МАКС БОҚАЕВ СУДЬЯДАН АТЫРАУДАҒЫ КӨПІРДІ ЖӨНДЕП БЕРУДІ СҰРАДЫ
2016 ж. 04 қараша
3642
34
Атырау қаласында Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста сотталушылар мен олардың қорғаушылары судьяға тағы да өтініштерін жаудырды. Өтініштің де өтініші болады, дегенмен бүгінгілерді тыңдағанда не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің...
Түстен кейінгі отырыста сотталушылардың қорғаушысы Ж.Боқаева БҰҰ Бейбіт жиналыстар және қауымдастықтар бостандығы жөніндегі арнайы баяндамашы Майна Кияидің аталған қылмыстық іске қатысты зерттеу жасағанын айтты. Оның мәліметінше, М.Кияи талдауды «Қадір-қасиет» қоғамдық ұйымына жолдап, одан әрі оны сотқа беруге тапсырған. Судья Г.Дәулешова қорғаушылар ұсынған БҰҰ арнайы баяндамашысының талдауы мен бірнеше хатты іс материалдарына қосты. Дегенмен, бұл қадам Боқаев пен Аяновтың үшінші тұлғалар, яғни шетелдіктер тарапынан да көмек алып отырғанын білдірсе керек. «Олардың тағы кіммен байланыста екендігі және тағы қайдан қаржыландырылуы мүмкін?» деген сауал туындайды. Барлығы заңды болып, жасыратын ештеңе болмаса, онда неліктен бүгінгі отырысқа қатысқан шетелдік бақылаушы журналистердің сұрағына жауап бермей, басын ала қашты? Ел ішіне іріткі салу шетелдіктердің осындай араласуынан басталатыны хақ. Украина мен Қырғызстандағы жағдайдың соңы неге әкелгені баршаға мәлім.
Сондай-ақ, бүгінгі отырыста сотталушылардың адвокаты сот залына кірерде оны полиция қызметкерлерінің тексермеуін өтінді. Ал қорғаушы Ж.Боқаева «сотталушылардың әйнектің артында отырғаны дұрыс емес, олар қоғамға қауіпті қылмыскерлер емес» деп шықты. Сондай-ақ, ол қорғаушылардың сотталушыларға жақынырақ отыруын өтінді. Дегенмен, судья Г.Дәулешова сот залында сотталушылардың барлығына бірдей жағдай жасалғанын айтты. Және де М.Боқаев пен Т.Аяновтың тергеу абақтысында отырғандықтан, күзетілетін азаматтар екендігін еске салды.
Отырыстың соңына қарай М.Боқаев тергеу абақтысынан сот ғимаратына келетін жол нашар екендігін айтты. Сондықтан, ол судья Г.Дәулешовадан қаладағы көпірді жылдамырақ жөндеуді сұрады, судья күліп, «бұл соттың қолында болса, бүгін барып көпірді жөндеп беруші едім» деп жауап берді.
Сотталушылардың осындай күлкілі өтініштері, олардың жауап беруге келген куәгерлерге айғайлап алғыс айтуы, Боқаев пен Аянов сот залына кіргенде және шыққанда қолдаушыларының оларға қол шапалақтауы сияқты қойылымдардың күнде қайталанатынын атап өткен жөн болар.
Abai.kz