Дос Көшім: Сағадиевке қалай сенуге болады?!.

50
3214

Қоғам қайраткері, саясаттанушы Дос Көшім мектептерге үштілділікті енгізу реформасын орыс тілін сақтап қалу мақсатында жасалып отырған технология екенін айтты деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Дос Көшім: "Сәлеметсіз бе" дегенді білмейтін балаларды тәрбиелеген министрлік, қалайша үш тілде оқытады?!

Қазақстан мектептеріне үштілділікті енгізу мәселесіне арналған IQ Studio сараптамалық жиыны болып өтті. Оған академик Асқар Жұмаділдаев, журналист Әміржан Қосанов, қоғам қайраткері Дос Көшім шақырылып, енгізілгелі отырған реформаға қатысты пікірлер мен ойлар ортаға салынды.

Аталған ұлт зиялылары бұл реформаның толықтай қарастырылмаған және пісіп жетілмегенін бірауыздан айтты. Бұл тұста олар үш тұғырлы тілге емес, үш тілді бастауыш сыныптан бастап оқыту мәселесіне наразы екендіктерін атап айтты.

«Бұл соңғы уақыттарда қазақ тілділердің көбейіп келе жатқанына орыс тілін сан-түрлі айла-тәсілдермен сақтап қалу үшін жасалған технология деп ойлаймын»,- деді Дос Көшім.

Дос Көшім жиын модераторы Расул Жұмалының:

«Бұған дейін айтылып келген мәселе – екітілділік саясат. Сол екітілділік саясаты өзінің қорытындысына келді ме, екіншіден осы екітілділік саясатты бітірмей жатып, үштілділік тұғырға көшу қаншалықты қисынды?», – деген сұрағына:

«Бұл шопан да, базарда отырған қазақтар да талқылап жатқан мәселе. Сондықтан біз мұны жүйе деп атайық. Бұл жерде үш нақты мәселе бар. Біріншісі, баланың басын атала қылып, төрт-бес жастан қазақша, орысша, ағылшынша үйрету. Екіншіден жоғарғы сыныптарда негізгі пәндер, негізгі физика, химия, математиканың ағылшын тілінде өтуі. Бұл біздің қабылдай алмай жатқан екінші мәселеміз. Үшінші мәселе бар, бұл – жалпы тарихты орыс тілінде беру», – дейді ол.

«Жиырма жеті жыл бойы орыстілді балаларға қазақ тілін оқытып, «сәлеметсіз бе» деген сөзді білмейтін балаларды тәрбиелеп шығарған министрлік, қалайша үш тілде оқытады. Бұл министрлікке қалай сенуге болады. Неліктен тарих пәнін орыс тілінде мектепте сабақ беруіміз керек, осыған уәж бар ма? негіздеме бар ма? Дүниежүзі мектептері орысша оқытып жатыр десе түсінер ем», – деді ол.

Дос Көшімнің айтуынша, мұндай шешім шығаруға білім министрлігінің еш негіздемесі болмаған.

50 ПІКІРЛЕР

  1. Сағадиевтің министр қызметіне тағайындалу мақсаты – қазақтың рухани діңгегі, тірегі болып қалып отырған қазақ тілінің түбіне, тамырына балта шабу мақсаты. Қазақты тілсіз қалдыру үшін. Оның əріптестерінің біреуі қазақ халқын жерсіз, біреуі жұмыссыз, біреуі құқықсыз, енді біреулері дінсіз қалдыру мақсаттарымен келе жатыр. Оларға тапсырма беріп, жұмсап отырған – қазақта атасының құны қалған кəрі қалмақ қонтайшы, деуге тура келіп отыр. Басқаша түсінуге болмай тұр.

  2. Ең алдымен осы бағдарламаға сай білімді ұстаз яғни маман дайындауымыз керек, сонда бұл бағдарлама нәтижелі болады. Ал балаларымыздың тілді білуінде еш жамандық жоқ меніңше

  3. Мұғалімдердің білімін жетілдіру мақсатында жұмыс жасау керек, білімді мамандар сауаты ашық, озат оқушыларды тәрбиелейтініне сенемін

  4. Өкінішке қарай, біздің халықтың біреудің айтқанына еріп, жетегінде кететіні өкінішіті. Одан бөлек, барлық істеп жатқан нәрсе ұнамайды, бізге бір жақпай ақ қойды ғой. Енді келіп үштұғырлы тілге тиісеміз, ең алдымен жасалып жатқанның бәрі де біз үшін екенін ұмытпайық

  5. Бәрі министрге тіреліп тұрған жоқ. Ата-ананың өзі біртүрлі болап барады. кішкен тәртіп керек. Осы жағын қатайтса екен. Басқасы, тәуекел.

  6. Бұдан саяси дүниелерді іздеудің реті жоқ. Бұл әркімнің өз арына жататын мәселе. Бірақ, білім бәріміз үшін керек. Барынша күш салып, тілді меңгергенге не жетсін.

  7. Жаны бар сөз. Бірақ, сенуде тұрған жоқ. Қателігін нақты дәлелмен келтіріп, алдына бару керек шығар. Мұғалімнің жағдайы мен баланың тәрбие мәселесіне келгенде министр кездесуден қашпайтын шығар.

  8. Ағылшын тіліне ерекше мән берілгендігі келешекте жастарымыз шет елдерде оқуына, немесе тәжірибе алмасуына жақсы мүмкіндік туғызады, дегенмен, басқа ұлт тілінің мәдениеті де тарихы да басқа, сондықтан, бұл өз құндылықтарымыз бен мәдениетімізді жоғалтуға ұласпауы керек

  9. Болашақ бағдарламасына оқып келгендердің көбі жақсы орынға жайғасып жатыр. Ал Айлс пен Тойфлға дайындалу үшін қыруар ақша қажет. Ал мына жерде тегін үйретеміз деп тұр, неден қорқамыз?!

  10. Көңілге қонымды нәрселер айтылды, дегенмен бәрімен толық келісе алмаймын, себебі орыс тілі бұрыннан бар, сол уақытта ақ орыстанып кететін едік қой, меніңше керісінше бұл жүйе енгізілгеннен кейін орыс тілі көлеңкеде қалып қоятын сияқты

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз