ҚОШ БОЛ, ОП-ПО-ЗИЦИЯ!..
2011 ж. 18 ақпан
3105
53
Қазыбек ИСА.
МЕМЛЕКЕТ БАСҚАРМАҚ БОЛАТ ӘБІЛОВ
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ СЫНАҒЫНАН ҚАШТЫ МА?..
Қош бол, оп-по-зиция! Бұл өздерін «Азат» деп атаған ЖСДП партиясының 12 ақпандағы сьезінің шешімімен биылғы 3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президент сайлауына қатыспайтындықтарын мәлімдегенде ауызға түскен алғашқы сөз еді...
Ел ішінде есімі ең белгілі оппозициялық партия, бұдан бұрын да парламент сайлауына екі рет қатысып, бір рет Мәжілістен орын алған, Президент сайлауына да түсіп, тәжірибе жинаған «Ақ жол» партиясы да сайлауға қатыса алмайтындықтарын елдің алдымен ашық айтқан болатын. Партия төрағасы Әлихан Бәйменов бұны Президент сайлауының өте тығыз, қысқа уақытта өтетіндігімен, сондықтан сайлау нәтижесі әзірден белгілі болуымен байланыстырды. Бұдан соң әйгілі ақын, ұлтшыл-патриоттар көсемі, «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысының жетекшісі, тіркелмеген «Халық рухы» партиясы төрағасы Мұқтар Шахановтың «Ақ жол» партиясы арқылы Президент сайлауына түсу жолы да қарастырылды. Мұқтар Шаханов кейін біраз уақыт ойлана келе, Президент сайлауына түсе алмайтынын мәлімдеді. Сонымен 12 ақпанда Шымкентте өткен партияның кеңейтілген Президиум мәжілісінде «Ақ жол» партиясынан ешкім кезектен тыс Президент сайлауына қатыспайтыны белгілі болды. Партия президиумында «Ақ жолдың» 3-4 мүшесінің сайлауға түсу ойы бар екені айтылғанмен, олар да ақыры бас тартты... Бұған партияның қаржылық жағдайы да әсер еткен секілді. Мұқтар Шаханов өзінің сайлаудан бас тартуы себебі туралы Мәлімдеме жасады. Ол газетімізде жарияланып отыр.
Ғазиз Алдамжаров басқаратын Коммунистер партиясы сайлауға бойкот жариялайтынын о бастан мәлімдеген болатын ... «Алға» партиясы төрағасы Владимир Козлов мемлекеттік тілді екі айдың ішінде үйрене алмайтынын айтып бас тартты сайлаудан... Білген екен қасқаң, сынақтан өте алмайтынын... Қайсарлар құлап жатқанда ол қайдан өтсін... Ал діні қатты деген Жасарал Қуанышәлин бір зейнеткер шалды сотта «жеңіп еді», жұмсарып шыға келді де, президент сайлауынан бірден бас тартты...
Енді ел о бастан «Қайдасың сайлау?!» деп аттандап, Жармаханнан да бұрын жар салған «Азат» ЖСДП теңтөрағасы Болат Әбіловтен үміттеніп отыр еді. Тіпті, азаттықтар президенттіктен үміткерлерін атап та қойған болатын. Сайлауға Болат Әбілов түсу үшін тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің бас тартқанын да естідік... Енді келіп, «ешкім де түспейді» деп, есінеп отырған азаттықтар көсемін көріп апам да аң-таң, мен де аң-таң...
Болаттың «болмаймын да, болмаймын» деп, сайлаудан қашуын ел сан-саққа жүгіртіп отыр. Олардың «билік біздің қатысуымызға зәру» дегені өтпей, отырып қалған кәрі қыздың «мен ешкімге тимеймін» дегеніндей аянышты естіледі екен... Ертісбаевтың құлағына алтын сырға... Сондықтан, бұл бәлсіну нұсқасын сөз етпесек те болады...
Ең көп айтылып жатқан нұсқа және сенімділеуі - мемлекет басшысы боламын деген Әбіловтың мемлекеттік тіл сынағынан қорқуы. Бұның жаны бар. Себебі «Азаттың» Астанадағы филиалын басқаратын экс-сенатор, экс-президенттікке кандидат, «Кенесары хан» қорының төрағасы Уәлихан Қайсардың партия төрағасынан бұрын, ең бірінші Президенттікке кандидат атанып, бірақ қазақ тілінен құлап қалғаны біраз саясаткерді састырып тастады... Қазақша сайрап тұрған Қайсардың өзі құлап жатқанда, Бутяға бұл сынақ оңай соқпасы анық. Болат мемлекеттік тілді соңғы жылдарда ғана үйренді. Расын айту керек, мен өз басым оның алғырлығына өте разы болдым. «Миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін үйрене алмаймын» деп парламентте мәлімдеген экс-министр Ерлан Ыдырысовтардан Құдай сақтасын... (Бізде қазақ тіліне миы жетпегендер қазақ министрі болып жүре береді, ондай сауатсыз «мүгедектігін» парламент партасындағыларға мәлімдесе де...) Болат бірақ, қазақшаны Қайсардан артық біле қоймайтын шығар деп ойлаймын. Ал Ертісбаевты жолда қалдыратыны анық... Қазақшасы «Алға» партиясы төрағасы Владимир Козловтан да, тіпті Ресей Президенті Д.Медведовтан да кейін, «нан бер» дегенді айта алмайтын Ғани Қасымовты айтпағанда... Айтпақшы, сол Қасымов баяғыда Президенттікке кандидат болып, бар бітіргені эфирде стақан сындырып, көк базарда көрінген шалдың көк сақалына жармасатын кезінде қазақ тілі сынағынан қалай өткеніне таңым бар... Әрине, билікке өз ана тілін, мемлекеттік тілін білмейтін, патриоттықтан жұрдай «Патриоттар» партиясы «көсемінен» гөрі қайсарлығы басым Қайсарлар қауіптірек болуы керек... Қайсардың жіберген 28 қатесінің ішіндегі 10 стилистикалық қатеге дау айтуға да болады... Өйткені, стилистикалық қателер мамандардан да, тележурналистерден де, көптеген филология ғылымы докторларынан да кете беретіні күнделікті редакция жұмысынан біліп жүрміз... Баяғыда, осыдан 20 жыл бұрын Алматыдағы «Жас қазақ» газетіне шалғайдағы Шардараның Қызылқұмынан келген мамандығы суретші журналист менің өзім сол кезде бір халық жазушысының газетке берген мақаласын стилистикалық жағынан түзеп жазып шығып, таң қалғаным бар...
Қайсар өте алмаған сынақтан президенттікке кандидаттар Қанат Төрегелдиев, Мұсағали Дуамбеков пен Сәлім Өтен өте шықты...
Асатаяғын ұстап, аттандап келіп, тіркелген Амантай қажы екі ретте де емтиханға келмей қалды... Шамасы, бағдарламасындағы байға тимеген бес жүз мың қыздың шаруасын шешуге әлден кірісіп кеткен болу керек... Қуалап жүріп, тауып алып: «Қайда жүрсіз?» деген КТК тілшісіне: «Емтиханның соңғы күні барамын. Бірақ бұл комиссияға емес... Олардың орнында Молдағалиев, Тасмағамбетов, Мұхтар Шаханов, Сариевтер отырсын»...дейтін көрінеді...
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та емтихан тапсырды ел қатарлы... Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді ресми орындарда көп қолданбайтыны болмаса... еркін сөйлеп, еркін жаза беретіні белгілі. Көптеген қаламгерлерге өз қолымен жазып берген тілек, лебіздерін кейде әуестігім оянып, әдейі қараймын. Бір қате жібермейтініне разы боласың... Сондықтан да Президенттікке кандидат Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тіл сынағынан 5 алып шықты... Бұған әрине, елден бұрын сол комиссия, әсіресе, оның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков алақайлап қуанды... «Конституцияда «қазақ тілін еркін білу керек» деген. Мен айтар едім, Елбасымыз «мүлтіксіз меңгерген» деп...»-деп, сол арада бірден Конституцяға «өзгеріс» енгізіп жіберді... (Лингвистика комиссиясы төрағасының «мен айтар едім, Елбасымыз мүлтіксіз меңгерген деп» деген сөзінде де, стилистикалық қате бар, орысша құрылым... «Мен Елбасымыз мүлтіксіз меңгерген деп айтар едім» деп айтылу керек...)
Осы арада айта кету керек, Президенттің өзі мемлекеттік тілден сынақ тапсырып жатқанда, депутаттыққа кандидаттар мен үкімет мүшелерінің, Ақордадан ауылға дейінгі мемлекет қызметкерлері, ұлттық компаниялар мен көпшілікпен жұмыс істейтін барлық мекемелер қызметкерлерінің әлі күнге дейін, 22 жылдан бері қазақ тілін табанға таптап жүруі өзін сыйлайтын намысы бар ешбір елде кездеспейтін сорақы да, аянышты жағдай. Турасын айтқанда бейшаралық!
«АЗАТҚА» ҒАНА ЕМЕС... ҚАЗАҚҚА КЕРЕК КЕҢЕС!..
Ал енді Болатымыздың «болмаймынына» қайта оралайық... Ия, ертең лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай мырзаның қолына айқайлап жүрген «Азат» партиясының көсемі Әбіловтың қып-қызыл шимайға толы қатесі бар шығармасы түссе, құдай берді дей беріңіз... Көсемімізге жағынушылардың көсемі Мырзекең Болат Әбілов Уәлихан Қайсар секілді карсы болып, сотқа бермесе де, дереу баспасөз мәслихатын өткізіп жіберіп, қатеге толы парақты елге қайта-қайта көрсетіп, сайрайтыны анық... Оны телеарналар күндіз-түні жарысып көрсетіп жатса, Әбіловтың әбүйірі не болатынын ойлай беріңіз... Сондықтан Болаттың сайлауға қатысуына зәру билік емес, оны Қособада қосауызбен күтіп отырған тек Мырзатай мырза ғана. Яғни, бұл бас тартуға болашақ «бас тартылудан» айырылған Жолдасбеков қана өкінішті... Бұл бір деп қойыңыз...
Екінші, партияда бірауыздық жоқ деген де сөз бар... О бастан бері екі-үш рет партия атын ауыстырып, екі-үш рет ажырасып, қайта қосылған тұрақсыз «неке» тағы да сыр беріп қалуы кәдік. Оны Болат Әбіловтың Президент сайлауы жарияланбай жатып «Мен түсемін» дегені мен Жармахан Тұяқбайдың «Біз әлі бір шешімге келген жоқпыз, оны партия президиумы шешеді» деп, басқа пікір білдіруінен де байқауға болады... Ал бұл екі төрағаны да аттап өтіп, сайлаудың тіл сынағынан құлаған Уәлихан Қайсардың тірлігі анау... Оған Әбілов «сиезге келмей-ақ қой» деп сәлем айтып, оны партиядан шығару мәселесін қолға алып жатыр. Ал Қайсар «Азат» партиясының Ақордамен тығыз байланысы барын, сондықтан биліктің тапсырмасын орындап отырғанын мәлімдеуде...
Айтпақшы Жармахан Тұяқбайдың өзі неге түспейді? Мейлі, Жармахан жағдайын ойлап, Болат тіл сынағынан басын алып қашып, бас қатырып жатса, бас хатшы Әміржан Қосанов бар емес пе? Мамандығы журналист, өзі ақын, яғни қазақ тілі сынағынан қалқып өтеді. Комиссиядағының бәрі, Мырзатайдан бастап өзінің ұстаздары... Ермұрат Бәпи туралы да осылай деуге болады...Бірақ екі төраға да өздері болмаса, бас хатшыға да, басқаларға да баталарын бере қояр ма екен... Міне, мәселе қайда жатыр... Ал Ораз Жандосов пен Төлеген Жүкеевтер баяғыда-ақ партиядан іргесін аулақ салған...
Осындай берекесі қашқан оппозиция (жоғарыда аталған партиялар мен саясаткерлер) Президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың ащы мысқылына азық болуда. Ертісбаев таяуда «Азатқа» ғана емес...қазаққа керек кеңес айтты! Ерекең шынында ер екен: «Билікті сұрап алмайды, тілемейді... Егер ол жұмыс істейтін опозиция болса, ол билікті өз қолдарына алады. Өз жақтастарын жинап, Шеварнадзені қуған Саакашвили секілді, Қырғызстандағы сияқты, Украинадағыдай... Ющенко мен Тимошенколар дауысты қайта санауға және дауыс беруге мәжбүретті.Байыпты оппозициялық қызмет ынтамен жұмыс істеуді талап етеді. Ал «Азат» партиясындағы әрекеттің бәрі оппозиционерлердің ролін ойнайтын әртістер жиналған театр»-деп төбеден ұрғандай солқ еткізді... («Коммерсанть»). Шамасы, шаппай тұрып, шаршап қалған оппозицияның былқыл-сылқылына күйіп кетіп...тіпті өзінің оппозиция емес...Президент кеңесшісі екенін ұмытып кеткен болу керек... Сарай бұлбұлын «бос мылжыңдай береді» деп сынаған Болат Әбілов туралы Ерекең: «Оның көздегені Президент болу ма, әлде президент кеңесшісі болу ма, дәл анықтап алсын. Әдетте тәуір Президенттікке кандидат сын садағына Президентті алады... оның кеңесшісін емес...» (Литер) деп, тіпті соқырға таяқ ұстатқандай етіп... сойып салды...
Қысқасы, ақырында ешкім де сайлауға түспейтін болған съезд шешіміне наразылар көп... Интернеттегі «qazaq» блогы (Зона.кз) бұған «Азаттың» қаржысы аздығын да себеп қылып кетіпті. Партия «Көктемгі шақыру», «Күзгі шақыру» кезінде (әскерге шақыру деп ойлап қалмаңыз... қол жинаған акциялар) жұмылдырылған жергілікті партия белсенділеріне бір жылдан бері әлі қарыз көрінеді. Ал партия мәлімдемесіне қарасаңыз, барлығы дайын, сақадай сай, үміткер үкілеулі... Бірақ іс жүзінде түк те болмай шықты... Демократиялық күштердің ақырғы үміті «Азат» майдан даласын тастап қашты...
Қош бол, майдан!. Қош бол, оп-по-зиция!..
qazaquni.kz
ҚАЗАҚТЫҢ БЕТІНЕ ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ, МЫРЗАТАЙ МЫРЗА?!.
Қазақша нан сұрай алмайтын Қасымовты өткізу – қазақ тілі мен қазақты қорлау! Мемлекет басшысын – Президент сайлауын қорлау! http://www.qazaquni.kz/?p=5629