Қазір бәріміз – «партизанбыз»

Қуандық Түменбай, жазушы, «Үркер» журналының бас редакторы: – Өмірдің қазіргі тыныс-тіршілігі жайлы не айтар едіңіз? – Өмір қиындап барады. «Үй ішінен үй тіккен» заман. Бір фирма жабылса, орнына екі фирма пайда болады. Ұлттық дағдарыс. Оны жуып-шаю. Ұрлық белең алып кетті. Қолынан ұрлық істеу келетіндер беделді, мұртын балта шаппайтындарға айналған заман болды. Маңғаз, иманын алға салғандар заманның ағымына ілесе алмайтын жайбасарлар атанды. Жайбасарлар бәрін ішке түйіп, іштен тынады. Олардың арасында Мәскеудің Бауман атындағы Жоғары техникалық университетін бітірген білімділер бар. Тек шәпкені қисайтып кие алмай, бойына жинақтаған теориялыық білімін тәжірибе жүзінде іске асыра алмай дағдарып жүр. Олармен бетпе-бет келгенде білімсіздер жеңіске жетеді. Білімділердің сөзін сөйлеп, қолтықтан демеу керек. Осы жерде орыс жазушысы В.Астафьевтің 80-жылдары жазған «Ұрлық» деген хикаяты еске түседі. «Асығыстық пен шапшаң қимыл қол астынан лып етіп шығып кететін ұсақ жәндіктерді ұстауға қажет. Бірақ сол әрекет біздің Россияның берік топырағында ғасырлар бойы өсіп-өнген орыс интеллигенциясын түбірімен жоюға жұмсалды емес пе?» дейді шығарманың бір кейіпкері. Біздің де интеллигенция – үнсіз интеллигенцияға айналды. Теледидарды ашып қалсаң, қазақша хабар көп, бірақ бәрі де тоқетерін айта алмай айналсоқтап жүріп алады. Жүрек дәрігері айтады: «Қазақтың жүрегі де, американдықтың жүрегі де бірдей» деп. Бірдей болғанмен екеуінің лүпілі екі түрлі емес пе? Біздің жүрек қазақстандық жүрек бола алмайды. Жеке куәлікті ауыстырады екен деп айтқан сайын лүп-лүп соққан жүректер қазақстандық жүрек болмаймыз деп сыздайды. Осының бәрі жазушының жан сезімін азаптайды. – Сонда не істеуіміз керек? – Лев Толстой: «Бір жағыңнан шапалақпен тартып жіберсе, екінші жағыңды тос» дейді. Екі жағымызды да ешкімнен аяған жоқпыз. Абай: «Момыннан асқан жаман жоқ» дейді. Момын болмау керек. – Әдебиет туралы не айтар едіңіз? – Мәскеу шовинизмді ұстанғанмен ұлт әдебиетін өзекке тепкен жоқ. Бірде Әдебиет институтына кездесуге келген Анатолий Афанасьев аудиториядағы қазақ, армян, түрікменді көзімен шола отырып: «Ұлттық әдебиеттің қиындығы – өзі үшін де, Одақ үшін де түсінікті болу керектігінде» деп еді. Біз қазір Мәскеу түсінбей қалмасын деп қиналмаймыз. Өзімізше, еркін жазуға толық мүмкіндік бар. Тек бір-бірімізге деген құрмет жетіспейтін секілді. Өзімізде барды, тірілерді де, өлілерді де көнтерілілікпен құрметтеуіміз керек. Азғантай авар халқы жылда Расул Ғамзатовты еске алып, «Ақ тырналар» деген халықаралық фестиваль өткізеді. Қырғыздар Айтматовты қалай ардақтап жатыр. Біз де шын әдебиет пен мәдениеттен марапатты аямауымыз керек. Кітаппен жұмыс істеп жүрген кітапханашылардан «Мәдениет қайраткері» атағын аямас едім. Олардың жалақысы аз, жалпы жағдайы мәз емес. Ал, проза жазып жүрген қаламгерлер аз емес. Бірақ, «мастың құсығын суреттеу – цинизм» деп Чехов айтпақшы, айқайлап сөйлеу мен барынша қатты түшкіруді тәуелсіздік әперген жеңіс деп суреттеу – проза емес. – Жастар туралы не айтар едіңіз? – Әдебиеттегі жастар жанрдың аражігін дендеп ажырату керек. Бұны нақтылы мысалдармен айтар едім. «Журфакта әдебиет теориясын оқытпайды» дейді жас қаламгер. Әркім өзі үшін оқуы керек емес пе? Өмірді дендеп түсініп, тереңіне бойлауға талаптанып жүрген Арман Әубәкір деген жігіттің жазғандарында шынайылық бар. Наубайшыларды, сүйекшілерді зерттеді. «Енді жындыхананы зерттесем», - дейді. «Чеховтың «Алтыншы палатасын» бір қарап ал», - деп білгенімді айттым. – Жазушылар партизандарға айналып кетті деген пікірге қалай қарайсыз? – Тоқтағали Жангелдиннің, Әди Шәріповтың кітаптарын оқығанда партизан болуды армандаушы едік, арман алдамады. «Партизандар секілді, сіңіп кеткен орманға, таптырмайды тамаша ой, табам деп мен арманда» деген Қадыр Мырза-Әлінің өлеңі де санамызда сақталып қалған. Қазір бәріміз – «партизанбыз». 85 жастағы Юрия Бондаревтің: «Жазушылар ортасы – тең орта емес. Қызғанышты орта. Мейірімсіз орта» дегені бар. Күннің шуағы секілді мейірімді аңсап жүрген де жөн сияқтты. Нағыз жазушының қаламы қолында, қара қазаны - Әдеби қор. Әдеби қор істесе жазушының өңі кіріп қалар еді. Сол қара қазанның астына от тұтатуды ойлауымыз керек. «Қазақтың шақырмаса да келетін, қусаң да кетпейтін екі жиналысы – сот пен сайлау», – дейді Ғабит Мүсірепов. Жазушылар қашан болмасын сайлаудың белортасында. Жазатын жазушы да, жазбайтыны да – насихатшы. Егер халыққа пайдасы тисе жазушы халық қалаулысы бола берсін. Ал егер Мәжіліс залында моп-момақан боп қол көтеріп отыру әркімнің қолынан келеді. «Литгазета» Фазыл Искандерге сауал қойып еді, ол депутат болудан ат тонын ала қашты. Өзіне-өзі келсе де, оған да «партизандық» ұнайтын секілді. Ал, сот дегеннен шығады, Денсаулық сақтау министрі, опера театрының, филармонияның директорлары – бәрі де істі боп жатыр. Жазушының осыған құлағы елеңдемейді дейсің бе? Жемқордың бәрі – қаракөз. Шукшин «Қызыл бүргенде» социализмде түрмеге түскен адам – адам емес дегенді меңзеп еді. Қазір солар ұлт патриоттарына айналып кетпесе неғылсын. Өзімізге келейік. «Кітабымды сатып бер» деп ешкімге айта алмаймын. «Жаманға жүзің салма сағың сынар» дейді. Жақсылыққа жақсылық жасау әркімнің қолынан келе бермейді. «Момыннан асқан жаман жоқ» деп, момын күйімізде қолдан келгенше ақ қағаз бен қаламнан әрі кетпесек, агрономдықты тастап, Алматыға келгендегі арманымыз орындалды деп есептейміз. Алматыда қолынан іс келетіндер көп болмаса да бар. Мысалы, ізімізді басып келе жатқан Қонысбек Ботбай «партизан» бола жүріп, прозаға тұщымды нәрселер бере алады деп ойлаймын. Басқалар игере алмаған заман технологиясын ол игерген, енді жапандағы жалғыз үй боп Құдайдың бойға бергенін қағазға түсіріп кетуге талаптанып келеді. Мемлекет есебінен «Үркер» деген әдеби журнал шығарамын. Жазылуға, сатып алуға жастардың ынтасы зор, бірақ ақшалары жоқ. Жоғары оқу орнының бір проректоры: «Мен жастарға басылымдарға жазылыңдар деп айта алмаймын, ол пәленбай бап бойынша қылмыс боп есептеледі» - дейді. Қоғам тек қылмыстан тұратын секілді, бұрын әдебиет пен өнерден тұрушы еді. Партизандар шабуылды тұтқиылдан бастайды. Тұтқиылдан сәтті шығармалар тууы мүмкін. Қазір «Мен жазып жатырмын емес, жазғанымды қалай шығарам» әуені қалықтап жүр. Бірақ, қарап отырсаң, шығарушылар да аз емес. Куәлігі бар санаттағы жазушылардың саны одан да көп. Бірақ, оқитын кітап одан да аз. Әдеби қор деген қара қазан қайнаса бәрі біртіндеп жолға қойылады. Қара қазанның жылуына шын қалам үстағандар ғана жылына алады. Кезектен көз сүрінеді. Көбі бейтаныс. Көзтаныстар некен-саяқ. Ол «партизан» боп қара орманында қалам тербеп отыр. Бала күнімізде партизан боп «немістерге» шабуыл жасап ойнаушы едік. «Ойыннан от шығады» деген осы. – Рахмет!

Ардақ ҚҰЛТАЙ