ҮКІМЕТТЕ МІН ЖОҚ, ЗАҢГЕРЛЕРДЕ ҮН ЖОҚ...

туркистанБисмиллаһир Ирахманир Рахим. Бүгінде Түркістан – Қазақтың рухани орталығы, рухани астанасы. Қаланы осы абыройға жеткізіп отырған қала орталығындағы әлемдік сәулет өнерінің інжу маржаны, түркі халықтарының рухани пірі, әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауийге арналып ХІУ ғаcыр соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынған кесенесі. Бұл кесене осы күнге дейін қазақ діні мен имандылығының басты қорғаны, исі түркі жұртының абыройы болып келеді. ҚР Бас прокуроры Қ.Мәмидің назарына! Алты ғасыр бойы от пен оқтан аман сау жеткен мұндай жауһар жәдігерді көздің қарашығындай сақтап өзімізден кейінгі ұрпақтарға мүрін бұзбай дәстүр сабақтастығымен жеткізу бәрімізге сын. Бірақ халық қазынасына айналған осы бір қасиетті жәдігердің басынан соңғы он-онбес жыл көлемінде қара бұлыт шырқ айналып шықпай-ақ қойды. Даудың аяғы Астанадан асып, ЮНЕСКО-ИКОСОС-қа жетті. Бұл қиын жағдайға байланысты басқа журналистерді айтпағанда менің өзім республикалық БАҚ беттерінде «Әбсаттардың көз жұбайлығынан, «Қош бол, Қожа Ахмет Ясауий кесенесі» деп жүрмейік...» («Қазақия» газеті, №3-4, 2010ж»), «Иманғалидың иманды хаты болмағанда... «Қош бол, Қожа Ахмет Ясауий кесенесі» деп қалар ма едік...» («Жас қазақ үні» №38, 01.10.2010ж), «Иманғалидың иманды хаты, имансыздардың «жынын бөтелкеден шығаруда...» («Үш қоңыр» газеті, №13 01 10 2010ж), «Кесенені қорғау – имандылықты қорғау» ( «Төртінші билік» газеті, №2 19012011ж) деген тақырыптармен бірнеше жанайқай мақалаларым жарық көрді. Ойым осы мақалалардан соң кесене маңындағы орынсыз айқай шу мен заңсыз салынып жатқан құрылысқа тоқтау болар деп күткенмін. Бетпақтарға дауа болмады. Қайта осы мақалалардан соң, еш негізсіз, шынымен-ақ бөтелкеден шыққан жындай, иманды тірлік жасап жүрген қазақтың Иманғалиының да бетін тырнауға көшті. Елді алатайдай бұзушылар; «Тасмағанбетов Түркістандағы мешіт құрылысын тоқтатып тастады. «Енді ол бір жолата бұзылмаса болғаны» деп ел қауіптеніп отыр... Сіз жаңадан салынып, құрылысы бітуге таянған зәулім мешіттің тас-талқанын шығарып қиратуға, жермен жексен етіп құлатып тастауға құлшынып отырған құдайдан безгендер (Қарғыстары қара бастарынан аспасын. Б.А.) бар дегенге сенесіз бе?.. Мәдениет министрлігі мен Мәжіліс депутаттары да мәселе етіп көтерген байбайламның нүктесін қойып, нақты нәтижиелі тірлік тындырған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов болды. Әрине, айдаладағы Астана әкімінің Түркістандағы мешіттің тірлігіне араласуына ешбір құқығының жоқтығы да, құзырының жүрмейтіні белгілі...» деп республикалық басылым беттерінің бірінде, әділ құқықтың не төрелік айтатыны әлі күнге санасына жетпеген бір «жазғыш» бауырымыз, аптал азаматтың беделін белінен басып, жерден алып жерге салып, қарғап сілеп, тіпті, оны бүгінде түрмеде отырған «исматуллашылармен» тығыз байланыстырып, арасынан қыл өтпес құрметтісі етіп қойса, екінші бір облыстық басылымда «Алла үйін (Діни сауатсыздық, мешіт – мүлік, алланы еске алатын үй.Б.А.) бұзып, абырой таппасымыз анық» деп қариялықтан гөрі жасы ұлғайған сайын қарабасына қажетті пенделік абыройдан басқаны ойламайтын, діннен мақұрым, екі-үш азаматтың қолдан ұйымдастырылған хатын алға тартып байбайламға басса, үшінші бір басылым кіші жүздің көсемі, президенттің тағын басып алушы топ жетекшісі етіп көсетіп елге үрей тастап бақты. Құдайым-ау, осындай ұшқалақ пікірді жазып, ел арасына таратпас бұрын, жұмыр басты пенде өз «қаушағына» салып ел үшін Иманғали кім, өзгелер кім екенін неге таразыға салмайды? Иманғали бұл жұмысқа араласса осы құрылысты өз қадағалауына алған ЮНЕСКО-ның қазақ еліндегі Ұлттық комиссия жетекшісі ретінде араласты ғой. Бұл оның міндеті емес пе? Біз артық айтып, жауырды жаба тоқып отырсақ, онда Иманғалидың Үкімет басшысына жазған сол хатын бірге оқылық. «Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Қ.Мәсімовке. ЮНЕСКО-ның қорғауындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы құрылыс туралы Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитетінің 27-сессиясының шешімімен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі (бұдан әрі-кесене) ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Бұл оқиғаның алдында кесененің номинациясын ұлттық және халықаралық деңгейде келісу барысына көп жылдар кетті. Қазіргі кезде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне ену құрметіне қазақстандық үш мәдени және табиғи мұралар (кесене, Таңбалы археологиялық ландшафтындағы петроглифтер және құрамына Қорғалжын мен Наурызым табиғи қорықтары кіретін «Сары Арқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері») ие болды. ЮНЕСКО-ның белгілеуімен Кесене номинациясының техникалық түйінінде буферлі аймақ көне қалашықтың археологиялық аума­ғының (88,15 га) құрамына кіреді. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитетінің 27 СОМ 8С.25 шешімінде «Қатысушы-мемлекет буферлі аймақ маңында кез келген биік құрылыстардың болмауын бақылауға алуға ерекше көңіл бөлуі керек» деп көрсетілген. Бірақ, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Ф.Бандарин мен ҚР Мәдениет министрлігінің «Хазірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры М.Салықбековтің хабарламаларына сәйкес, қазіргі уақытта, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитетінің шешіміне қайшы келетін, Кесененің буферлі аймағына жақын жерде 2000 орындық мешіт салынып жатыр. Атап айтқанда, ЮНЕСКО-ның төмендегідей талаптары бұзылып отыр : -мешіт құрылысы буферлі аумақтан 70 метр, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 400 метр жерде салынып жатыр; - мешіт қорғаудағы табиғи ландшафта салынып жатыр; - мешіт көне Ясы мен Түркістан қалаларының маңына салынып жатыр; - мешіттің жоспарлы биіктігі 26 метр, мұнараларының биіктігі – 38 метр; - мешіттің терең іргетасы мен жерасты бөлігі жерасты сулары жинақталатын орынға айналып, кейін көне Ясы қалашығы орталығының орнына қарай жайылады; - мешіттің құрлысы ҚР ЮНЕСКО мен ИСЕКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының, ҚР Мәдениет министрлігінің және ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросының келісімінсіз басталған. Сонымен қатар, қолда бар деректерге қарағанда, Түркістан қаласының Бас жоспарына Кесененің буферлі аймағының айналасына (жақын маңына) үш тұрғын үй, асфальтті жол және басқа да объектілер енгізілген. Ф.Бандариннің ресми сұранымына аталған құрылысқа қатысты тиісті түсініктеме мен мәліметтерді беру қажеттігіне байланысты, ЮНЕСКО-ның Кесененің буферлі аумағында және Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген қазақстандық басқа да объектілерінде келісімсіз қандай да бір құрылыс салуға жол бермеу керектігін және осы мәселенің қысқа мерзімде шешілуінің маңызын ескере отырып, төмендегідей тапсырмалар берілуін қалаймыз: Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігімен бірлесе отырып, Кесененің буферлі аумағына жақын жерде салынып жатқан мешіттің құрылысын жойып, осы жылғы 25 маусымға дейін ҚР ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның Хатшылығына (ҚР СІМ жанында) осы мәселе бойынша толық мәліметтер мен түсініктемелерді тапсырсын. - ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Қожа Ахмет Яссауи Кесенесінің буферлі аумағында және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қазақстанның басқа да объектілеріндегі құрылыстарды ҚР ЮНЕСКО мен ИСЕКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясымен, ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросымен және ҚР Мәдениет министрлігімен немесе ҚР Қоршаған ортаны қорғау министр­лігімен («Сары Арқа-Солтүстік Қа­зақ­станның даласы мен көлдері номинацияланған жағдайда) келісу мәселелерін бақылауға алсын. Қарастыруыңызды сұраймыз. И.Н.ТАСМАҒАМБЕТОВ ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссияның Төрағасы \14 06 2010 ж.». Иманғалиды бас салып қара­лайтындай осы хатта басы артық әңгіме бар ма? Қазақтың киелі қа­зынасы үшін бәріміздің атымыздан шырылдап қамқоршы болып, әділдікті талап еткеннен басқа, басы артық не жазып отыр. Неге біз өзіндік айтар пікірі бар осындай нағыз аптал азаматтарымызды әспетеу орынына, күстаналауға, табалауға құмар болып барамыз. Абыройды ешкім сатып ала-алмайды ғой, бірақ бұл мұңлық нағыз азаматтың соңынан өзі де бір елі қалмайды емес пе?. Иманғали бүгінгі таңдағы Елбасының қазақ елін басқарғалы бергі кездегі ең сенімді ізбасары екенін іс жүзінде дәлелдеп шыққан жан. Ол Үкімет басында отырғанда да, Атырау, Алматы, Астананы басқарғанда да қажырлы еңбегімен Елбасы сеніміне, ел құрметіне бөленді. Әр барған жерінде өз ізін қалдырды. Тіпті, өткен жылы өзге бір елге барып, көшесіне Елбасы Н.Назарбаевтың есімін бергізіп, екінші бір туыс елде ескерткішін қойдырып жүрген де осы Иманғали емес пе? Тіпті осы араласып отырған жұмысының өзі, биылғы жылдан бастап әлемнің азулы елдерінен де артық қаржы жұмсап, туризм өндірісін дамытуға ден қойып отырған Елбасы тапсырмасын қол­дау емес пе? ЮНЕСКО-дан шу шық­са осы Елбасы жоспарының күлі көкке ұшпай ма... Ел бюджетінен келер жылға туризм өндірісіне бөліп отырған қаржымыздың қа­сында Түрік ағайындардың бір мешіт­ке бөлген қаржысы неге тұрады?.. Неге шық­қыр көзіміз осын­дай жақсылықты көрмейді. Сонда, осындай өсекті бықсытып, ел құ­лаған көтеру біздің журналист әріп­тестерімізге не үшін қажет болып отыр? Хатқа кезек берілген соң, енді осы хаттан соң жазылған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұқаммед мырзаның Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының әкіміне жазған хатын да бірге оқылық. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.И.Мырзахметовке Құрметті Асқар Исабекұлы! Мәдениет және ақпарат министрлігі Түркістан қаласы, Отырар көшесі бойында салынатын екі мың орындық мешіт (бұдан әрі - Мешіт) құрылысының жобасына қатысты төмендегіні хабарлайды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мә­дени және Табиғи Мұра тізі­міне енген еліміздегі теңдессіз сәулет кешені екені, сондай-ақ, орта­ғасырлық Түркістан қаласының тарихи орны мен кесене маңындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің ел тарихында алар орны ерекше аталатыны баршамызға белгілі. 2008 жылғы 24 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан келген №04/1231 хатқа байланысты Министрлік 2008 жылғы 1 тамыздағы №10-2/1218 жауап хатында Мешіт құрылысын жүзеге асыру барысында қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті талаптарды сақтау қажеттігін хабарлаған болатын. Министрлік тарапынан құрылған жұмыс комиссиясы биылғы жылдың 3-4 наурызында Түркістан қаласында болып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 400 метр, ал қорғау аймағынан 50 метр қашықтықта, жалпы аумағы 2 гектар жер төлемінде уәкілетті органның тиісті келісімінсіз Мешіт құрылысы салынып жатқанын, соның салдарынан бірқатар келеңсіз жағдайлар орын алғанын анықтады. Біріншіден, 1988 жылғы 22 қарашадағы Шымкент облыстық атқару комитетінің № 628 шешімі бойынша «Түркістан қаласының ортағасырлық қорғау аймағы» 88,7 гектар болып бекітілген. Алайда, қорғау аймағы маңындағы тарихи орындарға 2008-2009 ж.ж. жүргізілген археологиялық зерттеулер «Түркістан қаласының ортағасырлық қорғау аймағы» дұрыс белгіленбегенін, яғни Мешіт құрылысы салынып жатқан жермен бірге, қорғау аймағы маңындағы 40 гектар жер телімі ортағасырлық Түркістанның тарихи қалыптасқан рабаты екенін көрсетті. Сонымен бірге, Мешіт құрылысы салынатын орында алдын-ала жүргізңлген археологиялық зерттеудің (орындаушысы: «Түркістан археологиялық қызмет» ЖШС-нің) қорытындысы дұрыс берілмегені белгілі болды. Екіншіден, ЮНЕСКО-ның талаптары бойынша Дүниежүзілік Мәдени және Табиғи Мұра тізіміне енген тарихи мәдени ескерткіштердің қорғау және табиғи ландшафт аймағына жаңадан құрылыс түспеу қажет деп есептелінеді. Мәселен, өткен жылы ЮНЕСКО Комитеті жаңадан көпір салынғаны үшін немістің ежелгі Дрезден қаласын тізімнен шығарып тастады. Ал, биіктігі 39 метр, көлемі 2000 адамға арналған әрі жаңа материалдан тұрғызылатын үлкен Мешіт құрылысы толық салынып біткеннен кейін, биіктігі 41 метр және мешіт салынатын жерден төмен орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің панорамалық қабылдануына кері әсерін тигізеді. Сондықтан Мешіт құрылысы салынған жағдайда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі Дүниежүзілік Мұра тізімінен алынып тасталады. Бұл еліміздің имиджіне айтарлықтай залал келтіреді. Үшіншіден, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 2007 жылғы 20-тамыздағы № 218 бұйрығының 8-ші және 9-шы тармақтарында көрсетілген «Қорғау аймақтарының аумағында тарихи-мәдени мұра обьек­тісінің сақталуына, оның тарихи-мәдени қабылдануына теріс әсерін тигізетін жұмыстар жүргізілмеуі тиіс», сондай-ақ, «Құрылыс салудың ауқымдылығы, қабаты, тығыздылығы және қызметтік міндеті тарихи-мәдени обьектілерінің тарихи қалып­тасқан ортасына қайшы келмеуі тиіс» деген құқық нормалары сақталмаған. Төртіншіден, Мешіт құрылысы ортағасырлық қаланың тарихи бөлігі болып саналатын рабатта орналасқан. Осының әсерінен ғасырлар бойы қалыптасқан ортаға­сырлық Түркістан қаласының мә­дени қабаттарын жоюмен бірге, ортағасыдан бері белгілі Жәудір мешітінің қалдығына да қауіп төндіріп тұр. Сондай-ақ, қала рабатының үстімен Арыстанбаб бағытына қарай түсетін автокөлік жолы да қаланың мәдени қабаттарын қирату қаупін туғызуы мүмкін. Бесіншіден, қала құрылысының талаптарына сай, қаланың орталық бас мешіті негізгі жолдар түйіскен және халық көп шоғырланған орталық бөлікте орналасқаны жөн. Ал, ортағасырлық Түркістан қаласының рабат бөлігін алдағы уақытта қорғау аймағына қосып, ол жердегі тарихи ландшафтта қорғау аймағына қосып, ол жердегі тарихи археология, консервация, реставрация жұмыстарын жандандыра отырып, туристер тамашалайтын ғажайып тарихи-мәдени кешен қалыптастыруға басымдық бергеніміз абзал. Жоғарыда аталғандары назарға ала отырып, министрліктің көзқарасы бойынша уәкілетті органның рұқсатынсыз басталып кеткен Мешіттің құ­рылысы тоқтатылып, басқа жерге көшірілгені жөн. Сонымен қатар рабат аумағында салынып жатқан 4 пәтерлі 3 үйдің құрылысын және Арыстанбаб бағытына қарай түсетін автокөлік жолын ортағасырлық қаланы қорғау аймағы толық анықталғанға дейін тоқтата тұру керектігін жеткіземіз. ҚР Мәдениет министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД» Үкімет тарапынан жазылған осы екі хат, мәселенің басын ашып беру мен қатар, қалада құрылыс салуда орын алып отырған заңсыздықты да көрсетіп беріп отырған жоқ па? Солай бола тұра, әлі күнге бұл мәселеге республикалық прокуратураның үн­сіз қарап отырғанын немен ақтауға болады? Әлде бұл мәселеге олардың өздерінің де сыбайластықтары бар ма?.. Бұлай қатты айтып отыр­ғаны­мыз, Түркістандағы жаңадан заңсыз бой көтерген Орталық музей үйі де, заңсыздыққа тосқауыл қоятын бірден-бір құзырлы орын, аудандық прокуратураның тура қарсы алдында тұрғанын қалай көрмей келген... «Көрмес түйені де көрмес» деген осы болар... Болмаса, осы заңдылықтарды біле тұра, қорық жеріне заңсыз құрылыс салуға ұрықсат берген Түркістан қаласының бұрынғы әкімі Б.Сыздықов, қазіргі әкімі Қ.Молдасейтовтің шешімдерінің күшін тоқтатып, жер бетінен жойылғалы тұрған жәдігерімізге жанашырлық танытулары керек еді ғой. Түркістанда ғибадат үйін салу үшін жер жетіп айырылады. Түрік ағайындар неге ғана осы қасиетті жерге қасарысып жабысып отыр. Тереңірек ойланатын мәселе... Мешіт деген мұндай қуыс жерге емес, намазхандардың келіп кетуіне қолайлы, күре жолдың бойына немесе қашанда халық көбірек жиылатын базарлар маңына салынбаушы ма еді? Бізге дәл осы жерде бүгінгінің құрылыс материалдарымен салынатын зәулім мешіт емес, ортағасырлық жәдігер Әзірет Сұлтан кесенесінің аман есен тұрғаны құнды. Күмбез қасынан мешіт үйін салу жәдігердің тарихи қалыптасқан сәулеттілік келбетінің құнын түсіреді. Ал Жаңа мешітті осы жерге осынша тықпыштап салушылардың негізгі мақсаты – арандату. Олар түбі Қожа Ахмет Яссауийді жермен жексен етіп жер бетінен жоюды көздеп отырғандар. Мұны ұйымдастырушылар отырғандар қаншама жасырынғанымен, ақыр соңы бәрібір әшкере болары анық. Біздің пайымдауымызша, қорық алаңынан жаңа мешіт салынатын болса, сол мешіт пен күре темір жол аралығындағы жазықтық пышақ үсті тағы да саудаға түскелі тұр. Түркістанның соңғы кеткен үш әкімі де өздері қызметтерінен ауысқанша, жер сату дауынан бастары ажырамаған еді. Қазіргі әкім Қайрат Молдасейтов мырза бизнес ортасынан келгенімен, соңғы уақытта заңсыз жерлерге өкім шығара бастауына қарағанда, бұрынғы әріптестерінің жолын қуып, мешіттің маңындағы біз айтып отырған құйқалы жерге тәбеті ашылып келе ме деген жаман ой келеді... Жалпы, соңғы он жылдықта Түркістан қаласы осы қаланың тарихи тағдырын терең түсіне отырып, кемел келешегін ойлап жұмыс жасайтын, өзіндік дербес терең ойы бар әкімге жарымай-ақ қоймады. Келгендер келімсектіктен аспады. Соның нақтылы көрінісі қазір таңда шалғайдағы екі ауылдың біріне жетіп жатқан газ осы әлем мойындаған Түркістан қаласына әлі күнге жет­пей-ақ қойды. Түркістаннның аты­нан ұялсақ та осы қаланы қара түтінге тұншықтырмай, мәселені күні бүгінге дейін шешіп қоюға болар еді ғой. Нағыз іскер әкім қаланы Турис­тік инфроқұрылым негізінде дамытып, жергілікті қол өнершілер өндірген өнімдермен-ақ гүлдендіріп жіберер еді. Бірақ мұндай өрелі де іскер әкім әзір қала пешенесіне жазылмай отыр... Мақала соңында айтарымыз, Түркістан мен Қожа Ахмет Яссауий салған жолдың қазақ халқының тарихи тағдырында атқарған ролі зор. Сондықтан да халық Түркістанды ардақтап «Әзіреті Түркістан», Қожа Ахмет Яссауийді «Әзірет Сұлтан» атаған. Түркістан мен Яссауий аты қазақ халқының иман бірлігінің негізі. Иман бірлігі мықты халық еш қашан да еш бір жауға дес бермейді. Сондықтан да Қожа Ахмет Яссауий кесенесін қорғау – қазақтың имандылығын қорғау екенін ұмытпайық !...

 

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ, «Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы