Тәжікстанда қолданысқа енген жаңа заң бойынша тегі тәжік азаматтардың аты-жөндеріндегі орыстың «ов», «ова», «ович» және «овна» жалғаулары заңсыз деп танылады.
Бұдан былай Тәжікстандағы АХАЖ бөлімдері тәжік текті азаматтарды аты-жөндерінде орысша «ов», «ова», «ович» және «овна» жалғаулары болса, тіркемей қоюға хақылы. Орталық АХАЖ басшысының орынбасары Джалолиддин Рахимов Азаттықтың Тәжік қызметіне азаматтардың хал актілерін тіркеу туралы заңға арнайы өзгеріс енгесін осындай тәртіп қабылданғанын айтты.
«Заңға сәйкес фамилияларға тәжіктің «зод», «зода», «ӣ», «иён», «фар» жалғаулары қосылады. Бұл – тәжіктің түпкі жалғаулары. Мысалы, Каримзод» немесе «Каримзода» деген сияқты. «Зод» жалғауын ғана алу міндеттелмейді, қаласы «пур» жалғауын да қоса алады» деді ол.
Рахимовтың сөзінше, орысша фамилиялы азаматтар үшін аты-жөн ауыстырудың қажеті жоқ. Бірақ құжаттарының мерзімі бітіп ауыстырылған кезде аты-жөндері автоматты түрде жаңа үлгімен жазылады. Жаңа туғандардың есімдері мен фамилиялары тек тәжікше жаңа ережемен толтырылады.
«Мақсатымыз – фамилияларды тәжіктендіру. Жағдай өзгермесе, 10 жылдан кейін балаларымыз екіге бөлінеді: біріншісі тәжікше аты-жөндерін мақтан тұтып жүреді, екіншілері бөтен атпен жазылған күйі қалады. Бойымызда ұлттық және патриоттық сезім болуға тиіс» деді шенеунік.
Тәжікстанның әділет министрлігі 2015 жылғы сәуірде «Азаматтардың хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы заңға» өзгеріс енгізуді сұраған. Ұсыныспен қатар тәжік аттардың бірыңғай реестрі жасалған. Билік этникалық тәжіктерден балаларына «ұлттық мәдениетке жат» есімдер қоймауды талап еткен. «Адамның абыройын түсіретін» зат, азық-түлік пен аң-құс атаулары да «жат есімдер» болып саналатыны ескертілген. Тыйым салынған жалғаулардың ішінде мұсылмандарды түрлі деңгейге бөлетін «мулла», «шайх», «тура» («төре» – ред.) деген сөздер де бар. Басқа этнос өкілдеріне балаларына өздері қалаған ат қоюға рұқсат етілген.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 2007 жылы орысша жалғаулардан бас тартуға шақырып, өз фамилиясындағы «ов» сөзін алып тастаған. Көптеген шенеунік президенттің ісін қайталаған. Бірақ көп кешікпей Ресей әуежайларында жаңа тәжік аттарына қатысты түсінбеушілік туған соң бұл процесс саябырсып қалған еді.
http://www.azattyq.org/a/tajikistan-national-names-reform/27706895.html
Билік этникалық тәжіктерден балаларына «ұлттық мәдениетке жат» есімдер қоймауды талап еткен. «Адамның абыройын түсіретін» зат, азық-түлік пен аң-құс атаулары да «жат есімдер» болып саналатыны ескертілген.