МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕНСІНБЕЙТІНДЕРДІ ЖАЗАЛАУ КЕРЕК!

2
4080

Жақында белгілі бір жұмыспен Алматы қаласының М.Әуезов ауданы бойынша салық комитетіне бас сұқтым. Қызметкерлерінің түгелге жуығы орысша сайрайды. Мен алдына кірген Ержан деген азамат та тек орыс тілінде сөйлеп, орысша құжаттар ұсынды. Мен: «қазақ тілді құжат жоқ па?» десем, ол бетіме бажырайып: «бізде орыс тілі қолданады. Орыс тілі мемлекет тілі емес пе!» деді. Мен араша сұрағандай айналама жаутаңдадым. Маған жақтас жоқ. Көбі мұртынан күліп, түз мысығын көргендей суық сыңай танытты.

Жақында жұмыс барысымен Алматы қаласының М.Әуезов ауданы бойынша салық комитетіне бас сұқтым. Қызметкерлерінің түгелге жуығы орысша сайрайды. Мен алдына кірген Ержан деген азамат та тек орыс тілінде сөйлеп, орысша құжаттар ұсынды. Мен: «қазақ тілді құжат жоқ па?» десем, ол бетіме бажырайып: «бізде орыс тілі қолданылады. Орыс тілі мемлекеттік тіл емес пе!» деді. Мен араша сұрағандай айналама жаутаңдадым. Маған жақтас бір жан жоқ. Көбі мұртынан күліп, түз мысығын көргендей суық сыңай танытты.

Қазақ тілінің тағдыры үшін күрес соңғы жүз жылда бірде-бір толас тапқан жоқ. Ұлы Абайдың заманын айтпағанда, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар бастаған алып топ тіл мәселесіне ерекше мән беріп, оның шексіз байлығын, суреткерлік қуатын, бейнелігі мен саздылығын көркемдік сапаға жеткізіп еді. Ендігі естіп отырғанымыз мынау.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу – мемлекеттік қызметкерлердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады. Қазір мұндай талап қойылатын лауазымдар саны күн өткен сайын артып келеді.

Ал тілдің өзі – тарих тереңіне бойлатып, өнер мен мәдениеттің кәусар бұлағына сусындататын рухани әлеміміздің сарқылмас қазынасы. Олай болса, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қолданылу аясын кеңейте түсу қажеттігі – заңды құбылыс.

«Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы” деп жазылған. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті, өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті» – делінген.

Яғни, қазақ халқы болашақта өз ана тілін сақтап, дамыта алмаса, күндердің күнінде өз алдына жеке мемлекет болып өмір сүруін тоқтатады деген сөз.

Қазақстан тәуелсіз ел болып қалсын десек, онда ең алдымен қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ұлттық салт – дәстүрін, ана тілін дамытуға күш салғанымыз жөн.

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi ретiнде қазақ тiлiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi 2007-2008 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 14 ақпандағы № 108 қаулысын iске асыру мақсатында Мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейтудiң, оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы мақұлданғаны баршамызға мәлім.

Бүгінгі күнде Үкіметтің Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары да бекітіліп, тіл саясатын жетілдіру жұмыстары да өз жалғасын табуда.

Ендеше, мемлекеттік мекемелерде отырған орыс тілділердің әлі де болса, ескі жүйеге жабысып, қазақ тілін менсінбеуі заңдық тұрғыдан тыйылмаса, ана тіліміздің қадірі қашады. Мемлекетіміздің, ұлтымыздың абыройы аяқ асты етіледі. Олай болса, мен куә болған Әуезов ауданы бойынша салық комитетіндегі орыс тілді құжаттар қазақшаға көшіріліп, ел мүддесіне бағынуы керек. Мемлекеттік тілді менсінбеу – мемлекет қызметкерлеріне жай ғана кінә емес, қылмыс ретінде қаралуы керек. Мемлекеттік тілді менсінбейтін мемлекеттік қызметкерлерге қандай да бір ықпалды жаза қолдану керек!

 

Ұлтжан Оңдасынов

Тілі өлген ел – тірі өлген ел

Адамға келген он пәленің тоғызы – тілден.

* * *

Адам көңілінен азады,

Тілінен жазады.

* * *

Айтпас жерде тілің тарт.

* * *

Ана тілі – бәріміздің анамыз,

Өйткені ол – ұлтымыздың анасы.

* * *

Ана тілің алпыс тілге татиды.

* * *

Ақынның тілі қылыштан өткір.

* * *

Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады.

* * *

Атағыңды өсіретін де, өшіретін де – тіл.

* * *

Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады.

* * *

Ашынған тілді болар,

Ашыққан ұры болар.

* * *

Ауызда жиек жоқ,

Тілде тиек жоқ.

* * *

Әдеп басы – тіл.

* * *

Әрбір халық өзінің ана тілінде ғана бақытты.

* * *

Бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ.

* * *

Бал тамған тілден у да тамар.

* * *

Балаға өз тіліңмен сөйлеме, өз тілімен сөйле.

* * *

Басқа пәле – тілден.

* * *

Жаман көлдің суы ащы, жаман қатынның тілі ащы.

* * *

Жалтақтамай өзге тілді ұлысқа,

Ең алдымен өз тіліңді дұрыста.

* * *

Көнектей басыңа шүмектей тілің жау.

* * *

Қазақтың ақылы – көзінде,

Қасиеті сөзінде.

* * *

Қотыр қолдан, пәле тілден жұғады.

* * *

Кісі қызыл тілден өледі,

Түлкі қызыл жүннен өледі.

* * *

Қылыш жарасы бітер,

Тіл жарасы бітпес.

* * *

Қызыл тіл – жанның мияты,

Абырой – ердің қуаты.

* * *

Мал басынан байланады,

Адам тілінен байланады.

* * *

Малға кедей – жарлы,

Тілге кедей – сорлы.

* * *

Ішімдегінің бәрі тілімде,

Тілімдегінің бәрі түрімде.

* * *

Өнер алды – қызыл тіл.

* * *

Өз тілің – бірлік үшін,

Өзге тіл – тірлік үшін.

* * *

Оқу алды – қызыл тіл,

Бірден соңғы мергеншіл.

* * *

От ауызды, орақ тілді шешен.

* * *

Піл көтермегенді, тіл көтереді.

* * *

Сөз – көмек, тіл – құрал.

* * *

Тәрбие тілден басталады.

* * *

Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер – мәңгүрт.

* * *

Тіземнен сүріндірсе сүріндірсін,

Тілімнен сүріндірмесін.

* * *

Тіл – қылыштан да өткір.

* * *

Тіл – тас жарады, тас жармаса да бас жарады.

* * *

Тілде тиек жоқ.

* * *

Тілсіз жерде тіршілік жоқ.

* * *

Тіл – тіршілік тірегі.

* * *

Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры,

Сыйынатын тәңірі.

* * *

Тіл сүйексіз болса да, өзі сүйектен өтеді.

* * *

Тілден тілдің кеңдігі болғанымен, кемдігі жоқ.

* * *

Тіл қоса алар жер мен көктің арасын,

Тіл айырар анасынан баласын.

* * *

Тіл – атадан қалған асыл мұра.

* * *

Тіл – асыл ойдың бұлағы.

* * *

Тілге әр күн мейрам.

* * *

Тіл – ел басқарудың құралы.

* * *

Тіл – буынсыз, ой – түпсіз.

* * *

Тіл – білім, тәрбие тұғыры.

* * *

Тіл – достықтың мерейі.

* * *

Тіл – елдігіміздің іргетасы.

* * *

Тіл – мәдени мұраның үзілмес өзегі.

* * *

Тіл – мәдени қазынаның қайнар бұлағы.

* * *

Тілдің майын тамызып,

Сөздің балын ағызып,

Хас шешендер сөз айтар.

* * *

Тілді қорлау – халықты қорлау.

* * *

Тілі өлген ел – тірі өлген ел.

* * *

Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем.

* * *

Тіл – сүйексіз, ақыл – түпсіз.

* * *

Тілі тәтті, көңілі қатты.

* * *

Тіл – тәуелсіздік тұғыры.

* * *

Тіл – татулық тірегі.

* * *

Тілге шешен, іске мешел.

* * *

Тіл – халықтың жаны, ділі, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы.

* * *

Тілсіздің дауы арам,

Зекетсіздің малы арам.

* * *

Тіл ерді қабірге салады,

Нарды қазанға салады.

* * *

Тіл тікенді де алады.

* * *

Туған ел – тұғырың,

Туған тіл – қыдырың.

* * *

Ұлттың қуаты – тілінде.

* * *

Ұлттың өшуі тілдің өшуінен басталады.

2 ПІКІРЛЕР

  1. БӘРІМІЗ ОРЫС ТІЛІН БІЛЕМІЗ БІЗ ЕНДІ ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛЕМІЗ ДЕП МАҚТАНАЙЫҚ,РЕСЕЙ ТҮБІНДЕ ҚҰЛАЙДЫ ОНЫ ҚЫТАЙ НЕ АҚШ ҚҰЛАТАДЫ,СОНДА БІЗ ТІЛІМІЗДІ,ҰЛТЫМЫЗДЫ,ШЕКАРАМЫЗДЫ САҚТАУ КЕРЕК ДЕП ОЙЛАЙМЫН АҒАЙЫН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз