ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ ҰЛТҚА ҚАУІПТІ КОМИТЕТ ПЕ?!.
2016 ж. 31 тамыз
9897
9
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сіздің атыңызға тақауда «Уахабизм мен Салафизмнің барлық тармағы – экстремистік ағым!» деген атпен қазақтың иір бұтақты зиялылары қол қойған ашық хат жарияланды. Ашық хатта елімізге дендеп еніп кеткен салафизм тармақтарының қауіптілігі хақында айқын мәселелер көтерілді. Ақтөбеден басталып, Алматыда ұласқан сойқанның соңында өзіңіз «теракті» деп баға берген салафилік ағымның өкілдері тұрғандығы баса айтылып, салафилікке сот шешімімен тиым салу талабы қойылды. Ашық хатқа мыңнан астам оқырман қол қойып үлгерді, қол қою қарқынды түрде жалғасуда.
Шынында да, бұл лаңкестік діни топ этносаралық һәм діни конфессияаралық төзімділік құндылықтарын аяқ-асты етуге талпынуда. Еліміздің тәуелсіздігі, мемлекетіміздің тұтастығы, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін жоққа шығаруда. Халықтың бірлігі мен баянды бақытына сызат түсіріп, «Мәңгілік ел» идеясының тамырына балта шабуда. Салафилер өздеріне қосылмаған және қолдамаған өзге азаматтарды «кәпірге» шығарып, олардың қанын төгуден шіміркпейтінін, ар-ұжданына қол сұғудан тайынбайтынын паш етуде. Мемлекетіміздің зайырлы құндылықтарына «тағұт», әдет-ғұрыптарымызға «бидғат», ізгілікке негізделген салт-жораларымызға «харам» деп жосықсыз жала жауып, ұлттар мен ұлыстарға, дәстүрлі діндерге құтты қоныс, бейбіт өріс болып отырған Қазақ елін «кәпірстанға» балауда.
Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік оқиғалардан кейін осы мәселеге қатысты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Сіз «содырлық сойқанның салафилерге тиесілі» екенін баса айттыңыз. Іле-шала Үкімет басшысы К.Мәсімов «Екі айдың көлемінде салафизмге тиым салу жөнінде шешім қабылданатынын» жеткізді. Дін істері комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин «Салафизмге тиым салу мәселесі талқыланып» жатқанын хабарлады. Осы аралықта салафи содырлары Алматыда, Балқашта, Ақтөбеде, Оралда теракті жасауға бірнеше рет ұмтылғанымен, өз пиғылдарын іске асыра алмай, құрықталды. Абсолютті тиым болмаса, лаңкестік оқиғалардың легі әлі де жалғаса беретін тәрізді.
Үкімет басшысы берген екі ай сырғып өтті. Бірақ, әлі салафизмге тиым салар сот шешімі шыққан жоқ. Еліміздегі білікті діни сарапшылардың БАҚ-да салафи ағымының қауіптілігі туралы жан-жақты мәліметтер бергеніне қарамастан, кейбір мемлекеттік ведомостволар сот шешімін шығаруға құмбыл емес секілді. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Білім және Ғылым министрлігі, ҚР Прокуратурасы, Дін істері комитеті, облыс әкімшіліктері салафизмге тиым салуды қолдағанмен, ҚР ҰҚК-нің өкілдері салафизмге тиым салуға үзілді-кесілді қарсы шығып отыр. Бұл не қылған сыңаржақтық? ҰҚК ұлттың қауіпсіздігін ойлайтын комитет пе, әлде ұлтқа қауіпті комитет пе? Осыны халық түсінбей отыр.
Бүлікші ағым – салафилікті ашық айыптауға бармай, тиіп-қашып қана мәліметтер беріп отырған ҰҚК лауазымды тұлғаларының іс-әрекетін қалай түсінуге болады? Аты дардай бұл аса жауапты мекеме өкілдері бүгін осылай сыздықтатып отырып, ертең салафилікке тиым салуға жол бермейтін шығарып салма құжат әзірлеп, Елбасының атынан елге жария етпесіне кім кепіл?! Неге ҰҚК мәселені шешуге емес, одан қашуға аса ынталы болып отыр?!
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Қоғамда көп орын алатын лоббизм дерті ҰҚК-не жұққан сыңайлы. Әйтпесе, Сирия, Ирак, Тәжікстан, Өзбекстан, Шешенстан және т.б. мемлекеттерде бүлік тудырып, ауыздықталған діни ағымға біздің елімізде неге тиым салынбайды? ҰҚК елді қан-қақсатып, талай бейкүнә адамның өмірін жалмаған салафизм ағымына тиым салуға неге қарсы? Жалпы, қазір мемлекеттік органдарда салафизмді қолдайтын азаматтардың жұмыс істейтіні әмбеге аян. Олардың талайын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Менің пайымдауымша, ҰҚК-нің құрамында да салафизмді қолдайтын қызметкерлер бар. ҰҚК-дегі салафизм эммисарлары Қауіпсіздік Кеңесіне жалған ақпараттар мен концепцияларын өткізуде. Осы себептен де шешімі кезек күттірмейтін аталмыш мәселе сағызша созылып келеді.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Мемлекет болашағы үшін маңызды мәселелерді шешуге атсалысып, өзіңіз шешім қабылдап келесіз. Кейбір мемлекеттік органдарды салафизм дертінен айықтырып, еліміздің келешегіне аса қауіпті бұл діни ағымға тиым салу мәселесіне де өзіңіз нүкте қояды деген сенімдеміз.
Қазыбек ИСА, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, "Қазақ үні" газеті Бас редакторы
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы, тарих ғылымы докторы, доцент.