Сәлафизмге соққы болатын саяси шешімдер қабылданды
2016 ж. 16 қыркүйек
3188
0
Соңғы күндері елде көп жаңалық болды. Премьер-министр ауысып, үкіметті он жылға жуық басқарған Кәрім Мәсімовтің орнын орынбасары басты. Басқа да бірқатар лауазымды тұлғалар жаңадан тағайындалды. Сарапшы біткен осы тағайындауларға қатысты ойларын жарыса айтып, жазып жатыр. Бұл туралы "Қамшы" хабарлайды.
Ол сарапшылар көбіне-көп бұл рокировкалардың астарынан тек экономикалық себептерді ғана көруде. Дағдарысқа қарсы шаралар күшейеді, экономика нығаяды, жалақы қысқармайды деген сияқты нәтижелерге үміт артылуда. Ондай үміт бәрімізде де жоқ емес. Рас болса, Қазақстан экономикасын ауыр сынақтар күтіп тұрған көрінеді. Осы өзгерістерді сөз еткен, түрлі баға берген сарапшылар ескермей отырған бір мәселе бар. Ол – Елбасының дін мәселесіне қатысты қабылдаған шешімдері.
Бұл жерде тек жаңадан Дін және азаматтық қоғам істері жөніндегі министрліктің құрылуымен шектелуге әсте болмайды. Неге? Әрине, қоғамды дүр сілкіндірген, мемлекетке зор қатер төндірген діни экстремизм, терроризмді зерттейтін, діни салада тәртіп орнататын дербес министрліктің қажеттілігі бұған дейін де болған. Ештен кеш жақсы. Министрліктің құрылуын құп көреміз. Оған тағайындалған басшы да қатардағы көп шенеуніктің бірі емес. Президент Әкімшілігінде, бірқатар шет мемлекеттерде елшілік қызмет атқарған, соңғы жылдары Қауіпсіздік кеңесін басқарған Нұрлан Ермекбаевты бұл лауазым үшін осал фигура дей алмайсыз. Ал, экс-премьер К. Мәсімовтің Ұлттық қауіпсіздік комитеті жетекшілігіне баруы радикалды ұйымдар, лаңкестермен күштік құралдар арқылы күресте батыл қадамдарға баруға жол ашады. Бізде кей органдардың жұмысы оның басшысының саяси салмағына, билік баспалдақтарындағы беделіне де тікелей байланысты екенін ұмытпаған жөн. Оның үстіне, К. Мәсімов – орыс тілді шенеунік. Қазақы ортадағы кейбір интригаларға араласпаған, түрлі ақидалық араздық пен тариқаттық тартыстардағы мүдделі топтардан алшақ жүрген жан. Оның бұл бейтараптылығын ҰҚК басшылығына тағайындарда Президент те ескерген сыңайлы. Мәсімовтен бір пайда болса, осы ҰҚК басшылығында болар деп ойласа керек. Осы жерде ҰҚК-нің бұрынғы басшысы, қос қалада болған терактілердің түп-тамырын салафизмнен іздеуден талмаған В. Жұмақановтың да жұртта қалмағанын, күштік құрылымдардың жұмысын үйлестіруші негізгі орган Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығына барғанын естеріңізге саламыз. Министрлік, комитет деңгейінен бөлек, Үкіметтің жоғарғы сатысында да теріс ағымдарға қарсы іс-қимылдарға қарқын берерлік тағайындау орын алды. Ол – әлеуметтік сала және идеологиялық секторға жауапты вице-премьер лауазымына тәжірибелі саясаткер Иманғали Тасмағамбетовтың келуі.
Бүгінде радикал ұстанымдағы салафиттік ағым өкілдерінің құрсауында қалған Атырау облысының тумасы бұрыннан ұлттық құндылықтар мен мәдени, тарихи һәм әдеби мұраның жанашыры ретінде танылған Иманғалидың жауапты аймағында осы діни ұйымдардың жұмысы да бар. Осы күнге дейін салафизмді жақтайтын кей топтардың ақпараттық шабуылына көп ұшыраған саясаткер оларға лайықты жауап қататын мүмкіндікке енді ие болды. Ол жауап қандай сипатта болатынын жақын күндері көреміз. Атқарушы биліктен бөлек, радикал ағымдардың жолын кесіп, терроризмді тұншықтыруға бағытталған жұмыс парламентте де басталып кетті. Өткен аптада Мәжіліс депутаттары экстремизм, терроризм мәселелері бойынша бірқатар заңнамаларға өзгеріс енгізу туралы заң жобаларын талқылауға кірісті. Бұл талқылаулар бұрынғыдай жабық есік жағдайында емес, қоғам белсенділерінің, теолог мамандар мен саясаттанушы, әлеуметтанушылардың қатысуымен өтіп жатыр. Жұмыс тобы құрамында дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, саясаттанушы Айдос Сарым, құқыққорғаушылар Жеміс Тұрмағамбетова мен Евгений Жовтис те бар екенін құлағымыз шалды. Ал, ол заң жобаларын алғашқы болып талқылап, палатаның жалпы отырысына дайындайтын Халықаралық істер, қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі комитетті тәжірибелі саясаткер Мәулен Әшімбаев басқарады. Палата төрағасы Нұрлан Нығматуллин де «діндарлығымен» таныла қоймаған, алайда, Қазақстанның қоғамдық-саяси жүйесіндегі ахуалдан жақсы хабардар жігіт. Бұлардың барлығын не үшін тізіп отырмыз? Түрлі ақпарат құралдарында айтылып жүргендей, елде шынымен салафизм, уаххабизм идеологиясына бүйрегі бұратын топтар мен тұлғалар болған күннің өзінде олардың ойлағаны жүзеге аса қоюы қиын екенін еске салу үшін.
Ал, анабір жолы «Салафизмнен сескенудің қажеті жоқ» дейтін депутат Өксікбаев – Мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшесі. Ол бұл заң жобасын әзірлеуге, талқылауға араласа қоймайды, Палатаның жалпы отырысына дауысқа салуға әкелінгенде бір-ақ көреді. Биліктегі соңғы ауыс-түйістер мен басқа да саяси оқиғалардың көптің көзінен таса қалған тұстары осы. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» демекші, Президент салафизмді сылтауратып, өз есебін түгендеуді ойлаған кейбір топтардың түпкі мүдделерін де дөп басып, радикализммен күрестің кешенді жолын таңдады. Бір жағы күштік құрылымдар арқылы тентектерді тезге салса, екі ойлы боп жүрген «қалыпты» қағынғандарды райынан қайтаратын қатал заң да қабылданбақ. Осы айтайын дегеніміз.