Жүрсін Ерман: Жердiң артында бүкiл қазақ ұлтының тағдыры тұр, жер мәселесін жауып тастау керек
2016 ж. 21 мамыр
2844
2
Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі, белгілі ақын, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман жер мәселесіне келгенде аса сақ болу қажеттігін айтады.
ЖҮРСІН ЕРМАН. ФОТО: BNEWS.KZ
Оның айтуынша, қазір комиссия бүгінде қоғамда дау тудырған барлық түйткілдер бойынша халықтың көңілінен шығатын шешімдер қабылдап, жер мәселесін жауып тастау керек, деп хабарлайды BNews.kz.
Ақын Жүрсін Ерман комиссияға мүше болғалы елдің ең өзекті мәселесіне жауапты болып отырғанын айтты.
«Менiң ойым халықтың ойы деп есептеймiн. Комиссияға мүше болғаннан берi Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен хаттар келiп түсiп жатыр. Бәрiнiң айтатыны бір - жер сатылмасын! Аяғымызды аңдап басып, қазақтың атамекен жерiнiң бiр пұшпағын да сатуға болмайды. Мүмкiн кейiн басқа шешiм қабылдауға болар, бiрақ дәл қазiр бұған жол жоқ деп ойлаймыз», - дейді Жүрсін Ерман.
Оның айтуынша, ел азаматтарына жердi жалға берсек те, сақтық керек. Қазақстанда кемiнде 20 жыл тұрақты өмiр сүрген адамдарға беру секiлдi тетіктерді ойластырған абзал.
«Латифундистер деген бар, олар 500, 700 мың гектар жердi алып алған, бұл не деген сорақылық. Жердi жалға бергеннiң өзiнде оған шек қою керек деп ойлаймын. Әрi егер белгiлi бiр мерзiм iшiнде жердi пайдаланбайтын болса, мемлекет оны қайтарып алып, кәдеге жаратқаны жөн. Жердiң артында бүкiл қазақ ұлтының тағдыры тұр. Жер қазақ үшін ең басты мәселе. Сондықтан дұрыс тетiктерiн қабылдап, бекiтiп, жер мәселесiн жауып тастау керек», -деген пікірде комиссия мүшесі.
Жүрсін Ерман Жер реформасы жөніндегі комиссиядан кейбір адамдардың шығып кетуіне қатысты ойын да жеткізді.
«Комиссия мүшелерiнiң комиссиядан шығып кетуiн әлсiздiк деп есептеймiн. Мемлекет «мәселені талқылаңдар, шешіңдер» деп комиссия құрып берді. Осы комиссияның ішінде отырып, халықтың пікірін жеткізіп, дауыс беріп, үніңді қоспайсың ба?! Бұл осалдардың позициясы деп ойлаймын», - дейді ол.
Айта кетсек, бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Отырыста Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерiн жеке меншiкке сату немесе жалға беру мәселесi қаралды. Ал 28 мамырға белгiленген комиссияның келесi отырысында қоғамдық резонанс тудырған жердi шетелдiктерге жалға беру мәселесi талқыға түседі.