Н.ЕРМЕКБАЕВ: ДІНИ КОНЦЕПЦИЯНЫ ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУДАН ӨТКІЗЕМІЗ

Дін саласындағы ең маңызды міндет - еліміздің дамуының зайырлы қағидатын қамтамасыз ету және нығайту. Яғни, азаматтардың ар-ождан бостандығын бұлжытпай кепілдендіру, оның дінді таңдай алу немесе діннен бас тарта алу құқығын қамтамасыз ету - біздің зайырлылық моделіміздің айнымас негіздері ретінде қала береді.

Осы тұрғыдан алғанда қоғамымызда берік орныққан конфессияаралық келісімді  одан әрі нығайту діни бірлестіктермен бірлескен жұмысымыздың аса маңызды бағыты болып табылады.

Еліміздің дін саласының дамуы туралы тұтастай түсінік қалыптастыру үшін біз Дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы концепцияны (тұжырымдаманы) әзірлеуді көздеп отырмыз. Бұл құжатта мемлекеттің дін саласындағы ұстанымы, стратегиялық мақсаттары мен жұмыс бағыттарын айқындайтын боламыз.

Бұл құжатты әзірлеуге сарапшыларды, дінтанушыларды, азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, оны қоғамның қатысуымен ашық түрде талқылауды жоспарлап отырмыз.

Концепция негізінде діни қызмет туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды дайындайтын боламыз.

Ұйымдастырушылық және заңнамалық шаралар мемлекет пен қоғамның зайырлылығын одан әрі нығайтуға бағытталады. Бұл діни білім алу тәртібін реттеуді, жасөспірімдерді діни қызметке заңсыз тартуға жол бермеуді, діни әдебиеттерді тарату тәртібін жетілдіруді қажет етеді.

Осы орайда, менен «Дін саласындағы  концепцияны әзірлеу мемлекеттің діннен бөліну қағидатына қаншалықты сәйкес келеді» деп сұрайтындар бар.  Меніңше, мұнда қандай да бір қайшылық жоқ, өйткені бүгінгі күнде діни бірлестіктер – қоғамдық өмірдегі шынайылық, азаматтық қоғамның бір бөлігі, ал мемлекет олардың қызмет атқаруы үшін құқықтық жағдайлар мен орта қалыптастырады.

Осы тұрғыдан алғанда, Концепция – мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қатынастарға көзқарастар жүйесі, зайырлылық қағидатының тұғыры дер едім.

Дін саласындағы көптеген ведомстволардың жұмыстарын үйлестіру үшін Үкімет жанында ведомствоаралық комиссия құрылатын болады.

Осы орайда Министрлік дінді теріс мақсаттарға пайдалануға ұмтылатын кез-келген әрекетке жол бермеу және жолын кесу үшін барлық шараларды қабылдайтын болады.

Abai.kz