықтары адам таңғаларлық еді. Кейін сол он келіншекке арнап, байғаниндік Серікбай Қайдасов деген азамат өлең жазды. Он келіншек құндақтаған баланы, Дүр сілкінттің іштен тынған даланы. Қалтырады халық қақын жегендер, Жылпостар ме алаяғы, арамы, – деген шумақтарынан тұра­тын өлеңі менде әлі күнге сақтаулы тұр. Кеңқияқта халықтың сөзін сөйлегендердің қатарында қазіргі облыс әкімі Елеусін Сағын­дықов та болды. Ол кезде Елеусін Наурыз­байұлы облыстық халыққа білім беру басқармасының бастығы болып қызмет істеді. Жалпы, еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейін қол жеткізген жетістіктері көп. Ерлігі ел есінде қалып, ұлықталуға тиіс Әлия мен Мәншүктей батыр қыздарымызға ескерткіш орнату мәселесі жүзеге асты. Мысалы, Кеңес одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде Министрлер Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткіші қойылды. 1994 жылы бірінші кәсіптік Парламентке кәсіптік депутат болдым. 1995 жылы маған Қобда ауданындағы «Әлия Молдағұлова ауылының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл да мақтаныш. Елдің, халықтың құрметі шығар. Ел игілігі үшін жүзеге асқан іс-шаралар көп. Солардың маңыздысы ретінде еліміз ас­танасының сарыарқаға көшірі­луін айтуға болды. Себебі, мем­лекетіміздің астанасы Са­рыар­қа­да орналасуы халқымыз үшін тиімді болатын. Егер тәуелсіздік алмағаны­мызда ел үшін, мемлекет үшін өте маңызды істер жүзеге аспайтын ба еді, кім білсін. Еліміз бүгінгі күнге үлкен жетістіктермен жетіп отыр. Оған кешегі өткен Еуразиялық Қауымдастыққа Ын­тымақтастық Ұйымының жиы­ны да куә болады. Биылғы жылы Ислам конференциясын өткізу жоспарланып отыр. Иісі мұсылман елдері біз­дің жерімізде бас қосып, ел бо­лашағы, кедейшілік жайлы сөз болмақ. Соған ұйытқы болу елі­міз үшін үлкен мәртебе екені даусыз. – Семей полигоны еліміз тәуел­сіздік алған жылы жабылды ғой? – Ия, халықтың мұң-зары еленіп, 1991 жылы 29 тамызда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен Семейдегі атом полигонын жапты. Халық мұны ерекше қуанышпен қабылдады. Тіпті, сол кезде қасіреттен құтылғанына қуанып, жылағандарды көрдім. Полигон халыққа тек қасірет қана сыйлады. Соның салдарынан көпте­ген ұрпақ мүгедек болып туды. Ядролық сынақтан Семей, Ақтөбе, Атырау өңірінің тұрғындары қатты зардап шекті. Еліміз бойынша батыс өңірі полигон зардабын тартқан аймақтар болып есептеледі. Полигон жөнінде көп зерттеулер жүргіздім. Бүкіл дүниежүзілік ядроға қарсы қозғалыс конгресіне делегат болдым. 1994 жылы 9 желтоқсанында Данияның астанасы Копенгагенде өткен Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сессия мәжілісінде «Арал апатты аймағының проблемалары» жайлы баяндама жасадым. «Қалдайбек қасіреті» және «Тағдыр-Ақиқат» атты фильмдер түсіруді ұйымдастырдым. Неге десеңіз, полигонның зардабы -таусылмайтын әңгіме, зерттесең, түбіне үңілсең, адам мұңы қылтиып шыға береді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен, 29 тамыз-Бүкіл дүниежүзілік атомдық қарудан бас тарту күні болып белгіленді. Елбасымыздың бұл идеясын Біріккен Ұлттар ұйымы мақұлдап, бекітті. Биылғы жылы 29 тамызда Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толуы аталып өтіледі. Ядролық сынақ алаңының жабылуын елімізге тәуелсіздік әперген сый деп айтуға болады. – Тәуелсіздігіміздің 20 жылында Сіздің ойыңызша, ұлттық санамыз бен салт-дәстүріміз қандай деңгейге көтерілді? – Тәуелсіздікке қолымыз жеткен соң, ұлттық мерекеміз – Наурызбен қауыштық. Қазақы ұғымы бойынша жыл басы саналатын Наурызды жыл сайын атап өтіп жүрміз. Өзінің ұлттық мейрамында Самарқанның көк тасы ериді деп санайтын халық бүгінде осыған шүкір дейді. Сондай-ақ тәуелсіздікпен бірге халқымыздың салт-дәстүр жоралғылары жанданды. Мысалы, мен баланы сүндетке отырғызудың медициналық жа­ғынан да, тазалық жағынан да адамға ешқандай зияны жоқтығы жайлы ғылыми зерттеу жасап, мақалалар жаздым. Сүндеттеудің пайдасы жайлы ғылыми тұрғыдан хирург ретінде жазған мақалам кезінде «Лениншіл жас» газетіне шықты. Сонымен бірге, ұлтымыздың қыз ұзату, келін түсіру, құда түсу сияқты салттары да бүгінде қайта жанданып, тұрмысымызға дендеп енуде. – Сіз «Ақжол» демокра­тиялық партиясы облыстық филиалының төрағасысыз. Сіздіңше, біздің қоғамға оппозициялық пікір қажет пе? Бәлкім, оппозицияның керегі жоқ шығар? – 1992 жылы болған «Кең­қияқ оқиғасынан» кейін мен дәрігер ретінде конструктивті оппозициясының қоғамға қажет екенін түсіндім. Оппозиция керек. Оппозиция бар қоғамда бәсеке болады. Бәсеке болған соң, саяси көзқарас тепе-теңдігін сақтап, қоғамды әлеуметтік-экономикалық жағы­нан жан-жақты дамытуға мүмкіндік туады. Бірақ оппозиция есті дұрыс сөз, ұсыныс айта білетін болуы керек деп ойлаймын. «Ақжол» демократиялық партиясы қоғам қажетіне жарайтын идеялары өмірге әкелді. Айталық, әкімдердің ел алдында есеп беруін енгізуді «ақжолдықтар» ұсынды. Қазірде облыс, аудан, ауыл әкімдері тоқсан сайын, жыл сайын халық алдына шығып, атқарған істері жайында есеп беріп жүр. Мұның билік басындағы әкімге де, халыққа да берері көп. Халқының қамын ойлаған, белгілі бір істерді жүзеге асырған әкімде ел өзі таниды, құрметтейді. «Е-е, мынау өзі дұрыс әкім екен» деп бағасын беріп жатады. Осындай халық игілігі үшін жүзеге асатын ойлар мен пікірлер айтылғаны жөн. – Сіздіңше, біздің еліміз тәуелсіздіктің 20 жылдығына руханият дамуының қанша­лық­ты деңгейіне көтеріле алды? – Халқымыз тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің өткеніне үңіліп, тарихын түгендеуге кірісті. Ата-баба рухын іздеп, тірілтуге тырысты. Әлі де солай. Біздің тарихымыз зерттеліп, қайта жазылуға тиіс. Халық өткенін түгендеу жолында қолына найза ұстап, елін, жерін жаудан қорғаған батырларын ұлықтауға көбірек мән беруде. Бөкенбай батыр-сондай бірегей тұлғалардың бірі. Бөкенбай батырды ұлықтау жөнінде қаламызда бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы, жергілікті билік те тарихи құндылықтарымызды бағалауға барынша көңіл бөліп отыр. Айталық, облыс әкімі Елеусін Сағындықов өткен 2010 жылы Бөкенбай батырдың ерлігін насихаттау, ұлықтау мақсатында көптеген іс-шаралардың жүзеге асуына үлес қосты. Жақында қала сыртындағы әуежай маңынан көлемі 2500 шаршы метр жер бөлініп, онда Бөкенбай батырдың ескерткішін орнату жайында қала әкімі Архимед Мұхамбетовтың шешімі шықты. Сондай-ақ қаладағы бір көше Бөкенбай батыр басшыларымыздың құлықты болып отырғанын білдіреді. -Тәуелсіз ел атанып, етек жапқалы ұтылғанымыз бар ма? Сізді елінің азаматы ретінде не толғандырады? -Ұтылғанымыздан ұтқаны­мыз көп дедім ғой, соңғысының салмағы басымырақ. Алайда көңілге кірбің ұялат­қан мәселелер де бар. Мысалы, біздің облыста онкологияық аурухана жоқ. Бұл жөнінде көптен бері айтып келемін. Соңғы жылдары елімізде онкологиялық дертке шалдыққандар көбейіп барады. Ал, оларды күн сайын тексеруден өткізіп отыру керек. Бұл –бір десек, екіншіден, қала тұрғындарына қалалық кли­ни­калық аурухана қажет. Қалада бүгінде 400 мың халық бар, олар ауырып-сырқаса, қайда барады? Әрине, «Доверие», «Қуаныш» және т. б. Жеке кликиналык ем­ханаларға баруға мәжбүр. Жеке болған соң, әрқайсысының бағасы әртүрлі. Ал, оны кез келген қала тұрғынының қалтасы көтере бермейді. - Енді 20 жылдан соң қоғам қалай өзгеруі мүмкін? Ел болашағы қалай елестетесіз? - Ел болашағына үмітпен қа­раймын. Ең бастысы, сыбайлас жемқорлықты жою керек. Саяси тұрғыдан қарасам, елде көппартиялық болуы мүмкін. Бұл қоғамдық дамуға, бәсекеге, ашықтыққа жол ашады. Еліміздің ертеңіне сеніммен қарасақ, елде ауызбіршілік болып, көптеген биліктерді бағындыратынымыз сөзсіз. Қазір елімізде сауатты жастар көп. Әлихан Бәйменов, елге жанашыр Мұхтар Шаханов сияқты азаматтардың пікірлері өтімдірек болады. Ал, Ақтөбеміз жайлы айтарым, бүгінде қала едәуір қазақшаланып қалды. Жылдан-жылға көркейіп өсіп келеді. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болатынына сенемін.

 

Әңгімелескен Жанар НҰРҒАЛИ