Жанұзақ ӘКІМ: Жер сатудан пайда тапқан ел жоқ
2016 ж. 16 тамыз
3930
12
Үш ай бойы жұмыс істеген Жер мәселесіне байланысты комиссия жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiне жеке меншік құқығын беруге мораторий жариялансын деген ҚР Президентінің 2106 жылғы 6-мамырындағы №248 Жарлығының күшін 5 жылға созу жайлы ұсыныс жасайтын болып шешті. Біз аталмыш комиссия мүшесі Жанұзақ Әкімнен осы шешім мен жалпы жер мәселесі туралы өз ойымен бөлісуін өтінген едік.
– Жер үшін айқас аяқталайын деді ме?
– Аяқталар түрі жоқ, себебі, мораторий жарияланып, Жер комиссиясының талдауына шығарылған 4 мәселенің біреуі ғана – ауыл шаруашылық саласындағы жерді 25 жылға жалға беру мәселесі ғана шешімін тапты деуге болар. Қалғандары – шетел азаматтарына жерді сату мен оларға және шетелдік қатысушысының үлесі 50 пайыздан асатын отандық заңды тұлғаларға жерді жалға беру мен қазақстандық азаматтарға жерді сату мәселесі сол күйінше тұр. Біз осы үш сұраққа да біржақты жауап берген кезде ғана өз жұмысымызды атқарып шықққан болып есептеліп, тарқауымызға болады.
Екіншіден, Жер комиссиясы барлық облысқа барып өз отырысын өткізеді деп хабарланған болатын. Әзірге 4 облыста ғана болдық. Әлі 10 облысқа баруымыз керек. Бізде облыс тұрмақ, өңірлердің жағдайы әр түрлі. Мысалы, Аралдың тартылуы мен ғарыш айлағының кесірінен Қызылорда облысындағы Қазалы ауданы халқының 37 пайызы ауру. Бұндай проблемалар біздің көптеген аймақтарымыздан табылады.
Ал, енді тікелей жер мәселесіне келсек, латифундистер жүз мыңдаған, миллиондаған гектар жерді алып алған. Олардың атын атауға да бата алмай отырмыз. Заңымыз осылайша оларды өзінің қанатының астына қорғауға алыпты. Жекелеген азаматтар, қоғамдық ұйымдар өкілі мемлекет басшысына Ашық хат жазып, оның ішінде өзіңіздің де қолыңыз бар, «Үкімет 2003 жылы қабылданған Жер кодексінің әр адамға қала аумағында 10 сотық, саяжай аумағында 12 сотық, ауылдық аймақтарда 25 сотық жер телімі берілсін деген талабын 1-шілдеге дейін орындасын, орындамаған жағдайда отставкіге кетсін» деген талап қойған болатынбыз. Оны әзірге орындауды бастаған Қызылорда облысы ғана. 46 мың адам өтініш берген екен, соның 6 600-іне инфрақұрылымы бар жер бөлінді.
Жалпы, жер мәселесін түпкілікті шешу үшін біз реформасының басымды бағыттарын анықтап алуымыз керек болып тұр. Біздің ауыл шаруашылығында әзірге басты сала – астық өндіру. 22-23 млн.гектарға бидай егеміз. Оның орнына 12 млн.гектарға ексек, ол біздің, экспортпен қоса, барлық қажетімізді өтеуге жетеді. Сонда 10-11 млн.гектар жерге жылына субсидия мен жанармайға дотацияға берілетін миллиондаған доллар қалтамызда қалар еді. Біз әр гектардан 10-12 центнерден бидай аламыз, ал, Канада секілді дәл біздей бидай егетін дамыған елдер 50 центнерден өнім алады. Біз ұн өнімдерін шектен тыс көп қолдануымыздың салдарынан қант диабетімен, онкологиялық кеселмен ауыратын адамдар санын қолдан көбейтіп отырмыз.
– Дұрыс айтасыз, менің Қартабай атты 1980 жылы 96 жасқа келіп қайтыс болған нағашы атам айтып отыратын: «Сендер нанды бейпіл жегізген кеңес өкіметіне рахмет айтыңдар. Ал, бұрын дастарханда нан үш мезгіл толып тұрмайтын, қазақ еттің өзін қамыр салмай жейтін, себебі, ұн тек біз секілді байлардың үйінде ғана мол болатын. Ал, сол еттің майлы сорпасына пісірілген қамырың – ең қорытылуы қиын ас. Кәзір келіндер қит етсе макарон, вермишель қуыруға дайын тұрады, бұның бәрі адамды ауру қылады».
– Кезінде Қазақстандағы тың жерлерді игеру тек Кеңес Одағының қажетін өтеу үшін ғана емес, Азия мен Африкадағы социалистік елдерді асырау үшін де жасалған саяси қадам ғой. Бүгін – басқа заман. Ендеше, біз өз басымдық бағыттарымызды қайта қарап шығуымыз керек болады.
Біз жерге бидайдың орнына құрамында 19 түрлі микроэлементі бар тары ексек, ол біздің денсаулығымызға әлдеқайда пайдалы болар еді. Оның үстіне жер таңдамайтын, құнарлы қабаты бар-жоғы 1-1,5 см топырақта да өсе беретін тарыдан орта есеппен 60-70 центнер өнімді ойланбай ала аламыз. Жүгерінің өнімділігі де одан жоғары болмаса төмен емес. Ал, оның сабағы – таптырмайтын мал азығы. Жүгерінің де кәзір 52-55 күнде пісіп-жетілетін сорттары жасап шығарылған, оларды Орталық, Солтүстік Қазақстанда егуге болады. Біздің күріш егуден де тәжірибеміз мол.
– Күріш егу бүкіләлемдік экономикалық блокадаға ұшырағандықтан барлық азық өнімін өзі егуге мәжбүр болған кеңес елінің 30-жылдары амалсыздан қолға алған ісі ғой...
– Ал, күріштен өнім алу үшін оның әр гектарына 50 мың текше метр су керек! Сол күріш егетін 200 мың гектар суармалы алқапқа жүгері ексек, 130 мың тонна күріштің орнына 15 млн.тонна жүгері алған болар едік. Мал шаруашылығында Аргентина, Австралиямен бәсекелес бола алатын елміз. Өнімі аз болса да бидай аламыз деп жүріп, жерді жаппай жыртудың салдарынан 100 млн.гектар шабындықтан айрылдық. Сол жайылымға мал жайсақ, әр келісінің өзіндік құны 1,2 доллардан аспайтын өте арзан да құнарлы мал етінің жылына 1 млн.тонна етті экспортқа шығарған болар едік.
– Және шөпке семірген мал етінің дәмі тіл үйіретін дәмді болатындығын айтсаңызшы! Ол тек дәмді ғана емес, ең бастысы денсаулыққа пайдалы ғой. Өйткені, жемге семірген мал етінде адам ағзасына қажетті микроэлементтердің көбі болмайды...
– Дұрыс айтасыз. Біз етті экспорттауда Канада мен Аргентинаға бәсекелес бола алар едік. Ал, оған бейімделген өзіміздің малдың «Еділбай қойы», «қазақтың ақ бас сиыры», «көшім жылқысы» секілді небір түрлері бар. Патшалық Ресей кезінде қазақ даласында 30 млн. жылқы, 30 млн. қой болған.
Құнанбаймен бірге қажылыққа барған қазалылық Мырқы деген байдың сол заманда 12 мың жылқысы болған екен. Кәзір бүкіл облыста 30 мың жылқы ғана бар! Облыс көлемінде 500-ден астам құдық қазылса, 300 мың жылқы өсіріп, ұстауға болады.
Әлемдегі бекіре балығының, оның уылдырығының 40 пайызы біздің елімізде. АҚШ-тың Калифорния штатында бекіре балықты қолдан асырып, уылдырыққа деген сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бізге де соны қолға алу керек.
– Калифорния ЖІӨ жөнінен әлем елдерінің арасында 7-орын алады...
– Біз тек малмен ғана айналысып қоймай, алманың тек біздегі Алатауда ғана өсетін апортын қайта қолға алуымыз керек. Қызғалдақтың отанымыз, ал, одан бір теңге пайда таппаймыз. Кіп-кішкентай Голландия елінің тюльпаннан түсіретін табысы біздің еліміздің барлық ауыл шаруашылығы беретін табыстан артық!
– Жанұзақ мырза, мына айтып отырғаныңыздың бәрі ауыл шаруашығын түбегейлі бетбұрыс жасауды талап ететін шаруа ғой. Ал, оны іске асыруға бір-екі жыл жетпейді. Сондықтан, жерді сату мен жалға беру жайлы пікіріңізді тұйықтасақ.
– Патшалық Ресейдің Алясканы сатуы, Палестинадағы арабтардың еврейлерге, ұйғырлардың қытайлықтарға жер сатуының аяғы неге әкеліп соққанын бүгін бүкіл әлем көріп отыр. Яғни, жерін сатудан немесе жалға беруден пайда тапқан ел жоқ! Оның үстіне біз тәуелсіздік келгелі шетелдік озық техниканың неше түрін сатып алудан онсыз да көптің алдына тұрмыз. Ал, біздің жерімізге көзін тігуші Қытайда жаңа технология ешуақытта болған емес. Олар тіпті өз елінің 3,2 млн.гектар ауыл шаруашылық жерін аяусыз пайдаланамыз деп, өлтіріп тынды.
Қытай әкеліп бізге соя егеді, басқа егеді деген сөздің бәрі жалған сөз. Оның бәрін өзіміз бұрын да еккенбіз, кәзір де еге аламыз. Алматының түбіндегі «Байсеркеде» сол сояны егіп, жап-жақсы өнім алып отыр. Жерді жалға берсек немесе сатсақ шетелдіктер бізге инвестиция әкеледі деген сөз аңқау халықты алдаудың бір түрі ғана.
– Ең бастысы Қытай бізден жерді жалға болса да егін егу үшін алмайды, сол жерге біржолата орнығу үшін алады ғой. Осы қауіп, дәлірегі қатерді ауылдағы шаруа отандастырымыздың көбісі әлі сезбейді, сезсе де көңілі сенбейді. Жұрттың бәрін өзіміз секілді адал, ар жағында ішкі арам есебі жоқ деп ойлайды...
– Жерді сату – Отаныңды сату деген сөз! Жерді сатудан мүлдем бас тартпасақ, ол түптің түбінде бізді екі бірдей соғысқа апарып соғады. Біріншісі – өз еліміздің ішіндегі азаматтық соғыс, екіншісі – қытайлықтармен, яғни, жерімізді сатып немесе жалға алған сыртқы елдермен соғыс.
– Сіз өзіңіз азамат ретінде бүгінгі қиындықтан шығу үшін, алдағы ауыртпашылықтың алдын-алу үшін не ұсынар едіңіз?
– Біздегі басты мәселенің бірі – жұмыссыздық. Ол ауылды жерді жаппай жайлаған болса, қалада да оңып тұрған жоқ. Жастардың 50 пайызға жуығы – жұмыссыздар. Олардың 30 пайызының басында баспанасы жоқ. Міне, соларға ең болмаса басына үй тұрғызып алатын жер беруіміз керек. Діни ағымдарға кірудің басы жастардың жұмыссыздығынан басталады. Біздің ресми органдардың «2 млн. адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отыр» дейтіндері – шын мәнінде жұмыссыздар. Мысалы, астындағы ескі көлігімен таксист болып, адам тасиды. Құрылысқа жалданады. Айлығы шайлығына жетпейді...
Біздің «Адамтану» академиясы «Медитека» жобасын қолға алып жатыр. Оның көздеген екі мақсаты бар. Біріншісі – интернетті республикадағы барлық үйге ендіру, екіншісі – халықты сол интернеттің көмегімен қашықтықтан оқыту. Ізденген әр адамның өзіне білім алуына жағдай жасау. Ауылдағы балалардың білім деңгейін көтеру.
– Рахмет! Қолға алған жобаларыңыздың іске асуына тілектеспіз!
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ