ҚАЗАҚ ТІЛІН ҒАЛАМҒА ШЫҒАРҒАН «Абай»

2
2196

Дәурен ҚУАТ, Абай ақпараттық порталының бас редакторы:

 

– Ұлтты оятатын, ұлтқа қажетті ойлары бар, қарапайым халықтың дүние танымын кемелдендіретін, рухани тәрбиелейтін мақалалар біздің порталда бірінші кезекте беріліп отырады.

Дәурен аға, қазақтілді интернет жүйесін дамытуға үлкен үлес қосып отырған Абай ақпараттық порталының бүгінгі күні біртұтас ақпараттық кеңістік құруға ықпал етіп отырғандығы белгілі. Порталдың атқарып келе жатқан істері оның тұтынушыларына етене таныс. Әйтсе де өзіңіз толығырақ тоқталып өтсеңіз…

Абай ақпараттық порталы интернет кеңістігіне 2009 жылдың сәуір айынан бастап енді. Абай – қазақ тіліндегі шыққан тұңғыш портал. Порталда Абай, Алашорда, әдебиет, мәдениет, тарих, экономика, саясат, руханият, спорт сияқты айдарлар бойынша мақалалар топтастырылған. Абайдың мұралары және оның шығармаларына жасалған зерттеулер, жалпы айтқанда ұлы ақынға қатысты дүниелердің барлығын осы порталдан табуға болады. Яғни портал өзінің атына сай жұмыс жасап келе жатыр. Мұның өзі саясаттанушалардың, абайтанушылардың, мәдениетта­нушылардың бірлесе жұмыс жа­сауының жемісі. Дәл осылай алашордашылар да бір мақсатта еңбек етіп жатыр.

Осы уақытқа дейін қазақ баспасөзінде көптеген өзекті мәселелер көтерілгенімен, алайда ол бытыраңқы сипат иеленіп келеді. Сондықтан, біз Абай ақпараттық порталында қазақтілді баспасөз беттеріндегі үздік материалдарды жариялай отырып, журналистердің ішкі бірлігін қамтамасыз ету мақсатында табан аудармай, жұмыс жасап та келеміз. Бірақ бұдан Абай-ті жәй ғана дайджестік портал екен деген ұғым тумауы керек. Біздің портал үздік материалдарды жариялаумен ғана шектелмей, елді елең еткізетін елеулі жаңалықтар, саяси сараптамалар, түрлі тақырыптағы мақалаларды халық пен биліктің назарына бірдей жететіндей етіп жазып, өз оқырмандарына ұсынып келеді.

Әсіресе, ұлтты оятатын, ұлтқа қажетті ойлары бар, қарапайым халықтың дүние танымын кемелдендіретін, рухани тәрбиелейтін мақалалар біздің порталда бірінші кезекте беріліп отырады. Сондай-ақ, порталда қазақ баспасөз беттерінде жарық көрген тарихи, мәдени, танымдық мақалалар, экономикалық, саяси сараптамаларды жариялап отырамыз. Әрине, газетке сілтеме жасау арқылы. Осы тұста сілтеме жасауды мәдениеттіліктің бір белгісі деп түсінгеніміз жөн. Бізде қазақ тілді БАҚ бір-бірінің материалдарын сілтемесіз көшіріп басады. Кейде ауызбіршілік танытып, бір тақырыпты дүрілдетіп әкету қажет болғанда, үнсіз қалады. Мен тіпті әріптестерінің не жазып, нендей мәселе көтеріп жатқанынан хабарсыз жүретін жазармандардың бар екендігін де қынжыла мойындаймын. Жалқаулық, немкеттілік, қызғаншақтық деген қазақтың ісін өрге бастырмайтын қасиетсіз мінез. Тағы да сілтеме туралы айтайын. Журналистер бірінің материалынан екіншісі титтей мәлімет алса да, сілтеме жасап отырса, мұның өзі бір-бірімізге көрсеткен құрмет болар еді.

Бүгінде Абай ақпарттық порталын тұтынушылардың саны 2 млн-нан асты. Абай-те жарияланған материалдарды тек Қазақстан халқы емес, АҚШ, Қытай, Моңғолия, Ресей, Жапония т.б шет мемлекеттердегі жұртшылық та пайдаланады.

Біздің басты мақсатымыз – қазақ баспасөздері көтеретін мәселелердің пәрменділігін барынша арттыру.

Жаңа бір сөзіңізде порталдың мақсаты – журналистердің ішкі бірлігін қамтамасыз ету деп қалдыңыз. Осы мақсаттағы жұмыстарыңыз қаншалықты нәтиже беріп жатыр?

Қазақ журналистерінің арасында ішкі бірліктің болмауы, ауызбіршіліктің жоқтығы, тіпті бір-бірін оқымайтындығы, көрмейтіндігі мені қарадай түңілдіретін құбылыс болатын. Біз порталда қазақ баспасөзіндегі үздік мақалаларды жариялау арқылы мақала авторларымен байланыс жасаймыз. Бұл да журналистердің ішкі бірлігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Бүгінде Абай ақпарттық порталы арқылы қазақ журналистері бір-бірімен табысып, бірінің мақаласына екіншісі пікір айтып, бір-бірімен санасатындай дәрежеге жетті. Бұл журналистер арасында белгілі бір байланыстың орнағандығының көрінісі. Яғни, портал арқылы белгілі бір ортақ кеңістік қалыптасты. Сондай-ақ, Қазақстанның түкпір түкпіріндегі БАҚ-ның өкілдері бір-бірінің жазған дүниелерін тұрақты түрде оқуға мүмкіндік алды. Шынын айтқанда, қазіргі таңда кез келген бұқаралық ақпарат құралы өзінің құрылтайшысына тәуелді. Олардың әрқайсысы белгілі бір форматтың аясында жұмыс жасайтындықтан, журналистер кейбір материалдарын өздері қызмет атқаратын басылым бетінде жариялай алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда олар материалдарын біздің портал арқылы жарыққа шығарып отырады.

Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Жарылқап Бейсенбайұлы, Оралхан Бөкеевтер өз тұстарында белгілі бір мектеп қалыптастырып, журналистердің үлкен толқынын дүниеге әкелді. Ал, қазіргі таңда Абай ақпарттық порталының айналасында жаңа медиаға ыңғайланған журналистердің жаңа бір толқыны қалыптасып келе жатыр. Дәл бүгін «қазақ журналистері ондай», «қазақ журналистері мұндай» деп әріптестерімізге мін тағуға ешқандай негіз жоқ. Өйткені қазақ журналистері оқырманға қажетті дүниені дер кезінде жеткізе білуге ыңғайланды. Орын алған оқиғаны оперативті түрде халыққа жеткізу – радио мен телеарнаның еншісіндегі дүние болса, ал баспасөз ұлттық мәселелерге тереңірек үңіліп, үн қосу жолында үздіксіз еңбек етіп келеді. Мұндағы мақсаты – қалың қазақты қалғытып алмау. Бізде ұлтжанды, қазақ деген халқын шынайы сүйе білетін, сергек ойлы журналистер жетерлік. Олар қазір ұлттық партияның деңгейінде жұмыс жасап жатыр. Мұны айтуға тиіспіз.

Абай ақпарттық порталы ашылған кезде республикалық және аймақтық мемлекеттік ор­гандардың қазақтілді сайтта­рының қоғамдық рейтингін жасау сияқты бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды мақсат еткен еді. Бұл тұрғыда қандай істер атқарылды?

Бұл негізінде мемлекеттік деңгейде шешілуге тиісті ауқымды шаруа. Дегенмен біз, осы мәселе төңірегінде проблемалық мақалалар жазып, тиісті орындарға хат жібердік. Нәтижесінде қазақтілді сайттардың жұмысы жандана бастады. Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев журналдарға да міндетті түрде қазақ тілінде сайт ашу керектігі жөнінде тапсырма беріп, осы бағыттағы жұмыстардың жүзеге асырылуын жіті қадағалап келеді. Осы уақытқа дейін «сайт деген не?», «мұның қажеті қанша?» деп кер бағып келген журналдардың өзі қазір қазақ тілінде вебсайттарын ашып жатыр. Шынын айтқанда, кейбір үкіметтік сайттардың қазақшасына бармақ басын батыру мүмкін емес. Мұның бәрі уақыт өте келе реттеледі деген үміттеміз. Қазақ сайттарының саны артып, олардың арасында бәсекелестік күшейген кезде өзге сайттар да осы көштен қалмауға тырысып бағатыны сөзсіз.

Біз қазір Абай ақпарттық порталының аясында бірқатар жобаларды іске асырып келеміз. Мәселен, жақында ғана ашылған Shohan.kz сайтында Шоқанның этнологиялық, географиялық зерттеулері мен Шоқан туралы жазылған замандастарының естеліктері топтастырылды. Сайтқа енгізілген туындылардың ЖОО-да оқитын студенттерге, ізденуші жас ғалымдарға, жалпы оқырман қауымға берері мол. Сол сияқты aimaktar.kz сайты арқылы Қазақстанның түкпір-түкпірінегі журналистердің еңбектерін көрсетуді көздедік. Ал, madeniet.kz және Abai.adebiet.kz атты сайттарда қандай материалдардың топтастырылғанын сайттың атынан-ақ аңғаруға болады. Сонымен бірге oitobe. kz атты блок ашылды. Мұнда жер-жерде шашырап жүрген қазақ блогшыларының басын біріктіру арқылы азаматтық журналистиканы қалыптастырып келеміз.

Абай ақпарттық порталының ел ішінде танылып келе жатқандығы болса керек, бізге жекелеген мекемелер хабарласып, өздерінің қазақша сайттарын жасатуға ұсыныс білдіруде. Сол сияқты қазақ тіліне жанашыр азаматтар Байланыс және ақпарат министрлігінің айналасына топтасып, қазақ тілді интернет кеңістігін дамытуға белсене үлес қоса бастады. Біз қол қусырып қарап отыра беретін болсақ, ешқандай іс өнбесі анық. Біздің шаруамызды өзге біреу келіп жасап бермесі де белгілі. Ал, сайттарды қазақшаландыруды қолға алған едік, биліктің де беті бері қарады. Бұл алдағы уақыт – қазақ тіліндегі сайттардың дәуірі екендігін, олардың келешегінің кемел екендігінің көрінісі. Меніңше алдағы уақытта «орыс тіліндегі сайттар алдыңғы шепте келе жатыр» деген пікір айтылмайтын да болады. Келешекте қазақ тіліндегі сайттардың саны да, сапасы да жоғарылап, қазақ тілінің пәрменділігі артатындықтан, жұрттың көпшілігі орыстілді сайттарды емес, қазақтілді сайттарды тұтынатын болады. Мен бұған толық сенімдімін.

Абай ақпарттық порталы өзінің межелеген мақсатына жетті ме? Жоқ әлде ол үшін әлі біраз тер төгу қажет пе?

Біздің әуел бастағы мақсатымыз – интернет әлемінде қазақ тіліндегі ақпаратты жедел түрде халыққа жеткізу, қоғамдық пікір қалыптастыру болды. Біз ақырындап бұл мақсатқа қол жеткізіп келе жатырмыз. Бірақ біздің ұжым алға қойған мақсатымызға осы бір-бір жарым жылдың шегінде қол жеткізіп үлгереміз деп жоспарламаған едік. Қазір қарап отырсақ, межелеген жоспарды орындауға бір табан жақындаған сияқтымыз. Бұл біздің осы салаға беріле отырып жұмыс жасағандығымыздың жемісі болса керек.

Абай ақпарттық порталы қазақ тіліндегі тұңғыш портал болғандықтан, сайттарды қазақшалау жолында да қарышты қадамдар жасап келеді. Бұл соншалықты қиын шаруа да емес. Мәселен, менің өзім бір мекеменің сайтын ешбір ақысыз қазақшалап бердім. Неге десеңіз, қазақ тілінің тазалығын сақтау, оның қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз.

Қазір «қазақ тілі интернет әлемінде өмір сүруі мүмкін емес» деген жаңсақ пікірге ешкім де құлақ түрмейтін болды.

Қазақ тілі әлемдегі ең бай, әрі шұрайлы тілдердің бірі. Сондықтан да, ол – қайсібір жерде, қайсыбір кеңістікте болмасын қолдануға қолайлы.

Алда қандай жоспарлар бар?

Алдағы негізгі мақсат – қаламы қарымды әріптестерімізбен осы қарқынды бәсеңдетпей, белсенді түрде жұмыс жасай беру. Жоғарыда атап өткен жұмыстардың ауқымын кеңейту.

Қазақтың ұлтжанды азаматы ретінде қазақ жерінде қазақ тілінің пәрменділігін арттыра түсу үшін қандай жұмыстар атқарылу керек деп есептейсіз?

 Қазақ тілі сан ғасырдан бері өзінің көркемдігін жоғалтпаған қасиетті тіл. Осы тілмен үлкен саясаттың жасалғандығын, осы тілмен қазақтың тарихы жасалғандығын қайталап айтып жатудың өзі артық. Бұл өліп қалып, араға қаншама ғасыр салып, қайта тірілген еврейдің, я болмаса жер бетінде құрып бара жатқан аврарлықтардың тілі емес. Бұл кәдімгі бүгіні баянды, болашағы кемелді мемлекеттің тілі. Қазақ тілінің мәселесіне келгенде, әр нәрсені бір желеу етудің қажеті жоқ. Біздің елде тіл мәселесінің шешілуіне кедергі келтіріп тұрған билік қана. Егер билік басына ұлтжанды азаматтар шоғырланатын болса, бұл мәселе біржолата шешілер еді. Себебі тіл мәселесін шешудің тетіктері оп-оңай. Қазақстанның ауасымен тыныстап, қазақ жерінің топырағын басып жүрген барша өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренулері тиіс. Себебі біз де кезінде орыс тілін үйрендік. Тіл үйрену бізге ешқандай қиындыққа соққан жоқ. Сол сияқты олар да үйренуге міндетті. Ол үшін біз ең алдымен қажеттілік тудыруымыз керек. Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын өзге ұлт өкілдерінің барлығы дерлік жаппай қазақ тілін үйреніп жатыр. Ал, осы уақытқа дейін, қазақ тілін үйренуге салғырт қарап келгендері уақыт оздырмай, тез арада үйреніп алулары керек. Қазақ тілін білмесе, келешекте олардың күні қараң болатыны белгілі. Өйткені ертелі-кеш қазақ жерінде қазақ тілінің салтанат құрып, шынайы мемлекеттік мәртебесіне ие болатыны сөзсіз.

Өкінішке орай біздің мемлекетімізде қазақ тілінің пәрменділігінен қауіптенетін топ бар. Бұлар кімдер десеңіз, олар шала будандасқан, немере шөберелерінің болашағын қазақ тілінде көре алмайтын, билікке, байлыққа тұмсығын сұққан адамдар. Бірақ мұндай адамдар соншалықты көп те емес. Бұлар тек кедергі жасап тұрған күш ғана. Дүние алма кезек емес пе? Күні ертең-ақ, билік те, жүйе де бәрі ауысады. Бүгін қыс болса, ертең көктем келетіні сияқты. Сол кезде біз осы әңгімемізге қайта оралатын болсақ, күлетін боламыз.

Дәл бүгінгі күні қазақ тілі мына жерде қолдадануға келмейді дейтіндей тұсты көріп тұрған жоқпын. Өз басым бұған сенбеймін де. Қазақ тілінің жолында тұрған кедергінің бәрі жәй ғана қолдан жасалған кедергілер.

Сөздің турасына көшсек, билік қазақ тіліне толыққанды бет бұрғанда, қазақ тілінің «жыры» азаяды. Парламент қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде заң шығарса, Үкімет отырыстарын қазақ тілінде өткізіп, қаулы-қарарларын қазақ тілінде жасаса, онда жағдай басқаша болар еді. Елбасы, өзінің жолдауын, жалпы жиын барысында сөйлеген сөздерін, тіпті мерекелік құттықтауларына дейін, қазақ тілінде жеткізсе, қазақ тілі өзінің тұғырына қонатыны сөзсіз. Билік тек бір тілде, қазақ тілінде сөйлейтін болса, халықтың бәрі ертең-ақ қазақ тілінде сайрайтын болады. Барша қазақстандықтарға мемлекеттік тіліміз шынайы мәртебесіне ие болатын күнді көруді жазсын деп тілейік.

Тұщымды әңгімеңізге рах­мет! Абайдың рухын асқақ­татқан Абай ақпарттық пор­талының шығар шыңы биік болсын!

 

  Гүлмира САДЫҚОВА

2 ПІКІРЛЕР

  1. Дат газентінің екі дүние бесігі киелі Түркістан қаласында 07.06.2012жылы өткен Бабалар руһына арналып берген «Хандарға тағзым» атты Асымыздан бір күн бұрын шыққан санындағы «Нұрсұлтанды хан көтеру – төрелерге арман болып жүрме?» атты мақалаға орай 14.06.2012 жылы жазылған жауабымызды Дат газетіне жіберген болатынбыз содан бері бір айдың шамасы болды жауап жоқ.2.07.2012 жылғы «Ереке Датымызды басуға дәттеріңіздің шыдамағыны қалай?» деген өтінішімізге де жауап болмады. Сондықтан сол мақаланы Аbаi.ks өздеріізге жолдап отырған жағдай бар
    Ол хат былай басталатын «Құрметті редакция Сіздің газеттің 06.06.2012 жылғы нөмері 24-ші санында жарияланған Гүлмира Тойболдының «Нұрсұлтанды хан көтеру – төрелерге арман болып жүрме?» – атты мақаласына жауап ретінде өз сұрақтарымызды және пікірімізді жіберіп отырмыз. Қоғамда төрелер туралы теріс жалған пікір қалыптаспауы үшін. Жариялауыңызды өтінемін.

    ОҚО төрелер

    қауымдастығының

    төрағасы Ө. Ауамүслімов

    Құрметті редакция!

    Сіздің газеттің маусым айының 6-шы жұлдызы, 24-ші санында жарияланған, Гүлмира Тойболды ханымның «Нұрсұлтанды хан көтеру – төрелерге арман болып жүрме?» – деп байбалам салған мақаласын оқып, оқығанда да аң-таң қалып қайта-қайта шұқылып оқып, түсіне алмай Гүлмира ханымға: – «Дат тақсыр» рәсімімен Сіздің газет арқылы төмендегідей сұрақтар қоюға тура келіп тұр.

    Біріншіден, ең басты сұрақ: Оңтүстік Қазақстан төрелер қауымы бастамасымен және солардың жекелей қаржысымен маусым айының жетінші жұлдызында Түркістанда «Хандарға тағзым» атпен өткізілген Астың Сіздің жазып отырған мәселеңізге қандай қатысы бар? Мақалаңызға Астың Шақыру билетін қосып басуға нендей негізіңіз бар? Әлде Сіз, төрелерді ата-баба рухын силамайтын көргенсіз, олардың әруағына Құран бағыштау ойына келмейтін имансыз, Ас берем деулері тек сылтау, олар соның атын жамылып мемлекетіміздің Конституциялық құрылымын өзгертуге жиналып жатыр деп шынымен есептейсіз бе? Оған қандай деректі негізіңіз бар?

    Өзіңіз, Төре тұқымы-мыс дейтін Арман Ақмұқановтың осы Асты қаржыландырмақтығына, оның құрылады-мыс монархиялық партиясының бағдарламасымен қалған төрелердің таныс екеніне және оны қолдайтынына немен көз жеткіздіңіз?

    Осындай ылғи «мыстан» құралған өз болжамыңызды «жау келді» деп аттан салып газет бетіне жариялауыңызға қалай дәтіңіз барды? Журналистік этикаға бұл қылығыңыз жата ма? Айтпақшы, этика демекші Н.Ә. Назарбаевты жақсы көресіз бе, жек көресіз бе ол өз шаруаңыз, ал бірақ мемлекетіміздің Президенті, және әкеңізбен жасты адамды тоқпақтай қылып тұңғыш балаңыздай Нұрсұлтан деп атауыңыз да журналистік этикаға да қазақи әдепке де жатпайтын сияқты. Оған не дейсіз? Сол сияқты Төрелерді де жақсы көресіз бе, жек көресіз бе – ол да өз шаруаңыз. Ал бірақ Төрелерге мемлекетіміздің конституциялық құрылымын өзгертуге мүдделі деп күйе жағу этика түгіл, Заңға да қайшы екенінен хабарыңыз бар ма?

    Гүлмира ханым біздер Оңтүстік Қазақстан төрелері Сізден осы сұрақтарға газет арқылы жауап беруіңізді сұраймыз.

    Сөз соңында Сізге де және Сіз «аттан» салған газет оқырмандарына да ресми түрде айтарымыз:

    – Біздер, Оңтүстік Қазақстандық төрелер 2011 жылдың аяғынан бастап өздеріміздің бастамамызбен ата-бабаларымызға Құран бағыштап Ас берейік деген мақсатпен ұйымдастыру алқасын құрып, жарты жылдай дайындық жұмыстарын жүргізіп, Бабаларымыз жатқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан Түркістан қаласында Ас беруді тиісті мемлекеттік органдар мен келісе отырып, осы 2012 жылдың маусым айының 7-ші жұлдызында оны өткіздік. Оған Қазақстанның әр облысындағы, Монғолия мен Қытайдағы төре ұрпақтары және ғалымдар, жазушылар, мәдениет қайраткерлері, Ақсақалдар Кеңестерінің төрағалары, елге белгілі азаматтар шақырылды. Ал ас газетте өзіңіз бізден сұрамай жариялаған Шақыру билетінде көрсетілген Бағдарлама бойынша өтті. Басқа мәселе болған жоқ. Бабаларымызға құран бағыштап Ас беру біздің де әр қазақтай міндетіміз және құқығымыз деп санаймыз. Және де ол Аста біздер тек қана Хан, сұлтандарға ғана емес сол қасиетті Қожа Ахмет Яссауи Кесенесінде жатқан қазақтың басқа да Батырларының, Билерінің, діни адамдарының әруағына құран бағыштадық. Оған сонда қатысқан мың қаралы адамның әрқайсысы куә.

    – Ал Сізді шошындырған, монархиялық партия құру, Н.Ә. Назарбаевты хан көтеру мәселелерін біздер мақаладан оқып хабардар болып отырмыз. Сондықтан біздер оны бұрын естуден де талқылаудан да аманбыз. Сіз бұны бастап жүрген Төрелерге КНБ төрағасы басшылық жасайды депсіз, енді оның анық-қанығын сол орган анықтар деген ойдамыз. Өйткені біздіңше мақалада төрелер мен қоса мемлекеттік қызметкерлерге, тіпті Президенттің өзіне де, бүкіл дүние жүзі қолдаған демократиялық принциптерден бас тартып, Қазақстанды монархиялық режимге көшіруге мүдделі және соған дайындық жүргізіп жатыр деген ауыр айып тағылып отыр. Бұл біздің еліміздің де, Президентіміздің де халықаралық Қауымдастық алдындағы беделіне көлеңке

    түсіруге бағытталған арандату әрекеті деуге болады. Онымен қоса бұндай жалған сөздер төрелерді жалпы қазаққа қарсы қойып, араға жік салуға бағытталған деуге де негіз бар. Оған Аста шығып сөйлеген төрелердің: – «Біздер төрелер – қазақпыз, ұрпақты сол қазақ ұлтына, мемлекеттігімізге қызмет етуге тәрбиелеуіміз керек» – деген сөздерімен, ол ұстанымды асқа жиналған бүкіл қазақ төрелерінің, қолдағанын айтып жауап бере аламыз.

    ОҚО төрелер

    қауымдастығының

    Төрағасы Ө. Абамүслімов

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз