ЕУРОПАДА МИНИСТР БОЛҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Еуропада министр атанған алғашқы қазақ қызы, медицина ғылымдарының докторы, 53 жастағы чехиялық саясаткер - Жәмилә Стехликова.

Жәмилә Алмасқызының есімі 2007-жылы Еуропада және Қазақстанда жиі атала бастады. Өйткені, сол жылдың 9-қаңтарында Чехия Республикасының Премьер-министрі Мирек Тополанектың Жарлығымен қазақ қызы Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министрі болып тағайындалды. Сол кезден бастап «Тұңғыш» дейтін сөз саясаткер ханымға қарата айтылатын болды. Неге десеңіз, бұған дейін Чехияның тарихында өзге ұлтты министр болған емес, Құдай-ау, Чехия дейміз, мұндай жоғары дәрежелі лауазымға бүкіл Орталық Еуропа елдерінде басқа елдің өкілі алғаш рет көтеріліп отыр. Ал Қазақ елінің тарихында Жәмилә ханым алғашқы болып Еуропаның озық елінде министр дәрежесіне дейін көтерілген қазақ ұлтынан шыққан саясаткер атанды. Министр атанған қазақ қызы кім? Расында да, бұл сұрақ халықты қатты қызықтырады. Сондықтан да, қолдағы бар мәлімет бойынша, аталған сұраққа жауап беріп көрелік. Жәмилә Алмасқызы 1962 жылы 6-ақпанда Алматыда дүниеге келген. Әкесі Алмас Ордабаев – сәулетші, мәдениеттанушы, этнограф. Ал анасы – Рауза Сембаева химия саласының ғалымы. Нағашы атасы Әбдіхамит Сембаев кезінде Қазақстанда Білім министрі болған саяси тұлға. 2007-жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Жәмилә ханым Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасында орналасқан Қарақұрым ауылындағы (Жамбыл облысы) атамекені туралы былайша аңсаған: «...Мен үшін Қарақұрым ауылының маңызы өте ерекше. Қарақұрымда менің атам, яғни әкемнің әкесі туып-өскен. Сондықтан, атамекен дегенде менің есіме әрқашан жиі түсетін жер – өзім туып, балалық шағым өткен әсем де сүйікті қала Алматы емес, алдымен сол Қарақұрым ауылы көз алдымда елестейді. Міне, сол ауылда өз құрбы-достарыммен бірге қыр-далаға шығып, өзен-көлге шомылып, атқа мініп, сайрандап жүрген кездерімді жиі аңсаймын. Менің қазіргі тіршілік-өмір жолым сол Қарақұрым қыстағынан бастау алады десем шындық болар». Қарақұрым. Мәскеу. Хомутов... Әкесі Алмастың жұмыс жағдайымен Мәскеуге қоныс аударды. 1986-жылы Бірінші медициналық институтының 1-ші емдеу факультетінде білім алып бітірді. 1985-87 жылдары аталған институттың психиатрия кафедрасында ғылыми қызметкері және сабақ беруші міндеттерін атқарды. «Мәскеу университетіндегі оқу кезінде чех жігітімен дәм-тұзымыз жарасып, Еуропаға қоныс аудардым. Сонымен, чех тілі ортасына түстім. Ал, қай орта, қай қоғамда болсаң сол елдің тілін білуің арқылы өз бет-бейнең, көзқарасың айқындалады екен. Менің көзім жеткені – ағылшын, орыс, неміс секілді әлемдік деңгейдегі тілдермен қатар өз ана тіліңді білмесең, балаңа үйретпесең онда әлемдік жаһандану теңізіне шөгіп кетуің ғажап емес. Ондай біркелкі өмірде ұлттық тегің де, тарихи тамырың да жойылады екен», – деген саясаткер ана тілі – қазақ тілін сақтай алмағанына өкініш білдіріпті. Болашақ жарымен Кеңес Одағынан Чехияға қоныс аударған Жәмилә 1987 жылы Прага қаласында аспирантурада оқыды. 1989-1992 жылдары Хомутов қаласында белді дәрігер-психиатр, 1992-1997 жылдар аралығында Прага халық денсаулық сақтандыру орталығында және Мемлекеттік денсаулық институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Қалалық кеңестен Парламентке... Саяси мансабын Жәмилә Стехликова 1998 жылы Хомутов қаласы Уәкілдігінің (маслихат) мүшесі болып бастады. Соңғы екі сайлауда Хомутов қалалық ратушасының (әкімдік) мүшесі болды, 2006 жылғы жергілікті уәкілдіктер сайлаудан бері Хомутов уәкілдігінің Шағын ұлттар жөніндегі комиссиясын басқарды. Жасылдар партиясының қалалық төрайымы, өлкелік ұйымының төрайымы және партияның бүкілреспубликалық кеңес мүшесі қызметтерін атқарды. 2001 жылы «Relikty» деген қоғамдық ұйымның құрылтайшысы болып «Pameti Krusnohori» деген жоба бастады. Бұл Солтүстік-Батыс Чехия өңіріндегі чех пен неміс ұлттары ішіндегі ескі тұрғындарды картада белгіледі. 2007-жылдың 9-қаңтарында Чехия Республикасының Премьер-министрі Мирек Тополанектың Жарлығымен Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министрі болып тағайындалған Жәмилә Алмасқызы бұл қызметінен 2009-жылдың қаңтарында өз еркімен кетті. Қазір экс-министр Чехияның денсаулық сақтау министрлігінің жетекші қызметкері, Жасылдар партиясының жетекшілерінің бірі ретінде саясаттағы мансабын абыройлы жалғастырып келеді. Өз еркімен министр қызметінен неге кетті? Чехияның тұңғыш өзге ұлтты министрі болған қазақ қызы 2009-жылы министр қызметінен кетуіне және Үкіметке келмей тұрып оның қатты сынына ұшыраған Иржи Чунектің вице-премьерліктен босауына не себеп болғанын бір сұхбатында: «2009-жылғы саяси дағдарыстың әсерінен Үкіметті сақтап қалуға саяси қажеттілік туды. Мұнда Премьер-министр Мирек Тополанек бұрыннан белгілі тәжірибені қолданды. Ондай тәжірибені уақытында Социал-демократиялық партияның Үкіметі де кабинет мүшелерінің бір бөлшегін, яғни әр партиядан бір немесе екі министрді ауыстыру үшін пайдаланған болатын. Мирек Топаланек өз партиясынан екі, христиандық демократтардан бір Үкімет мүшесін ауыстырды. Соңғысы – вице-премьер Иржи Чунек. Олардың өздері оны ауыстырғысы келмеді. Бірақ, біз оны ауыстыруды табанды түрде талап еттік. Өйткені, біздің Үкіметке Иржи Чунектің нәсілшілдігі көп кедергі келтірді. Сол себепті де Жасылдар партиясы Үкімет құрамының жаңаруын талап етті. Біз осы талабымызды айтып, баспасөз мәслихатын өткізген күннің ертеңінде Иржи Чунектің өзі Үкімет құрамынан кететінін мәлімдеді. Біз үшін оның кетуі мен бірнеше министрдің ауысуы саяси тазару іспеттес еді, сол үшін біз құрбандық жасағандай болдық. Бұл өте маңызды еді. Себебі, Иржи Чунек бір өзі бүкіл Үкіметтің аяғына тұсау болып отырды. Денсаулық сақтау және көлік министрлерінің ауысуы да өте маңызды болды. Жасылдар партиясы, соның ішінде мен де бармын, әрине, ол өзгерісті қолдады», – деп ашық айтқан-ды. Саясаткердің отбасы 1988 жылғы қаңтарында Милослав Стехлик деген чех жігітімен шаңырақ көтеріп, сол кездегі Чехословакияда көмір кені бар Хомутов қаласында тұрды. 1992-жылы Чехословакия азаматтығын қабылдады. 1997 жылы жұбайы Стехликпен белгілі бір себептерге байланысты ажырасты. Кәмилә (1989) және Асан (1995) есімді ұл-қызы бар. «Министр лауазымындағы адам мәжілістерден, не қызмет бабымен Чехия бойынша ғана емес, әлем елдері бойынша сапар шегуден қолы тимеген кезде шынымен өзінді отбасының алдында кінәлі сезіне бастайды екенсіз. Ал, бүгіндері бос уақытымның көбірек екені рас. Қазір мен неше түрлі отбасылық шараларды ойластыруға көбірек уақыт жұмсаймын. Серігіммен екеуміздің арамыздағы қарым-қатынас та жақсарып келеді. Шынын айтқанда, министр кезімде отбасым менің елесімде ғана болатын, ешбір уақытым болмайтын. Меніңше бұл – саясаттағы барлық әйелдің ортақ мәселесі. Әйел адамға жас кезінде, бала-шаға жоқ кезде немесе балалары есейген соң саясатпен айналысуға болады дер едім. Өзім осы екінші топқа жатамын, балаларым ересек, әрқайсысы өзімен-өзі», – дейді екі баланың анасы. Тобықтай түйін Жоғарыда айтқанымыздай, бұған дейін Чехияның тарихында өзге ұлтты министр болған емес, тіпті, Чехия дейміз-ау, мұндай жоғары дәрежелі лауазымға бүкіл Орталық Еуропа елдерінде басқа елдің өкілі алғаш рет көтерілді. Сондықтан да, Қазақ елінің тарихында алғашқы болып Еуропаның озық елінде министр дәрежесіне дейін көтерілген қазақ қызының есімі Қазақстан, керек десеңіз, Еуропа тарихында алтын әріптермен жазылғаны даусыз. Дәрігер ретінде де «медицинаның атасы» Гиппократ антына адал болған саясаткер ел арасында даңққа бөленіп жүр. Бәрекелді!

Жасұлан Мәуленұлы

"Қазақ" газеті