Сейітқазы және Әсет Матаевтарға қатысты сот үкімі шықты

Астананың Есіл аудандық 2-сотында әкелі-балалы Сейітқазы және Әсет Матаевтарға үкім оқылды.

Сейітқазы және Әсет Матаевтарға қатысты сот үкімі шықтыАзаттықтың хабарлауынша, судья Ақболат Құрмантаев Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "қаржы жымқырды" және "салық төлеуден жалтарды" деп айыптап, алты жылға соттады. Судья Матаевтың "қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлкін" тәркілеп, өмір бойы мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда ақпарат тарату саласындағы басшылық қызметін атқару құқығынан айыру туралы үкім кесті.

Сот ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевты "қаржы жымқырды" деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті.

Судья Құрмантаев бұған қоса Сейітқазы Матаевтың дүние-мүлкін тәркілеп, өмір бойына журналистік қызметпен айналысуына тыйым салуға үкім етті.

Сейітқазы және Әсет Матаевтарды судьяның үкімі бойынша сот залынан тұтқындап алып кетті.

Прокурор сонымен қатар Сейітқазы Матаевтың кәсіпкерлікпен айналысуына 3 жылға дейін тыйым салуды, ақпараттандыру және байланыс комитеті мен "Қазақтелеком" компаниясына олардың шағымы бойынша 169 миллион теңге өндіріп беруді және "төленбеген салық" ретінде 216 миллион теңге өндіруді сұраған.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Сейітқазы Матаев 24 ақпанда үйқамаққа алынған. 28 наурызда Әсет Матаев та үйқамаққа алынған.

Әкелі-балалы Матаевтарға қатысты сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.