НАЗАРБАЕВ: ОСЫ КҮНДЕРІ АРЫ КЕТСЕ 3-4 САҒАТ ҰЙЫҚТАЙМЫН
2016 ж. 11 қараша
7276
14
Мемлекет басшысы тығыз жұмыс кестесі жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Мен қызмет үстінде жүрмін, бұл менің жұмысым, сондықтан да жұмыстан, жауапкершіліктен шаршамаймын. Бұл халқымның, елімнің алдындағы жауапкершілік. Өзге елдерге барғанда басқа уақыт белдеуіне өту өз алдына. Бір байқағаным, батысқа барғанша, шығысқа бару оңайырақ. Әрине, шаршап, ұйқы қанбайды. Осы күндері ары кетсе 3-4 сағат қана ұйықтап жүрмін. Ерте жатсам да, ұйқы жоқ. Бұл бір жағынан жақсы да шығар - бейімделудің қажеті болмайды, өз уақытымызда қаламыз. Ми үнемі жұмыс істеп тұрады, күрделі келіссөздер жүргізу керек, оның нәтижелі болып аяқталуы маңызды. (...) Әлем ісіне, ядролық қарудан бас тарту ісіне адал болуымыздың арқасында көптеген елдің құрметіне ие болдық, сондықтан шаршамаймын", - деді Мемлекет басшысы Сеул қаласына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша брифингте.
Оған қойылған сұрақтың мәні Президенттің екі бірдей сапарды қалай жасайтыны, осындай тығыз жұмыс кестесіне қалай шыдайтыны жайында еді.
Ол Президент әрдайым сергек болуы керек деп есептейді.
"Командир ақбозатымен әрдайым алда, әрі сау жүруі керек, президенттің жұмысы осындай, жұмысқа өзіңді арнауың керек, бар уақытыңды, денсаулығыңды арнайсың, жұмыстан тыс уақытта да. Осылай ғана тапсырылған міндеттерді орындай аламын", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы сырқаттанып қалған кезінде қолдау білдіргендерге алғыс айтты.
"Бір ай бұрын менің суық тиіп сырқаттынып қалғаным жайлы халыққа айтқанда мен қазақстандықтардың мыңдаған тілектерін оқып шықтым. Осы сәтті пайдалана отырып Интернетте, сайттарда жазылған, блогерлердің жазған тілектеріне және барлығына алғыс айтамын. Суық тиіп сырқаттанып қалғаным жайлы айтуға тура келді, себебі халықаралық сапарларды - Әзірбайжан мен Арменияға жоспарланған сапарымды кейінге шегеру керек болды. Себебі адам дене температурасы мен жөтел бола тұра, бір жаққа бара алмайды ғой", - деді ҚР Президенті өз сөзінде.