Қырғыз президенті: Мұхамедиұлындай министр болғанша, көше сыпырған артық
2016 ж. 01 шілде
2624
3
Қырғыз президенті бірінші шілде күні Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында орта мектеп түлектеріне алтын сертификаттарды табыстай отырып, «біреулер көше сыпырып жүр» дейтін министрлерге сәлем жолдады деп хабарлайды Baq.kz.
Мемлекет басшысы білімге жұмсаған күш-қуат ертеңгі күні еселеніп қайтатынын айтып, жастарға ақжол тіледі. Сондай-ақ ол өзінің оқушы, студент кезін еске алды.
«Мен өзім мектепті кілең беске бітірдім. Алайда институтта оқуға уақытым болған жоқ, қосымша жұмыс істеуіме тура келді», - деді президент.
«Осы орайда «біреулер көше сыпырып жүр» дейтін министрлерге (ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, ред.) айтарым: кезінде көше де сыпырдым, пешші де болдым, жүк те тасыдым. Ешбір еңбектің ұяттығы жоқ. Ұры министр болғанша, көше сыпырған артық. Ешқандай жұмыстан арланбаңдар, кез-келген жұмыс – үлкен мәртебе. Осындай еңбектен кейін мектепте алған білімім болашақта үлкен көмек болды. Мектепте алған осынау базалық білімдеріңіздің ертеңгі күні берері мол. Өз еңбекқорлығыңыздың арқасында кез-келген мамандықты, Қырғызстанның кез-келген жоғары оқу орнын таңдай аласыздар. Таңдау жасауда қателеспейді деп үміттенем, себебі бізге сауатты мамандар қажет», - деді Атамбаев.