Елбасының стратегиялық бағытын бағдар еткен Тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік болғай - Перуашев
2016 ж. 24 қараша
2095
4
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысындағы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осылай деді.
Осыдан 100 жыл бұрын қазақ халқының азаттығы үшін күрескен Алаш арыстарының айтқанындай "мемлекеттігі жоқ халық - жетім халық". Еліміздің сан ғасырлар бойғы үмітін, қолжетпестей сағымды арманын – тек 25 жыл бұрын ғана Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастауымен қазақ халқы шынайы өмірге айналдырды. Мемлекет басшысы Ата заңымыз бойынша да, күнделікті тіршілікте де, - мемлекет тұрақтылығының кепілі, азаматтық пен қоғамдық мүдделердің тірегі болып табылады. Тәуелсіздіктің таңынан бастап Елбасының бастамалары Қазақстанды өркениетке және «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт өмірге жетеледі. Бұл кезең босқа өткен жоқ – біздің ұлт Елбасымыздың басшылығымен бүкіл дүние қадірлейтін саяси, әлеуметтік және экономикалық таңдауын жасады. Ширек ғасыр ішінде жаңа ел қалыптасып, жаңа қоғам құрылды. Құрметті әріптестер. Бүгінгі Тәуелсіздіктің 25-жылдығы – «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасында көрсетілген ұзақ мерзімді ұлттық мүдделер тұрғысынан Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту және дамыту жолындағы халқымыз бен Президентіміздің қажымас еңбегінің заңды нәтижесі. Бүгіннен бастап, біз мемлекеттік дамудың жаңа дәуіріне аяқ басып отырмыз. Ал әрбір жаңа дәуір -жаңа мүмкіндіктер ғана емес, сонымен қатар алдымызға жаңа сынақтар қойып отыр. Сондықтан біздің көзіміз ашық, санамыз ояу болуға тиіс. "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан" - деп, ұлы Абай атамыз айтқантұғын. Өзінің орнын таппағандықтан, болашаққа деген үмітсіздіктен берекесіздік пен мазасыздықтар туады. Тек дамыған, бәсекеге қабілетті, өндірісті экономикасы мен әл-ауқатты, білімді және енбекқор халқы бар, күшті мемлекет қана шынайы тәуелсіз бола алады. Елбасымыз бізге, Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігі - ең басты байлығымыз екенін үнемі айтып жүр. Тәуелсіздік – еліміздің басты құндылығы, оны ешбір әлеуметтік немесе материалдық игілікпен салыстыруға болмайды, ал оны сақтап қалу үшін кез-келген сынақтарға төзіп, тіпті керек болса, құрбандыққа да баруға тиіспіз. Біздің ұлы батыр бабаларымыз - Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Науырызбай, Тама Есет батыр және басқа да олардын белгілі де беймәлім мыңдаған ізбасарлары ғасырлар бойы қара бастың қамы үшін емес, еліміз бен жеріміздің азаттығы үшін қасық қандары қалғанша күрескен емес пе?! Құрметті әріптестер! Біз жүріп өткен ширек ғасыр өткенімізге қарасақ, көңілімізді толқытып, жүрек сезімін қозғайды. Біз барлығымыз – бүгінгі заманауи қазақ мемлекетінің құруылуының куәсі, тікелей қатысушысы және атсалушылары екендігімізді мақтан тұтамыз. Бізге еліміздің және Елбасының ерекше жауапкершілігі мен айрықша сенімі артылып отыр. Бұл сенімді ақтаусыз қалдыруға хақымыз жоқ. Дегенмен, бізге, Көшбасшымызбен бірге алынбайтын қамал жоқ және де Тәуелсіз Қазақстанның тарихы бұған дәлел. «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан барша отандастарымызды мемлекетіміздің алдағы ұлы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясы төрағасы qazaquni.kz