«Ізденгіш» парламент...

777

енді не деп ақталады?..

Бір айдан астам уақыт бүкіл елімізді құлағынан тік тұрғызған референдум эпопеясы да аман-есен тәмамдалды. Және, кейбір саясаткерлер болмаса, көпшілік бұл эпопея дәл осылай күйде аяқталады деп күтпеген де болатын. Қол бала парламент сияқты оның да қол бала екендігі көпшілік үшін ешқандай құпия болып табылмайтын Конституциялық кеңестің референдумға байланысты конституцияға өзгерістер енгізу жайлы заң жобасын ата-заңға қайшы деп табатынына көп адам сенбеген болатын. Бұл бірінші күтпеген жағдай болса, екінші тосын жағдай Елбасының мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы болды. Рас, бұдан біраз уақыт бұрын «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев «Конституциялық кеңес» бұл заң конституцияға қайшы деп таба қалған жағдайда, халықтың ыстық ықыласы, талап-тілегі жерде қалмас үшін президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізген дұрыс» деген сыңайлы пікір айтқан болатын. Бірақ, оның бұл пікірі елеусіздеу қалып кеткен еді. Себебі, Нәрікбаевтың өзі «мұндай сайлау да заңға қайшы» дегендей ой айтқан еді. Қазір саясаткерлер президенттің бұндай қадамға баруының сыры неде екеніне жорамал жасап әуре. Біреулер оны Ресейдегі келесі президент сайлауымен байланыстырады, ол сайлаудан бұрын Қазақстанда өз билігін тағы бір заңдастырып алғысы келді деп топшылайды. Бұл енді қисыны келмейтін әңгіме. Қисынға келетіні президенттің бүгінгі оңтайлы саяси ахуалды пайдаланып қалғысы келгендігі болса керек. Өйткені, 2012-нің желтоқсанына дейін кім бар кім жоқ, күнде құбылып жатқан дүние мынау. Сондықтан «сақтансаң – сақтаймын!» деген саясатты ұстанған дұрыс та шығар. Қалай болғанда да президенттің бұл жолғы ұсынысы да парламент тарапынан толық қолдау табатынына ешкімнің күмәнданған жоқ. Және ол сайлауда Н.Назарбаевтың жеңіске жететіні де шүбәсіз. Рас, біраз саясаткердің бұл бәйгеде өз бағын сынап көретіні де, олардың сайлаудан кейін «бұл сайлау да әділетсіз өтті» деп жалпақ жұртқа жария ететіні де алдын ала-ақ айқын нәрсе. Әрине, ең дұрысы шын мәнінде де барлық халықаралық қатаң талаптарға сай ете отырып, адал бәсеке ұйымдастыру еді. Солай бола қалған күнде де Н.Назарбаев үлкен басымдықпен жеңіске жетер еді. Бұл жерде мәселенің мәнісі «от добра не ищут» деп орыс мақалында айтылатындай, қолдағыға қанағат тұтатын қазақ халқының табиғатында жатыр. Ал Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың өкілдеріне Нұрекеңнен артық ешкім керек емес. Бірақ, ондай «батыл экспериментке» жергілікті әкім-қаралардың жүрегі дауламайды... Референдумды қолдаушы жалпыұлттық коалицияға «Ақ Жол» партиясының кіріп кетуі саяси өмірдегі ең үлкен күтпеген оқиғаның бірі болды десек артық айтқандық емес шығар. Соның алдында ғана «Республика» газетіне «я думаю, что вероятность вступления в коалицию крайне мала» деп сұхбат берген Әлихан Байменов басқаратын партияның бір апта өтпей жатып ұстанымының өзгеруі шынында да жұртты таңдандырып-ақ тастады. Бұл қадамымен партия абырой тапты ма, таппады ма, ол жағы да екіұшты, кесіп айтуға келе қоймайтын шығар. Полюстің бір жағынан «Нұр Отан» бастаған барлық оңшыл партияларды, полюстің екінші басынан солшыл күштерді – тіркелмеген «Алға» партиясы мен Қазақстанның коммунистік партиясын көреміз. Жалпыұлттық социал демократиялық «Азат» партиясы қайда деген сұрақ тууы мүмкін. Менің пайымдауымда бұл партия ешуақытта «Алға» партиясы секілді ымырасыз солшыл партия болып көрген емес. Өйткені, Болат Әбіловті де, Жармахан Тұяқбайды да шынайы түрде жан-тәнімен бүгінгі билікке қарсы күресіп жүрген тұлғалар деуге келмейді. Рас, олар өзін осылай етіп көрсетуге өмір бойы тырысып бағуда, бірақ іс жүзінде ол дәрежеге көтеріле алған жоқ. Себебі, екі партияның қосылуынан туған бұл партияның бұрынғы да, бүгінгі де жетекшілері билікке қарсы идеялық тұрғыдан ешуақытта оппонент болуға жараған емес. Ал, идеялық тұрғыдан оппонент бола алмағаннан кейін, өзіңді билікке балама күш ретінде көрсетуге қанша күш салып баққаныңмен, оның шын мәнінде олай емес екендігіне елдің ертелі-кеш көзі жететін болады. Тіпті жетіп те қалды. Кейінгі бір жылдық кезеңде «Азат» партиясы бетегеден биік, жусаннан аласа күйде өткізіп келеді. Екінші жағынан, бұл партия әуел бастан-ақ партиялық серкеге немесе көсемге жарыған жоқ. Сондай рөлді ойнайды деп ел-жұрт ең үлкен үміт артқан Ғалымжан Жақиянов түрмеден шыққаннан кейін жеке басының жағдайын күйттеп кетті. Жұрт қазір сондай саясаткер болды десең сенбеуге айналып барады... Рас болса, Құран Кәрімде «Құдайдың құзырынсыз қурай да сынбайды» деген аят бар көрінеді. Біздің елімізде де, әсіресе билік алаңында Президенттің батасынсыз ешқандай бастаманың басталмайтыны да, басталған істің басқа жаққа бұрылмайтыны да, ең ақыры ешқандай нақты шешім қабылданбайтыны да жайлы жазбаған журналист, айтпаған саясаткер қалмаған шығар. Бұл тұрғыдан келгенде Конституциялық Кеңестің де көп ойланып барып, іс жүзінде көп ойланған Кеңес емес, басқа жақ болса керек.., Парламенттің референдум жайлы ұсынған заңын қайшы деп тануы Ақ Орданың оң қабағын байқағаннан кейін ғана болғанын жұрттың бәрінің іші сезіп отыр. Ендеше не үшін билік осындай шешімге тоқтады? Бұл жерде ЕуроОдақтың, одан да бұрын АҚШ-тың бұл мәселедегі тегіс көзқарасы әсер етпей қоймаса керек. Әсіресе, АҚШ-тың. Өйткені, бұл елде халықтың діншіл екені мәлім. Дегенмен олар алыстағы, аспандағы Құдайдан бұрын, заң деген жердегі құдайға табынатыны тағы да ақиқат. Оның өзіндік ерекшеліктері мен себебі де бар. АҚШ мемлекеті ақ нәсілділер қынадай қырған миллиондаған үндіс халқының сүйегінің үстіне тұрғызылған мемлекет. Және бұл мемлекеттің негізін салушылар, берісі қазақша айтқанда қырық рудан құралған, екіншіден ойдан-қырдан қашқан, барған жерінде жаңа Отанында жарып шығатынына кәміл сенген, өмірлік қағидасы айқындалған, аяғына нық тұрған, әрі маман, әрі білімді, әрі өжет жандар болса, арысы ұрылар мен қарақшылардан, әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған осындай жандардан құралған ерекше мемлекет болатын. «Қол жиылып бас болмас, құл жиылып тас болмас» деген қазақ, оған қарсы тағы мақал бар, «құл жиылып тас болар, кіріктірер лай болса, қол жиылып бас болар, біріктірер Құдай болса», американ халқының біріктірген ең әуелгі күштің Алла Тағала екеніне дау жоқ, әйтсе де құл емес керісінше, әрқайсысы өзін теңдессіз дара тұлға деп есептейтін, ешкімге бас иіп, бағынғысы келмейтін бұл жеке тұлғалар өз алдына 1776 жылы отау құрып, АҚШ атты жаңа мемлекет болып шыққаннан кейін заң деген кіші Құдайға бағынбаса, осынша қанмен, осыншама термен келген жас отауларының ғұмыры ұзаққа бармайтынын анық сезінді. Америкалықтар сол Құдайындай табынатын заңдарының ішінде де ірілі-ұсағы, үлкені-кішісі, аса маңыздысы, кембағалдаулары кездеседі. Аса маңызды құқықтың бірі сайлау және сайлана алу құқығы. Ал біз сайлауды референдуммен алмастыру арқылы өз еліміздің азаматтарын осындай ең басты адами құндылықтарының бірінен айыратын едік. Бұны америкалықтар жүз жерден түсіндіргеніңмен түсіне алмайды. Х.Клинтонның референдумге АҚШ-тың теріс қарайтыны жайлы мәлімдеуі де сол себептен. Осыны ойлай келе Нұрекең референдумнан бас тарту жайлы шешім қабылдаса керек. Бірақ, бір айдан аса жақсы атты көрінгісі келіп, алаөкпе болған азаматтар бар емес пе? Оның ішінде «осы ісіміз Президент көңілінен шығады-ау» деген кез-келген мәселеде бір ауыздан дауыс беріп үйренген біздің Парламент депуттары да бар. Кеше сенатор, ғалым, философ Ғарифолла Есім ағамыз: «Конституциялық Кеңестің референдум жайлы заң жобасын конституцияға қайшы деп табуы да, президентіміздің референдум өткізбеу жайлы шешім қабылдауы да дұрыс болды. Жұрт бұл жағдайда «конституцияға қайшы келетін бұндай заңды екі бірдей палатасы бар парламент неге қабылдаған» деген сұрақ қоюы мүмкін. Біздікі де дұрыс, біз ізденіс үстінде болдық» деп телеарнаға сұхбат беріп тұр. Жалпы, біздің парламентке бұдан кейін «Ізденгіштер палатасы» деп ат қойсақ та жарасатын сияқты... Міне, осы «орасан зор», екі аптаның ішінде 5 миллионнан астам қол жинаған ғаламат еңбек ет пен тер арасындағы жел сияқты ауаға ілініп тұрып қалмас үшін, қандай еңбек болсын бағалануы тиіс қой, Президент мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ұсыныс жасайды. Әрине, басты себеп бұл емес, оның басты себебін тек Нұрекеңнің өзі ғана біледі. Басқамыздың тек жорамал жасауға ғана хақымыз бар. Біріншіден, өзінің әлі күш-қуаты бойында мол екенін, бабында тұрғанын көрсету деген ой болса керек. Себебі, кейінгі кезде «Президент қартайды, шаршады, қажыды, оның түпкілікті демалысқа кеткені дұрыс» деген әңгіме көп айтылып кетті. Міне, осы әңгімені су сепкендей басу қажет болды. Жалпы, референдумның өзі о баста осындай ойдан, «мен әлі 10 жыл ойланбай отырамын, билікке таласу дегенді ойларыңнан шығарып, әрқайсысың өздеріңе қатысты жұмыстарыңмен айналысыңдар» деген ишарадан туындаған сияқты болып көрінеді. Жарайды, референдум өтпесе сайлау бар. Елбасы енді екі жыл бойы сайлау туралы түрлі ой-қиялдардың қозғалуына, оларды қоздыруға мүмкіндік бермей, шалт қимыл жасап, бұл мәселені де шешіп тастаған сияқты. Ашығын айту керек, Нұрекең бұл жерде «біз мықтымыз» деп жүрген саясаткерлердің бәрінің алдын орап кетті. Референдумды қолдағыштардың өзі б.. сасып қалғанын мойындаулары тиіс. Президент осы ұтқыр жүрісімен тоқсаныншы жылдардың басындағы Ельцинді бір мезгіл еске түсіреді. Ұмытпаған болсаңыздар, Ресейдің бірінші президенті де қарсыластар алақанын ысқылап, «ал, Ельцин қателесті, дәл осы жолы ол құриды!» деп ерекше дәмеленген әрбір сынақ сайын ел мүлдем күтпейтін жүріс жасап, сол қиындықтардың өзінен жеңімпаз болып шыға келмейтін бе еді. Міне, бізде де қазір дәл осындай жағдай қалыптасып отыр. Біздің қоғамда енді кемі үш-төрт жыл бойы елдегі сайлау жайлы, келесі президент жайлы әңгіме көтермесек те болғандай. Дәл қазір біздің саясатта тосын жүріс жасап, сол жүрісінің тереңдігімен, байыптылығымен елді мойындататын, сөйтіп Назарбаевпен таққа таласа алатын саясаткердің қалмағаны дәл бүгін айрықша көзге көрініп тұр. Кім бар? Жалпы оппозицияның атынан өзін-өзі ұсынғыш Болат Әбілов пе? Болат өзін ұсынған күннің ертесіне «біз әлі ортақ кандидат жайлы бір тоқтамға келген жоқпыз» дейтін Жармахан Тұяқбай ма? Екеуі екі түрлі сөйлейтін мұндай тең төрағалардың соңынан кім ереді?! Енді кім? «Сен семізсің - жауға шаба алмайсың, кедейсің - дауға бара алмайсың, ақылдысың – көптің сөзіне ермейсің, ашуланшақсың – көпті соңыңа ерте алмайсың» деген екен бір би «мені сынап берші» деген өзінің досына. Сол сияқты білімдар болғанымен, ашуланшақ, «тек қана менікі дұрыс» дейтін Жасарал Қуанышалин бе? Әйтпесе, әрі білімдар, әрі ақылды, бірақ жаны жұмсақ Әлихан Байменов пе? Абай атамыз айтпақшы енді кім қалды? Сірә, ендігі сайлауға бұрын президент бәйгесіне қатыспаған Тоқтар Әубәкіров сияқты жаңа толқынның өкілі керек болар. Қалай болғанда да қазаққа өзі батыр, өзі ізгі жанды басшы қажет. Әйтеке бидің «халықты, мемлекетті бай да емес, би де емес, батыр басқару керек» дейтіні де сондықтан. Өйткені, бай дегеніміз бүгінгі экономист, ол елдің экономикасын ғана ойлайды. Би дегеніміз бүгінгі гуманист, ол елдің аман болуын ойлайды. «Мен орыспен қалай соғысамын, немесе қытаймен қалай соғысамын, екі шайнап, бір жұтқаннан қалмаймын ғой» деп ойлайды. Ал, батыр адам істің дұрысын ойлайды. Ісі дұрыс болса, орыс пен қытайдың екеуіне бірдей қарсы шығудан да тайынбайды. Ісінің сол әділ болғаны үшін де, Алла Тағала оны және оның елін небір адам сенбейтін қиямет-қайым мен қыл-көпірден аман-есен алып шығады. Ол сондықтан да Алла Тағала. Біздің ғұн бабаларымыз Қытайды тізе бүктіріп, алым-салық төлеттіріп тұрған кезде де халқының саны қытайлардан дәл қәзіргідей жүз есе аз екен... Бірақ, бұл жолы сайлауға кім болғанда да тәжірибе жинау үшін ғана демесе, әрекет жасап қажеті жоқ. Себебі, олардың уақыты әлі жеткен жоқ.

Өмірзақ АҚЖІГІТ