Сәләфизмді жақтап, Елбасыға қарсы шыққан депутаттар Парламентте не істеп отыр?!.
2016 ж. 05 шілде
9311
24
Әншейінде аузын буған өгіздей тым-тырыс жататын Парламент жақтан өткенде «мәу» деген бір дыбыс шықты. Тып-тыныш ұйықтап жатқан ел елең етті. Сөйтсек көлденең көк атты емес, сонау Сенаттың төрінен Серiк Ақылбай мырза елге қарата: «Қысқа шалбар мен сақал – бұл әлi экстремизмнiң белгiсi емес» деп ышқыныпты. Арада бір апта уақыт өтті ме, өтпеді ме, Ақтөбе оқиғасы бұрқ етті. Осымен болған шығар деп едік, мәжіліс жақтан да сәләфизм ағымын қызғыштай қорыған бір үн құлаққа талып жетті. Бұл жолғы түренді Омархан Өксікбаев мырза түріпті. Ол кісінің айтқанына сенсек, сәләфизм деген ағым еліміз үшін түк те қауіпті емес көрінеді. Өксікбаевтің сөзіне «ызаланды ма» кім білсін, еліміздегі сәләфиттер тағы да бас көтермекке бейілдік танытып, Ақтөбе оқиғасын Балқаш қаласында қайталай жаздады.
Серік Ақылбайды былай қоя тұралық. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің өзі Ақтөбедегі оқиғадан кейін сәләфизм ағымын жерден алып, жерге салған еді. Президенттің сол сөзін Омархан Нұртайұлы елең қылған жоқ.
Алдымен Омархан Өксікбаевтің сөзін оқып алыңыз.
«Жалпы, сәләфизмнің идеологиясы бір кереметтей теріс деп айтқым да келмейді. Себебі Сауд Арабиясы мемлекеті осы бағытты қолдап, діндерінде қолданып жүр. Оның өзінде радикализмнің ештеңесі көрініп тұрған жоқ. Бізде соны бұрмалап алып кететін, соның атын жамылып, бірақ басқа бағытта адамның өміріне қауіп келтіретін, мемлекет құрылымына қауіп төндіретін мәселелер - ол басқа дүние. Сондықтан ол мынау қойдың терісін жамылып алғанымен қасқыр қой болмайды. Иә, сондықтан ішкі құрылысын білуіміз керек. Сол себепті заңда, жалпы қабылданатын шешімдер де сол ішкі құрылысын танып барып, жасалуы қажет деп ойлаймын» (Ескерту: депуттатың сөзі қаз-қалпында беріліп отыр).
Депутаттың бұлай деуіне не себеп болды? «Сәләфизм идеологиясын ұстанады» деген Сауд Арабиясының өзі кешелі бері жарылыстан көз ашпай жатыр. Мұны депутат мырза қалай тәпсірлейді екен?
Досай Кенжетай, дінтанушы:
Мемлекеттердің үрейін ұшырып отырған ағымды қолдауды мен өзім сатқындық деп бағалаймын.
– Сауд Арабиясының Мәдина қаласында, сондай-ақ үш провинцияда терактілер болғанын естіп жатырмыз. Сол ақпараттарды Омархан Өксікбаев мырзаға жібердім. Сауд Арабиясының қазір терроризмнің жатырына айналғанын әлем біледі. Бұл жақта да лаңкестік әрекеттер толастамай тұр. Сәләфизмнен құтылу үшін шама-шарқынша жұмыс жасалып жатыр. Жалпы, дінді түсінбейтін, білмейтін адамның мұндай пікір айтуға құқығы жоқ деп ойлаймын. Жаһандық саясатқа ықпал етіп, мемлекеттердің үрейін ұшырып отырған ағымды қолдауды мен өзім сатқындық деп бағалаймын.
Осы орайда сәләфизмнің бір қаупін ғана айтайын. Қазір Еуразиядағы наркотрафик сәләфизмнің қабаттары арқылы жүріп жатыр. Есірткі саудасын да солар қолда ұстап отыр. Мәселен, мен өзге мемлекетпен шекаралас бір ауданның әкімімен сөйлескенімде бір жайға анық көз жеткіздім. Сол ауданда прокуратура, құқық қорғау саласының өзге де қызметкерлері сәләфиттерді қандай қылмыспен ұстаса да, босата салатын көрінеді. Демек, оларда ақша көп деген сөз. Біздің депутаттарымыздың сәләфиттердің сөзін сөйлеуі де дәл солай елдің күдігін туғызатыны рас.
Бәлкім аталған депутаттар «елімізге түрлі идеялар өмір сүре берсін» деп гуманизмнің шыңын көрсеткісі келетін шығар. Қазақтың ұлттық идеологиясын жасай алмай жатып, өзге идеологияларға бүйректің бұруы мемлекетті құлатқысы келетіндердің ісі деп ойлаймын.
Түйін
Өксікбаев мырза сәләфизмді идеология деп танитынын байқатты. Ал, Тунис мемлекеті бүгін ғана сәләфиттік ағымды ұстанатын 80 мешітті жауып жатыр. Ол аз болса, Мәдина қаласында Пайғамбардың мешітінің маңында жарылыс болды. Бұл оқиғалардың барлығына тағы да сәләфиттер кінәлі екені айтылуда. Бұған депутат мырза не деп жауап берер екен? Күтейік...
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz