ТРАМП және ТРИУМФ: Біз қазір жолайрықта тұрмыз. Хиллари маған емес - өзгеріске қарсы

111 Дональд Трамп – АҚШ президенті. Көп жұрт бұл жеңісті күтпеген жеңіс болды дейді. Шын мәнінде солай ма? Рас, әлеуметтік сауалнамаларда, негізінен, Хиллари Клинтон басымдыққа ие болып келді. Бірақ, еш уақытта бұл басымдық айқын басымдыққа жеткен емес. Айырмашылық 11-15 пайыз деңгейінде болып, сайлауға жақындаған сайын Трамп оны қысқарта берді. Ал, сайлау күні, «марафонның соңғы метрлерінде» суырылып алға шықты. Трампты жеңіске жеткізген қандай күш? Енді осыған талдау жасап көрейік. Менің өзім «Д.Трамп – Американың ертеңі», «Х.Клинтон – өткені» деп бағалаған едім. Яғни, осыны түсінсе америкалықтар миллиардерге дауыс береді деп болжадым. Неге? Себебі, Трамп бұрын өзгелер жүрмеген жолмен жүрді – сайлауға тек қана өзінің ақшасын жұмсады. Одан да бұрын – ең маңыздысы да осы – ол АҚШ-тың даму бағытындағы қате тұстарды ашық көрсетті. Трамп 2016 жылғы 22-қазандағы өзінің бағдарламалық сөзінің «бисмилласын» «өзгеріс керек» деп бастады. «Өзгеріс сынық жүйенің ішінен шығуы мүмкін емес – ал, біздікі сынық жүйе. Вашингтон мен вашингтондық истеблишменттің біздің сайлауалды компаниямызды тоқтатуға сонша тырысуы бұл ісіміздің өмірде бір-ақ рет болатын өзгеріс нышаны екенін дәлелдеп отыр. Бұл жүйе жұмысқа абсолютті жарамсыз және ол алаяқтыққа негізделген. Сайлаулардағы бұрмалаушылықтан бастасақ. Pew мәлімдегендей, елімізде 1,8 миллион өлі жан тіркеліпті! Америка азаматтығы алмаған адамдардың 14% сайлаушы ретінде тіркегені. Бұл алаяқтықтың мән-мағынасы – сыбайлас жемқор­лыққа салынған истеблишмент және онымен байланысқан бизнестің өз мүддесі үшін би­лікті сақтап қалуы. Бүкіл америкалықтардың мүддесіне зиян келтіре отырып. Ал, менің мүддем сіздермен байланысқан. Шыным, мен бұл іске, ауыр іске араласқым келмеп еді. Бірақ, осылай істеуге тиіс болдым. Өйткені, мен өз елімді сүйемін. Хиллари Клинтон маған қарсы емес — ол өзгеріске қарсы, халыққа қарсы. Біз кәзір жолайрықта тұрмыз. Қай жолды таңдаймыз – қателіктерді қайталаймыз ба, жоқ әлде біздің тамаша елімізді ұлы болашақ күтіп тұрғанына сенім артамыз ба? Мен біздің болашағымыздың ұлы болатынына сенімдімін. Менің экономикалық жоспарыма сай 10 жылда ең кемі 25 миллион жұмыс орнын ашамыз. Кәзір жұмыс, зауыт, ақша, бәрі басқа елдерге кетіп жатыр, бізге бұйырып жатқаны есірткі мен жұмыссыздық. Бізде әрбір 5-ші үйде ешкім жұмыс істемейді, 45 миллион адам азық-түлік талонын алады, 47 миллион адам кедейшілік күйде, тұрмысы төмен қалалықтар мен афроамерикалықтардың, латынамерикалықтардың үмітін ақтамадық. Бұны өзгерту керек – ол өзгереді!» Америкада «рейганомика» басталғалы бері істің дәл сол жолға ашық бет бұрғаны рас-тұғын. Бизнесмендер өндіріс ошақтарын Мекскикаға, Қытайға, Индонезия, т.б. жұмыс қолы арзан мемлекеттерге жаппай аударды. Осыдан тұрғыдан алғанда мәселенің мән-жайын экономиканың көптеген саласының ішінде америкалықтардың мақтанышы болып табылатын автомобиль саласының хал-жағдайы өте-мөте дәл сипаттап береді. Бұрын «Нью-Йорк — әлемдік қаржы астанасы, Детройт – автомобиль астанасы» болып келсе, Нью-Йорк өз мәртебесін сақтап қалды-дағы, Детройт банкрот қаланың біріне айналды. Сенсеңіз де — осы, сенбесеңіз де осы! Қалада 2 млн.тұрғынның 700 мыңдайы ғана қалды. «Паккард» секілді атақты зауыттардың қаңырап қалған ғимаратттары мен күйреген «ұйықтайтын» аудандар кәзір Голливуд қорқынышты кино түсіретін алаңдарға айналған. «Бақыт дегеніміз не?» деген сұраққа Назым Хикмет есімді түрік жазушысы: «Таңертең жұмысқа асықсаң, кешке үйіңе асықсаң – сол бақыт» деген екен. Ендеше, жәрдемақыға өмір бойы өмір сүруге болатын болса да, таңертең жұмысқа кетіп, кешке қарай өзінің «адамдық парызымды өтедім» ғой деп, көңілі тоғайып қайтатын қарапайым халық өкілі «жұмыс тауып беремін!» деп отырған адамға дауыс бермегенде кімге дауыс береді?!.. Ал, Трамп болса тек қана «жұмыс орнын көбейтемін!» деп құрғақ уәде берумен шектелген жоқ, ол жұмыс орнын ашудың тетіктерін де нақтылап көрсетіп берді! «Ол үшін біз арнаулы заңдар қабылдаймыз» деді Трамп. «Өндірісті көшірумен күрес заңы» оны сыртқа әкетпеуді ынталандыратын баж орнатады. «Фордтарды» бұрынғыдай шетелде жасап, өзімізге бажсыз әкеле алмайтын болады». «Форд» демекші. Америкалық атақты кинорежиссер-документалист, «Оскар» мен «Алтын пальма бұтағының» иегері Майкл Мур 13-тамызда-ақ, «Трамптың жеңісінің 5 себебі» деген мақаласында: «Трампқа республикалық партиядағы 16 қарсыласының істемегені қалмаса да шамасы келмеді, Клинтон да оған түк істей алмайды» деп, оның себептерін ашып көрсеткен болатын. «Жұмысшы тап үшін мичигандық праймеризде Форд зауытының қасында тұрған Трамптың «Форд» бұл зауытты да Мексикаға көшірсе, мен оның АҚШ-қа әкелген әр машинасына 35 пайыз салық қосамын» деген сөзінен артық әдемі музыка жоқ еді. Ал, оның «Apple айфондарын Қытайда емес, Америкада жасайтын етемін» дегенін естіген жұрттың жүрегі еріп-ақ кетті. Жеңіс губернатор Джон Касичтің қолынан сусып шығып, Трамптың қанжығасына барып байланды. Трамп «Тотталған белбеу» атанған бұрынғы индустриялық, дәстүрлі көк (демократиялық партияның түсі) штаттарды – Мичиган, Огайо, Пенсильвания мен Висконсинді өзіне қаратып алады, бітті, жеңеді!» деп жазды М.Мур. Солай болып шықты да! Трамп бәрінен бұрын «Салықтық жеңілдік жайлы заң» қабылдаймын, коммерциялық қызметке салынар салық 35 пайыздан 15 пайызға түседі, салық санаты оңайлатып, 7 санаттың орнына 3-еуі ғана қалады» деді. «Инфрақұрылым туралы заң» жеңілдетілген салық көмегімен әлеуметтік салаға жаңадан құрылатын мемлекеттік-жекеше және жекеше кәсіпорындарға 1 трлн. доллар тартады. Обама 8 жыл отырғанда мемлекеттік қарыз 2 есе өсіп, 10 трлн. доллардан 20 трлн. долларға жетті. Бірақ, 10 трлн. доллар аурухана, жол, көпір, мектеп, тоннельге көмектескен жоқ, бәрі сол күйінше қалды». «Білім мүмкіндігі мен мектеп таңдау туралы заң» қабылданады. Біз білімге қай елден болсын көп жұмсаймыз, бірақ, Дания, Швеция, Финляндия, т.б. көптеген елден арттамыз. Демек, білім жүйеміз дұрыс емес. 2-жылдық, 4-жылдық колледждер қолжетімді болуы тиіс, ал, кәсіптік және техникалық мектептерді біз ұмыттық. Тарихты, физиканы онша білмейтін, бірақ, қолы алтын оқушылар көп емес пе? Әне, соларға кәсіптік-техникалық мектепті қайтарамыз!» Өзгені жамандама, өзің жақсылық жасауға тырыс! Осы жерде бұл елдің сайлау тәртібі еш жерде жоқ ерекше болғандықтан, оған арнайы тоқтала кетейік. Мемлекеттерден (штаттардан) құралған мемлекет болғандықтан, АҚШ-тың негізін салушы «Ұлт аталары» атанған азаматтар ірі, ұсақ демей, Конституцияда «штаттар тұрғындар санына қарамастан тең құқылы» деп жазған болатын. Сондықтан, бұл елде президент тікелей дауыс беру арқылы сайланбайды. Президентті «Сайлаушылар алқасы» сайлайды. Ал, олардың саны әр штат бойынша сайланған сенаторлар мен конгрессмендердің жалпы санына тең болуы тиіс. 38 млн. тұрғыны бар Калифорниядан 55 сайлаушы бар-дағы, 1 млн. тұрғыны бар Род-Айлендтен 4 сайлаушы бар. Яғни, күрес тұтас ел бойынша емес, штаттардағы дауыс үшін жүреді. Ең қызығы, дауысты көп жинаған үміткер сол штаттағы сайлаушылардың бәрінің дауысын иеленеді. Бұл қағида «жеңімпаз бәрін алады» деп аталады. 2004 жылы Висконсин штатында 3 миллиондай адам дауыс бергенде айырмашылық 1000 дауысқа да жетпеген. Есесіне, Джон Керри 10 сайлаушының да дауысын иеленді. Бүгінгі таңда «Сайлаушылар алқасындағы» сайлаушылар саны — 538. Демек, үміткер кем дегенде 270 дауысқа ие болуы тиіс. Ол тең болып қалған жағдайда президентті Өкілдер палатасы (Конгресс) дауысты көп жинаған 3 үміткер ішінен сайлайды. Алдымен, сайлау технологиясына келсек. Байлығы 2-3 млрд. доллар деп бағаланатын Трамп 488 млн. доллар, ал, Клинтон 896 млн. доллар жұмсады. Есесіне Трамп интернет жүйесін пайдалануға Клинтонға қарағанда қаржыны екі есе көп құйды. Бұл оның замана ағынын дөп баса білгендігінің айғағы. Және Трамптың иинвестициясы 4 есе тиімді болғандығының дәлелі. Нәтиже – жеңіс! Бұдан соң Трамп майда қалаларды көп аралады. Клинтон болса ескі сүрлеумен ірі қалаларды жағалаудан аса алмады. Ал, Америкада халықтың көптігі сайлауда басты рөл ойнамайтынын жоғарыда айттық. Үшіншіден, Трамп «толқыма­лы штаттар» деп аталатын штат­тарға көбірек көңіл бөлді. Американың халқы ойдан-қырдан құралған әрі құралғанына көп те болмаған құрама ел болғандықтан, өздері пайда болғалы бері қолдан құрған жаңа дәстүрлеріне шамасының келгенінше берік болуға тырысады. Оның үстіне «Ұлттың атасы» атанған Томас Джефферсонның: «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын!» деген өсиеті де естерінде... Сол дәстүрлердің бірі – партияға адал болу. АҚШ-та бір партиядан басқа партияға өту сирек кездесетін жағдай. Бұл ретте отбасылық қана емес, корпоративтік, штаттық династия да сақталады. Мысалы, Голливуд артистерінің демократиялық партияға адал болып келетіні секілді, штаттардың өздері де қалыптасқан дәстүрді бұзбауға тырысады. Солардың арасында анық позиция ұстанбағандарды әлгіндей деп атайды. Міне, дәл осы толқымалы штаттардағы халыққа – әрине, тек оларға ғана емес —Федералдық тергеу бюросының сайлауға тура бір апта қалғанда Хиллари Клинтон туралы жағымсыз хабар таратып жібергені қатты әсер етті. Сірә, Д.Трамптың «Х.Клинтонның мемлекеттік хатшы кезіндегі қателіктерін тексермей, оны құтқарып жіберіп отырсың» деп қайта-қайта тиісе бергені ФТБ-ның директоры Джеймс Комидің жүйкесіне тисе керек... Жазда сондай айыптаудан әзер құтылған Клинтонға бұл соққы төбесінен жай түскендей қатты тиді. Сенаттағы демократтар көсемі Гарри Рид Джеймс Комиге ашуға толы хат жазды: «Мен Трамп пен Ресей мемлекетінің арасындағы өзіңізде бар мәліметтерді ашыңыз деп айлап хат жазсам да, қарсыласып келдіңіз. Сіздің соңғы кездегі іс-қимылыңыз шетін ақпаратқа байланысты екіжүзді саясат ұстанатыныңызды көрсетті, бұл партиялардың біреуіне қолғабыс көрсету әрекеті». Конгрессмен Стив Коэн де Комиге доғарысқа (отставка) кетуін талап еткен хат жазды. Қалай болғанда да, қандай астыртын себеп түрткі болса да, әйгілі мекеменің бұндай мәліметі көп адамның ойында «мына әйел қанша дегенмен әйел екен ғой, оған мемлекет тізгінін ұстата салу қалай болар екен» дегендей сенімсіздік туғызғаны рас. Төртіншіден, демократ Клинтон республикалық Трамп секілді айқын да нақты позитивті ұсыныстар жасай алмады. Оның есесіне, Трампты ойсыз, таяз, мемлекет ісінде тәжірибесіз, алаңғасар, тіпті ұрда-жық адам ретінде көрсетуге мейлінше тырысып бақты, «осындай адамға Ақ үйдегі Сопақ кабинетті қалай сеніп тапсыруға болады?» деп шырыл қақты. Ал, оның бұл әсіре сілтеушілігі, көреалмаушылығы, іштарлығы тыңдарман арасында кері реакция тудырды. Олардың бәрі Трамптың мүлде ондай жан еместігін көріп отыр ғой. Қайта барлық құндылық, табыс, абырой ақшамен өлшенетін, ең сүйікті мақалдары «уақыт – ақша!», «ақылды болсаң, неге бай емессің?» болып келетін Америкада бір емес үш рет банкрот болса да қайтадан көтеріліп, бұрынғыдан да өрлеген миллиардерге деген жұрттың ыстық ықыласын арттыра түсті. Рейган мен демократтар сатып кеткен (Майкл Мур) орта тап (средний класс) өкілдері Трамптың айтқанына сенді. Ал, Хиллари Клинтонның Трамптай нәтижеге жете алмайтынын, оның сөзінің аржағында Дональдтікіндей ащы-тұщыны аямай тартқан өмірлік, өндірістік бай тәжірибе жоқ екендігін, тек әдемі сөйлей алатын менеджерлік тәжірибе ғана бар екенін көрді. Көрді-дағы адами түпсаналық түйсікпен «Дональдқа дауыс беру керек!» деп шешті. Бесіншіден, жоғарыда аты аталған М.Мур халық Трампты керемет жақсы болғандығы үшін емес, Хиллари Клинтонның халық ішінде абыройының аздығынан сайлайды деді. Хиллариді жас әйелдер мен жігіттер ұнатпайды деді. Дұрыс айтады, әйелдердің кәрі әйелге қарағанда кәрі еркекті қаттырақ құрметтейтін ерекшелігі бар екені рас... Алтыншыдан, қазақша бір сөзбен аударуға қиындау «харизма» деген сөз бар. Міне, америкалықтарға Трамптың харизмасының күштілігі ұнады. (Жалпы, харизмалы адамды ұнатпайтын халық жоқ). Егер жай ғана «дұрыс», «типтік», көп миллиардердің бірі болғанда, Трамп жеңіске жете алмайтын еді. Ол нақ сол «ноқтаға басы сыймайтын», қалыптан тыс (нестандартный) адам болғандықтан ұтты. Рас, ондай адаммен бірге жолға шығу қауіпті, есесіне өте қызық. Ол сені жалықтырмайды. Қанында анархизм мен авантюра сақталған америкалықтар 8 жыл бір қалыппен өткен Барак Обама билігінен жалықты. Тағы да 8 жыл, иә, Хиллари Клинтонның 8 жыл отырып алуы мүмкін екені көз алдына елестегенде жаңалыққа жаны құштар олардың өзін жайсыз сезінуі заңдылық жайт. Жетіншіден, Майкл Мур өзінің мақаласында біз мінсіз деп ойлайтын америкалық сайлау жүйесі де кемшіліктен ада еместігін көрсетті. «Егер диваннан тұрмай-ақ, үйде отырып сайлауға дауыс беретін болғанда, Хиллари Клинтон сөзсіз жеңер еді. Бірақ, күзді күні көшеге шығу, учаскеге бару, кезек күту керек. Ал, оның үстіне сіз кедейлер, қаралар мен латынамерикалықтар ауданына тұратын болсаңыз, кезегіңізді көбірек күту ғана емес, адамды бюллетень жәшігіне жеткізбеудің одан басқа да талай айла-амалы жасалады. Сондықтан да, сайлаудың көбінде оған халықтың 50 пайызы қатыспайды. Осындай жағдайда кімнің сайлаушылары үміткерінің президентікке өткеніне шын ынталы? Кімнің фанаттары таңғы 5-тен өзі тұрып ғана қоймай, өзгелерді де жетелейді? Сіз жауабын білесіз...» Трампты жеңіске жетелеген бұдан басқа да уәдесі көп. Мысалы, «Вашингтондағы сыбайлас жемқорлықты жою туралы заң». Конгрессмендердің сайлану мерзімін шектеу. Иммиграцияны шектеу. АҚШ-қа пайдасынан зияны көп сауда келісімдерінен шығу. Энергоресурстарды толық іске қосу. Әлемдік экологияға ақша бөлгенше, өз елінің экологиясын тазарту. Толып жатыр. Әрине, уәде бұндайда көп беріледі. Әңгіме – орындалуында. Жартысы орындалса, соның өзі әлем дамуын басқа арнаға бұруға жетіп жатыр... Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz