ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ЖЕР ИЕЛЕНУШІЛЕР
2016 ж. 07 қараша
4432
0
Қазақстандағы ең ірі жер иеленушілердің тізімі Кorrespondent.kz сайтында жарияланды.
І-орынды ең ірі, танымал жер иеленуші «Иволга-Холдинг» компаниясының иесі Василий Розиновқа беруге болады. Оның иелігінде 1,5 млн гектар жер бар.
Бұл орайда «Әліби-Холдинг» те әріптесінен қалысар емес. Оның құрылтайшысы Нұрлан Тлеубаевтың қарамағындағы жердің аумағы 1 миллион гектардан асады. Бұл компания 44 фермермен қоян-қолтық жұмыс істеп отыр. «Әліби» ЖШС деп аталатын еншілес ұйымының өзінде 213 мың гектар жер болса, оның ішінде 25,7 мың гектары – жайылымдар.
Тағы бір ірі жер иеленуші – «Холдинг КазЭкспортАстык» АҚ қожайыны Руслан Молдабеков. Halyk Finance мәліметінше, оның 1 млн гектар жері бар. Оның 40 пайызы – өзінікі болса, қалғаны – 23 ферма серіктестеріне тиесілі.
Экс-депутат Ромин Мадинов үлестес болып табылатын «АгроЦентр Астана» ЖШС де жерден құралақан емес. Холдингтің қарамағында 27 ауыл шаруашылығы өндірушілері және 700 мың гектар жері бар. Оның 400 мың гектары – егістік.
Беделді компаниялардың бірі саналатын «БATT-тың» (құрылтайшысы Тимур Қуанышев) еншілес «БATT-Агро» атты агрохолдингі бар. Оның иелігінде де 300 мың егін алқабы бары белгілі. Одан кейінгі орынды 290 мың гектар жерімен «Атамекен-Агро» АҚ иеленеді. Мұнда «Агрофирма ТNК» де қалыспайды, жер қоры 190 мың гектардан кем емес.
Иісі қазаққа танымал меценат, ZHERSU корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов 160 мың гектар жерді пайдаланып, игілігін көріп отыр. Оның 130 мың гектардан астамы – жайылымдық жерлер.
Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің иелігінде 80 мың гектар жер барын көпшілік жақсы біледі. Жер комиссиясының отырыстары барысында бұл факті үлкен мінберлерден көтерілген болатын.
Бір кездері кәсіпкер Павел Селивановтың «Масло-Дел» компаниясы да Солтүстік Қазақстан облысынан 145 мың гектар жерді сатып аламыз деп мәлімдеме жасаған. Сатып алды ма, жоқ па – белгісіз.
Жер қатынастарын түсіндіру үшін арнайы ашылған jerturaly.kz сайтында бір кездері «KazBeef Ltd» компаниясының Ақмола облысында 155 мың гектар жері бар деген ақпарат жарияланған еді. Қазір ол мәлімет белгісіз себептермен алынып тасталған.
Құмар Мұқашевтің отбасылық компаниялар желісіне тиесілі Eurasia AgroHolding ЖШС қарамағындағы 170 мың гектар жерінің 40 мың гектары – жайылым. Eurasia AgroHolding 2020 жылға шейін жайылым алқаптарын 2 млн гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.
Солтүстік Қазақстанда орналасқан «Богви» компаниясының балансында 885 мың гектар жер болған. Таяуда оның 632,5 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарып алынып, тағы 97 мың гектары басқа агроқұрылымдарға беріліпті. Енді «Богвидің» иелігінде қалғаны – 156,4 мың гектар.
Басқа да жер иеленушілер туралы қысқаша: «Племзавод «Жеңіс» ЖШС (Қарағанды облысы)– 170 мың га, «Племзавод Қалбатау» (ШҚО) – 148 мың га, «АкТеп» (Ақтөбе облысы) – 140 мың га, «СП ТрансАвто» ЖШС – 97,1 мың га, «Астық индустриясы» ЖШС –100 мың га, «Аскоп» ЖШС – 79 мың га және тағы басқалар. Бұл фирмалардың артында ресейлік дөкейлер де тұрған көрінеді.
дерек: 365info.kz