131 МИЛЛИАРД ҚАЙДА, ЕСІМОВ МЫРЗА?

Ендігі жылы Елорда төрінде өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің құрылыс жұмыстарына мемлекет қазынасынан тағы 33 миллиард теңге бөлінетін болды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мырза мәлімдеді.

«136 млрд теңге ірі жобаларға жұмсалады. Соның ішінде 33 млрд теңге “ЭКСПО” құрылысын жеделдету мен өткізілуіне беріледі. Тағы 53 млрд Назарбаев университетіне бөлінеді, бұл да “ЭКСПО-ға” қатысты нысандар», – дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Қыркүйектің басында айтылған дағдарыстан өту үшін Президент пәрмен беріп, жаңа жоспар құрған-тын. Соның ішінде бюджеттің 233 млрд теңгесі ұлттық экономиканы өсіруге жұмсалатын болса, 97 млрд теңге агроөнеркәсіпті арттыруға бағытталып отыр екен. Тағы 112 млрд жаңа зауыт, кәсіпорындарды іске қосу үшін жұмсалмақ. Сұлтановтың сөзінен түйгеніміз, терроризммен күрес үшін Үкімет бюджеттен 70 млрд теңге жұмсамақ екен. Ал шығыны шаш етектен “ЭКСПО-ға” тағы 33 млрд теңге берілетін болыпты. Елдің жылдар бойы жинап терген зейнетақысынан 112 млрд теңге банктерге беріліп қойыпты. Қалғанын қаржы орталықтары алудан бас тартып отыр екен.

Енді парадокс. Өткен аптада ғана Елбасының алдында есеп берген «ЭКСПО-2017» басшысы Ахметжан Есімов мырза қыруар қаржының үнемделгенін айтып еді ғой. Әсіресе қазынасы ортайған Халықаралық көрменің құрылыс жұмыстарынан бақандай 131 миллиард теңге үнемдедік дегені еді.

Десек те үнемдік жүйеге көшкен Үкімет пен Есімов компаниясы қазақстандықтардың зейнетақы қорынан 15 миллиард теңге сұраған. Енді тағы 33 миллиард теңге ЭКСПО-ға жұмсалмақ екен.

Сонда өткенде Есімов мырза үнемдеген 131 миллиард теңге қайда кетті? ЭКСПО-ның өз қаржысы 131 миллиардты құраса,  ел қазынасынан 48 миллиард теңге сұрап несі бар? Әлде, ЭКСПО компаниясының басшысы Ахметжан Есімов Елбасыға өтірік есеп берген бе?

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz