Жаңа үкіметке Тасмағамбетов келген соң қазнеттегілер сүйінші сұрап, бірін-бірі құттықтап жатыр

Жаңа үкімет жасақталғаннан кейін қазнетте сүйінші сұрап бір-бірін құттықтаушылар көбейді. Министрлер кабинетін басқаруға білікті, ұлтжанды азаматтар келді деген көпшілік үкіметтен көп үміт күтіп отырған сыңайлы.

Жаңа үкіметке Тасмағамбетов келген соң қазнеттегілер сүйінші сұрап, бірін-бірі құттықтап жатырБұл туралы 31 арна хабарлайды.

Ал министрлер бұл жүкті абыроймен алып жүре ала ма, олардың атқаруы тиіс басты міндеті қандай?

Жаңа үкіметтен үміт көп. Мәсімовтың отставкаға кетуі қазнетті шулатса, Бақытжан Сағынтаевтың орынбасары болып Иманғали Тасмағамбетовтың сайлануы одан бетер талқыланып жатыр. Сарапшылар да Сағынтаевтың мықты орынбасарлармен жасақтануын қарызға батып кеткен үкіметті құтқару амалы деп отыр.

Озат оқушы іспетті - Иманғали Нұрғалиұлы президенттен тағы мақтау естіді. Қорғаныстағы қызметі үшін «бестік» алды, ендігі ең ауыр жүк те Иманғали Тасмағамбетовте. Себебі жаңадан тағайындалған вице-премьер қордаланған үштілділік пен даулы денсаулыққа жауап береді.

"Қазір қоғамға қауіп төніп тұрған бірқатар оқиғалар болды ғой. Экстремистік, тағы басқалар. Сондықтан Иманғали Тасмағамбетовтың келуі осыдан болар", - дейді  саясаттанушы Берік Әбдіғали.

Жер мен тіл, баспана мен жұмыссыздық басқайғы болған кезде дәл осы құрамның басшылыққа жайғасқанын әзірге қолдаушылар көп. Мұның да өз себебі бар дейді сарапшылар.

"Адам жақсы маман болуы мүмкін. Бірақ жүрегінде егер таза ниет болмаса, ұлттық от жанып тұрмаса нәтиже жоқ. Ондай мысалдар көп бізде", - дейді сарапшы Мұхтар Тайжан.

Қазақстанның табысы 40 пайызға қысқарды. Сыртқы берешек артты, тағы 7 млрд доллар шеттен қарыз аламыз. Осы қаржыны қажет жерге жұмсап, экономиканы аяққа тұрғызуды небәрі 36 жастағы Қуандық Бишімбаевқа тапсырудан да сарапшылар қатер көріп тұрған жоқ.

Ал дінге жауапты жаңа министрлікті қос қолдап қолдаған саясаттанушылар пайдасыз тағы бірнеше ведомствоны қысқартса деп отыр.