ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ ҮМІТІ ҮЗІЛЕ БАСТАДЫ МА?
2011 ж. 11 ақпан
1429
0
Ел президенттілігіне өз кандидатурасын ұсынған біраз азаматтар шығып, ел құлағы елеңдей қалып еді. Енді олардың емтиханнан сүрінгені туралы ақпарат та тез тарады.
Ақпанның 8-і күнгі мәліметте Қазақстан Президенттігіне өзін өзі ұсынушы-үміткер Сәлім Өтен Орталық сайлау комиссиясына мемлекеттік тілден емтихан тапсыруға келе алмай қалған. Сабақтан кешігіп қалған салақ оқушыға ұрысып үйренген ұстаздар болса, оған: «сенен қандай президент шығады?!» деп зекуі әбден мүмкін еді.
«Емтиханның бүгін өтпеуі Сәлім Өтен бас тартты деген сөз емес. Ол емтихан тапсырады», - деп уәж көрсеткен бұл туралы баспасөз қызметінің жетекшісі.
Ал Қазақстан Президенттігі сайлауына қатысуға үміткер Уәлихан Қайсаров мемлекеттік тілді білуден сынақ тапсыра алмай дал болыпты. Бұл туралы жорналшыларға Орталық сайлау комиссиясындағы лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, Қайсаров жазған шығармада тақырыпты аша алмаған. Тыныс белгілері мен орфографиялық қателері де көп екен. “Екі беттік мәтіннен 28 қате шықты, - Оқуға таңдалған мәтінді де орташа деңгейде оқып шықты, ауызекі сөйлегенде де үміткер тақырыпты аша алмады, бірнеше дәлсіздіктер анықталды. Үміткер қойылған сұрақтарға да нақты жауап бере алмады”, - дейді бұл жайында М. Жолдасбеков.
Қайсаров мүбәда ұрысқақ ұстаздардың алдына барып қалса: «қазақ тілін білмесең, қандай елге президент болғалы жүрсің!» деп дүрсе қоя берер ме еді, қайтер еді?!
Ал, Президенттік сайлауға қатысуға үміткер Мұсағали Дуамбеков Орталық сайлау комиссиясында мемлекеттік тілден емтиханды сәтті тапсырғаннан кейін Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын еске түсіру оған оңайға соқпағанын айтыпты.
«Өте қиын әрі күрделі болды. Әлі де қолым дірілдеп тұр. Мен қазақ тілін білетін адаммын, мектепті алтын медальға, ал институтты Лениндік шәкіртақыға бітіргенмін. Жақсы оқығаныма қарамастан, 22 жылдан кейін Абайды еске түсіру өте қиын болды. Зайыбым кеше Абайды оқы деп кеңес беріп еді, елемеген болатынмын. Түнгі сағат 2-де Абайды қайдан табамын деп ойладым», - депті М.Дуамбеков.
Мемлекеттік тілге келгенде Президенттігіне өзін-өзі ұсынған үміткер Мұсағали Дуамбеков қазақ тілінен өзінің білімін «төртке» бағалапты. Бес балл бойынша емтихан тапсыратын ол тәжірибе жүзінде дайындығының нашар екенін де мойындаған екен.
Осылайша үкілі үміткерлер ел алдына шығып, өзінің бағын сынап жатқан көрінеді. Шын мәнінде олардың президенттіктен үміті үзіле ме, әлде халықтың олардан үміті үзіле ме оны алдағы уақыт айтады.