Мәсімов кетсе, Тәжин келе ме билік басына?
2016 ж. 21 маусым
3714
3
Сейсенбі елдегі саяси ауыс-түйістермен басталды. Президент Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматуллин лауазымынан босап, Мәжіліске барды. ПӘ-ге Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков барады деген сыбыс бар. Бұған дейін Жақсыбеков премьерлікке дайындалып жатыр деген де әңгіме шыққан.
Ал, Астана әкімдігіне Инвестиция және даму министрі, кезінде вице-премьерлікті де алып жүрген Әсет Исекешев тағайындалмақ дейді Ақорда айналасындағы жорамалшылар. Несі болса да жақын арада белгілі болады. Әзірге Н. Нығматулиннің Мәжіліс депутаттығын, Б. Ізмұхамбетовтің «Ардагерлер ұйымының» жетекшілігіне сайланғаны туралы ғана ерсми ақпарат тарауда. Жорамалшылар Н. Нығматулиннің Мәжіліс спикерлігіне сайланатынын, ал, Б. Ізмұхамбетов ардагерлер арасына барғанымен, депутаттық мандатын тапсыра қоймайтынын болжаған еді.
Ендігі бір қызық болжам – Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің тағдыры. Соңғы бір айға жуық уақытта үкімет басшысына ақпарат құралдары арқылы едәуір шабуылдар жасалуда. «Қой аузынан шөп алмас» кейбір жуас басылымдарға дейін премьерге қарата қаһар көрсетуінен-ақ біраз нәрсені түсінуге болады. Көптен бері ақпараттық алаңда көрінбей кеткен премьер-министрдің қайтадан төбе көрсетуін, өңірлерге сапарлауын да «кездейсоқ белсенділік» дей алмайсыз.
Билік айналасындағы сарапшылар ел ішіндегі қоғамдық-саяси көңіл-күйдің мұқият зерттеліп отыратынын, әрбір саяси шешім, оның ішінде кадрлық тағайындаулар да бар, сол халықтың көңіл-күйін ескере отырып жасалатынын айтады. Осы логикаға салсақ, Кәрім Мәсімов шынымен орнынан босайтын болса, Қазақстанда оған лайық дейтін қандай лауазым бар. Бірнеше дүркін премьер болған адамды «Халық банктің» басшылығына қоя қоймас. Парламенттің айналасынан да елестете алмаймыз ол кісіні. Демек.... Иә, үйреншікті әдіспен елшілікке жіберуге болады. Бірақ, қайда? Қытайға жіберсе, онсыз да бықсып жатқан шалаға май құйғандай болады. Соған қарағанда, Кәрім Мәсімов Мәскеуге тартуы мүмкін. Ал, ол жақта 2014 жылдың ақпанынан бері жүрген Марат Тәжин елге оралуы тиіс. Марат Тәжинді қазақстандық идеологияның алдаспаны демесе де, ұқыпты ұйымдастырушысы десе болады. Демек, М. Тәжиннің Ресейде жүргенінен Қазақстанда қызмет еткені әлдеқайда тиімді. Оның үстіне Еуразиялық Одақтың ұйымдастырушылық жұмыстары аяқалды. Ұйым жүйелі режимде жұмыс істеуде.
Қайтып келгенде М. Тәжин қайда барады? Президент әкімшілігін басқарады дейін десек ол лауазымды Әділбек Жақсыбеков «алып қойды». Әкімдікке қойса тағы да көзге қораш көрінеді. Одан да әмбебап кадр Гүлшара Әбдіхалықованы депутаттыққа не министрліктердің біріне ысырып, Мемлекеттік хатшының портфелін ұстатқан жөн-ау. Өйткені, идеология мәселесі ел аумағында соңғы жылы айтарлықтай ақсап тұр. Бір ғана М. Тәжиннің туған жері Ақтөбедегі террористік актінің өзі бұл салада әттеген-айлардың аз еместігін аңғартады. "Салафизммен соғыс" науқанына да мықты ұйымдастырушы керек дегендей...
Бұл айтылғандардың барлығы болжам, әрине. Айна қатесіз орындалады деуден де аулақпыз. Бастысы, таяқ жерге тасталды, нәтижесін уақыт көрсетеді.
Жомарт Абдоллаұлы