Жаңа кадрлық тағайындаулар: Кім қайда барды?
2016 ж. 04 мамыр
3189
1
Өткен аптада Елбасы Жарлығымен еліміздің Бас прокуроры ауысты. Мұнан бөлек, елорда төрінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отырысы барысында Ассамблея төрағасының екі орынбасары тағайындалды. Сонымен қатар өңірлерде де бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алған болатын. ҚазАқпарат осы апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ж.Асанов ҚР Бас прокуроры болып тағайындалды.
Жақып Асанов 2012 жылы қыркүйек айынан бері ҚР Бас прокурорының орынбасары қызметін атқарып келді. Жақып Қажыманұлы 1963 жылы 17 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ұзақ жылдар бойы Қызылорда қаласының прокуратурасында жұмыс істеген. ҚР Президенті Әкімшілігі заңнама, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарды. 1997-2005 жылдары - ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі, Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы, ҚР Бас прокуратурасының мемлекеттік органдар іс-әрекетіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Павлодар облысының прокуроры, ҚР Әділет вице-министрі. 2007 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылымына депутат болып сайланған. 2012 жылғы қаңтардан бастап - «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Ал Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары осы уақытқа дейін еліміздің Бас прокуроры болған Асхат Дауылбаевты ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі қызметіне тағайындау туралы қаулы қабылдады.
А.Дауылбаев құқық қорғау саласында, оның ішінде прокуратура органында көп жылдар бойы еңбек еткен білікті әрі тәжірибелі тұлға. Ол 1987 жылы Свердловск заң институтын үздік бітіргеннен соң еңбек жолын Алматы қаласының Октябрь ауданы прокуратурасында стажор, тергеуші, прокурордың көмекшісі қызметінен бастаған. 1990-1994 жылдары Алматы қаласының бірқатар аудандарында прокурордың орынбасары, Алматы қаласы төрелік сот төрағасының орынбасары секілді лауазымдарды атқарды. 1997 жыл ҚР Әділет вице-министрі болды. 2001 жылы ҚР Бас прокурорының орынбасары болып тағайындалып, ол қызметте 2011 жылдың сәуіріне дейін қызмет жасады. 2011-2016 жылдары ҚР Бас прокуроры қызметін атқарды.
Мемлекет басшысының өкімімен Розақұл Сатыбалдыұлы Халмұратов пен Леонид Николаевич Питаленко Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.
Р.Халмурадов 1941 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылында туған. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары және әкімнің кеңесшісі, Оңтүстік Қазақстан облысы тәртіптік кеңесінің төрағасы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аумақтық басқармасының бастығы, төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған. I дәрежелі «Достық», II дәрежелі «Достық», «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қазақстан КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен және 6 медальмен марапатталған.
Л.Питаленко 1943 жылы 19 маусымда туған, белорус. Білімі жоғары, Витебск қаласының С.М.Киров атындағы Мемлекеттік педагогика институтын бітірген. Ол Белорус мәдени орталығының төрағасы қызметін атқарады.
БҚО әкімі аппаратының басшысы болып Қанат Шәріпұлы Қанаев тағайындалды.
Қ.Қанаевтың білімі жоғары, мамандығы экономист-менеджер және заңгер. Ол 2000 жылдан бері мемлекеттік қызметті атқарып келеді. Әуелі Екібастұз, сосын Павлодар қаласында сот орындаушысы болып еңбек еткен. Содан кейін Павлодар облыстық соттар әкімшілігі құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы, ҚР Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің жетекші маманы, ҚР Әділет министрлігі кадрлармен жұмыс басқармасының бас маманы, 2006-2010 жылдары ҚР Қаржы министрлігі кадрларды қамтамасыз ету және құжат айналымы департаментінің бас маманы, бөлім басшысы қызметін атқарды. 2010 жылдың сәуір айынан ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы хатшылығының кеңесшісі, 2011 жылдың қыркүйегінен хатшылықтың сектор меңгерушісі болды. ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссияның шешімімен «А» корпусына қабылданған.
ҚР Президент Әкімшілігі мен екібастұздық қалалық мәслихаттың келісімімен Қайрат Нүкенов Павлодар облысы әкімі Болат Бақауовтың өкімімен Екібастұз әкімі болып тағайындалды.
Қ.Нүкенов 1970 жылы туған, еңбек жолын «Железин» кеңшарының №2 бөлімшесінің жұмысшысы болып бастады. 1992-1997 жылдары «Марат және компания-2» орынбасары, «Бағдар-маркетинг» кәсіпорнының директоры, 1997-2012 жылдары «Павлодар-Темір» ЖШС, «Индустрия-Плюс» ЖШС кәсіпорнының директоры «Нукер» ӘКК төрағасы болды. 2012-2013 жж. Железин ауданының әкімі, 2013 жылы Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы, 2014 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақсу қаласының әкімі болды.
Атырау облысының Құрманғазы ауданының әкімі болып Бибоз Байдәулетұлы Шаяхметов қызметке кірісті.
Бибоз Байдәулетұлы 1960 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында туылған. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын 1976 жылы Миялы ауылында «Қазауылшаруашылығы техникасы» бірлестігінде жөндеуші болып бастады. 1983-1990 жылдары экономист, Қызылқоға ауданы комсомол комитетінің екінші, сосын бірінші хатшысы болды. 1990-1999 жылдары Миялы ауылында халықтық бақылау комитетінің инспекторы, партия комитетінде нұсқаушы, қаржы бөлімінде ауыл шаруашылығы бойынша аға экономист, төлем орталығында бірінші санатты маман, экономика басқармасында бастық, Қызылқоға ауданының әкімі болды. 1999-2016 жж. экономика, инвестиция және кәсіпкерлікті қолдау, коммуналдық меншік, құрылыс, тұрғын үй шаруашылығы, қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімдерінің меңгерушісі, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары болған.
Ал Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі қызметіне Дүйсембинов Нұрлан Шайхисләмұлы келді.
Н.Дүйсембинов 1973 жылы дүниеге келді, еңбек жолын «Игілік» банкі филиалының маманы болып бастаған. Одан кейін Ильичев ауданы бойынша Салық комитетінің бас салық инспекторы, Павлодар қаласы бойынша Салық комитетінде және Павлодар облысы бойныша Салық комитетінде бөлім бастығы қызметін атқарған. 2005 жылы Павлодар қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, одан кейін Павлодар қаласы бойынша Салық комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 2008-2014 жылдары Павлодар облысы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. 2014 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы болды.
Жанат Сәдуақасов Солтүстік Қазақстан облысы индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Жанат Сәдуақасов 1981 жылы туған. Солтүстік Қазастан мемлекеттік университетін «инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2003 жылғы қыркүйекте «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-да инженер-құрастырушы болып бастады. 2007 жылғы сәуірден 2010 жылғы сәуір аралығында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы, содан соң бөлім бастығы қызметтерін атқарған. 2010 жылғы сәуірде облыс әкімінің бас инспекторы болып тағайындалды. 2011 жылғы маусымнан бастап 2015 жылға дейін дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып қызмет еткен. 2015 жылдың қаңтарынан қазіргі уақытқа дейін СҚО ішкі саясат басқармасының басшысының қызметін атқарды.
Дерек көзі: ҚазАқпарат