Қош бол, Мәсімов!..

012Бүгін билікте бірнеше ірі лауазым иелері орын ауыстырды. Жақсыбеков Президент әкімшілігін басқаратын болып бекітілсе, Президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Нығматулин Мәжіліс төрағасы болып бекіді. Астана қаласының әкімі Исекешев. Бұлар арлы-берлі жылжып жүрген “тақтаның” тұрақты фигуралары.

Ал Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов неғып отыр? Сарапшылар оны кетеді дегелі талай жыл өтті. Үкіметті басқарған жылдары-ақ Мәсімов ұзақ отырмайды деген. Одан бері Президент әкімшілігін аз уақыт басқарып, ескі орнына қайта жайғасты. Былтыр біз Мәсімовтің орнынан кетуі мүмкін екенін жазғанбыз. Президент сайлауынан соң. Бәрі өзгерсе де, Мәсімов өзгермеді… Жер дауы кезінде де Мәсімовтен басқасы сын алғанын, орнын босатқанын, тек Мәсімов қана үнсіз отырғанын да бірнеше мәрте елге жеткізіп едік. Оның тұтас өмір тарихы да газеттің бақылауынан тыс қалмаған.

Мәсімов те көп ұзамай орнынан кетеді дейді тағы ұзынқұлақтан жеткен ақпарда. Оған  экономикалық құлдырау, қарыздың өсуі, шығынның көбеюі, кландар арасынджағы талас-тартыстың астыртын түрде қатаң тәртіппен жүріп жатқаны… емес, Мәсімовтің Франциялық компаниядан  пара алғаны себеп болады дейді. Мүмкін, пара алмаған шығар. Онда Мәсімов бұл туралы бірдеңе деп тіс жарса керек еді.

Сонымен, Мәсімов кетеді!.. Оның орнына Сағынтаев, Назарбаева, Тасмағамбетов, Шөкеев секілді бірнеше кандидаттың мүмкіндігін қарастырып отырған көрінеді. Көреміз. Кетер болса, қош бол дейміз Мәсімовке. Оның қазаққа, қазақ билігіне еш өкпесі жоқ.

Кейбір сарапшылар егер бұл орнынан аунап түсер болса, онда Мәсімов көп өтпей шетелге кетуі ықтимал екенін жорамалдайды. Кім білген…

Дерек көзі: dalanews.kz