Қазақстанның Үкіметі ауыл шаруашылығына тиесілі 1,7 миллион гектар жерді аукцион арқылы сатуғашығаратынын айтқан күннен бастап, дүйім жұрт дүрлігіп, бабадан қалған байтақ даланы көлденең көк аттыныңменшігіне беріп жіберуге қарсылық білдіріп жатыр. Сол қарсылықтарға байланысты бүгін ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мырза «Abai.kz» порталына арнайы, эксклюзивті сұхбат беріп, жер сатудың жәй-жапсарын түсіндірді.
(суретте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев)
-Қайырбек Айтбайұлы, әңгімемізді қоғамның наразылығын тудырып отырған «жер сату» мәселесінен бастасақ. Осы жерді сату туралы идеяның авторы кім? Үкімет пе? Президент аппараты ма?
-Жоқ. Жер туралы кодекс ең бірінші рет 2003-жылы қабылданды ғой. Сол Жер кодексінде жыл сайын өзгертіліп отыратын тетіктер бар. Мынау 48-бапты қарасаңыз, сонда ауыл шаруашылығындағы жер учаскілері тек қана конкурстық аукцион арқылы, ашық саудаланады деп нақты көрсетілген. Және бұған 2009-жылы өзгертулер енгізілген. Жалпы бұл Заңның 19 позициясы бар. Соның ішінде мемлекетке керек, соның мақсатындағы жерлерді ешқандай да (аукцион, конкурстық) жолмен сатуға болмайды. Сондықтан бұл кеше ғана туындаған мәселе емес, тек биыл ғана біз аукцион арқылы жерді саудаға шығарайық деп бастама көтердік. Және біз жергілікті басқарушы органдарға, әкімшіліктерге тек қана ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді сатыңдар деп қатаң ескерту жасадық.
-Ескерту?..
-Мұндай талаптар қойған себебіміз, көп халық ренжиді, қазір. Мысалы, менің өзімнің туып-өскен ауылымда 500-дей адам тұрады. Ал жергілікті әкім-қаралар бұл жер учаскілерін өздерінің тамыр-таныстарына таратып жатыр. Жер кімге, қашан сатылып жатқанынан ешқайсысының хабары жоқ. Мүмкін ол сол әкімнің жақын танысы шығар, туысы шығар бәлкім. Оны аукцион арқылы беріп жатыр ма, әлде басқаша жолмен беріп жатыр ма, оған күні бүгінге дейін ешқандай бақылау болмай келді.
Сондықтан біз жергілікті әкімдерге қатаң талап қойдық. Жерлерді ашық аукцион түрінде ғана, халыққа жария түрде сатасыңдар деп. Демек, енді әкімдер бірінші кезекте өзі басқарып отырған ауданның, облыстың халқын аукцион өтетіндігі туралы құлақтандыруы тиіс. Содан кейін кімнің қалтасы көтереді, кім қай жерлерді сатып алғысы келеді, мархабат, аукционға қатысып алуына болады.
-Неге кенет Үкімет осындай қадамға барып отыр?
-Жердің сапасы азайып барады. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің қазір құнарсызданып, сапасы төмендеп жатқаны рас. Өйткені қарапайым халық, шаруалар қазіргі күндерін ойлап, ақшаларын санап, артық қаражатын сол жерлерге салмай отыр (мысалы органикалық күтімге). Сондықтан біз ойладық, халықты өз жеріне өзін ие етіп, қолдарына табыстайық дедік. Бұл жерлер осы қазақтың ертеңгі балаларына, ұрпақтарына қалуы тиіс. Халық осы жермен күн көріп отыр. Өйткені халықтың бар байлығы жері ғой. Оның үстіне бұдан түскен қаражат Ұлттық қорды толықтыруға жұмсалады.
-Ұлттық қор қазынасын толтырудың жерді сатудан басқа жолы табылмады ма?
-Біздің мақсатымыз жерді сатудан пайда табу емес. Себебі, аукционнан түскен қаражаттың барлығы Ұлттық қорға түседі. Бұл ақша бюджетке бармайды. Ал халық ойлайды: бюджетте осы күнә ақша жетпей жатыр, қазір ақша керек боп Үкімет жерді аукцион арқылы сатып жатыр деп. Бұл қате түсінік.
-Осы уақытқа дейін тып-тыныш жатып келіп, енді ғана Ұлттық қорды толтыру деген қисынсыздау ғой..
-Жоқ, негізі Ұлттық қор дегеніңіз елдің байлығы ғой. Қазіргідей қиын-қыстау, елімізге сырттан келетін инвестициялар азайған кезде, Ұлттық қордан Елбасы ақша бөліп, экономиканы алға жүргізді. Енді соны толтыру керек. Сол себептен Ұлттық қорға бүкіл елдің байлығы жиналады. Мынау мұнайдан түсетін, жерден түсетін ақша сол қорға құйылады. Ол - елдің байлығы. Бұл ақшалар ертеңгі күні жұмсалатын қаражаттың көзі. Оны кеп, мемлекеттің бюджетін толтыру үшін жерді Үкімет сатқалы жатыр екен деген жаңсақ түсінік болады.
-Байлығы жоқ, сатып алуға мүмкіндігі мүлдем төмен отбасылар мен азаматтар қазірдің өзінде қала сағалап, жерсіз жүр. Егер жердің бәрі байлардың қолына өтсе, қарапайым халық ертеңгі күні немен күнелтеді?
-Осы сұрағыңыз өте орынды. Дұрыс айтып отырсыз, қарапайым халықтың ақшасы жоқ. Бұны қалай сатып алады? Қазір біздің мақсатта 100 миллион гектар жер ауыл шаруашылығына қарайды. Бұл 100 миллионның ішінде 1,2 миллион гектар жер учаскілері сатып алынған жерлер. Ал қалған 98 миллионға жуық жерді азаматтар жалға алып отыр. Енді ол жерлер аукционға шығарылмайды. Ол жерлерді жалға алып отырған шаруаларға біз айтамыз, 49 жылға жалға алдың ба, сол 49 жыл сол жерде өз шаруаңды істей бер. Ешкім оларға тиіспейді, ешкім олардың жерін тартып алмайды. Сол бұрынғы бетіңмен жұмысыңды істей бер. Бірақ, ертең немесе бір жылдан кейін, жоқ он жылдан кейін болсын, тіпті 49 жылдан кейін сол жерді сатып аламын десе, сол күні әкімшілікке барып, шартқа қол қояды да, сол жердің құны 10 миллион теңге болса, кадастр бойынша құнын 5 миллионға дейін төмендетіп, 10 жылға дейін бөліп төлеуіне болады. Жаңағы 5 миллионды 500 мыңнан 10 айда төлей ме, әлде жыл бойы 100 мыңнан төлеп, қалғанын бөліп төлеймін дей ме, әкімшілікпен шартқа отырған кезде арнайы графикпен келісіп алуына болады. Ол кадастрді де өзгертіп отырған жоқпыз. Бұрынғы 2003 жылы қабылданған заң бойынша қалып отыр. Бұл дегеніңіз, егер қазір ол жерді сатып алуға ақшасы жоқ болса, оны сол 10 жылдың ішінде бөліп төлесе де болады деген сөз ғой. Соны халық дұрыс түсінбей отыр.
Екіншіден, ешкім қазір шаруаларға қиянат жасап, жеріңді қазір тартып аламыз деп отырған жоқ. Қазір болмаса, жағдайың болған кезде сатып аласың. Бұл жерлер шаруалардікі болған соң, біз осындай жеңілдіктерді жасап отырмыз.
-Алайда, жерді сатуға халық қарсы болып отыр. Бұдан қорықпайсыздар ма? Егер ереуіл, шеру, толқу болса, қандай амал қолданасыздар?
- Бұның барлығы енді түсініспеушіліктерге байланысты ғой. Нұреке, мына интернетті қарасаңыз біз осы заңды қабылдардың алдында аудан аудандарды аралап, шаруалармен кездесіп, бірінші кезекте оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізген едік. Ал мынау өзгерістер қабылданғаннан кейін, 1-шілдеден бастаймыз дедік қой. Оны қазір тағы да түсіндіріп жатырмыз. Интернетті қарасаңыз жәй шаруалар мәселе көтеріп, наразылық білдіріп отырған жоқ. Ол мынау біздің зиялы қауым. Көп адамдар сырттан естіп алады да, "ойбай, мыналар түгел жерді шетелдіктерге сатып жатыр", "қалтасы қалың, байларға ғана сатып жатыр" деп ойлайды. Сол себептен де түсініспеушіліктер орын алып жатыр. Ол зиялы қауым күнделікті осы жермен айналысып жатқан жоқ қой. Бізде қазір 300 мыңдай шаруа тізімде тұр. Олардың бірі келіп, бас көтеріп жатқан жоқ. "Ей, мыналарың дұрыс емес", - деп жатқан жоқ шаруалар. Егер бұл бастама дұрыс емес болса, сол 300 мың шаруа әлдеқашан далаға шығып, митинг өткізіп, шулап кетер еді. Өйткені бұл олардың нан тауып жеп отырған жерлері. Себебі, оларға алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондықтан, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қарсылық көрсетіп жатқандар – жерге қатысы жоқ, бірақ ұлтқа жаны ашитын азаматтар ғана ғой, Нұреке. Бұл жәй қауіп. Жерімізден, елімізден, билігімізден айырылып қаламыз ба деген қауіп қана. Ал мәселеге тереңірек үңілсеңіздер бұл халық үшін, сол шаруалар үшін жасалып жатқан дүниелер.
Сондықтан біздің жұмысшы тобы осы мәселені түсіндіру жұмыстарын аймақ-аймақтарда жүргізіп жатыр. Мен өзім де ертең Қостананайға барып, сондағы халықтың өкілдерімен кездесу өткіземін.
-Қайырбек Айтбайұлы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны айтылды. Қазақ жері шетелдіктерге 25 жылға жалға берілген күннің өзінде оған Мемлекет тарапынан қандай бақылаулар болады?
-Нұреке, біріншіден Қазақстанның бүкіл жері шетелдіктерге берілмейді. Қазақстан бойынша тек қана ауыл шаруашылығына қарайтын аудандар бар. Соның ішінде 62 аудан шекаралық аймақтарда орналасқан. Ол жерлерді шетелдіктерге беруге де, жалдауға да тыйым салынған. Тек қана Қазақстанның орталығында орналасқан шикі-майда жерлерді шетелдіктерге жалға беруге болады. Екіншіден, шетелдіктерге жерді былай бере салады деген әңгіме жоқ мұнда. Тек қана инвесторлық мақсатта ғана жалға беріледі. Оның өзінде Мемлекеттік бақлаулар бойынша 25 жылға ғана.
-Неге 25 жыл?
-Дұрыс, неге 25 жыл?! Біздің жалға бергелі отырғанымыз жер. Ол мұнай, газ емес қой, бүгін салдым, ертең алдым дейтін. Ауыл шаруашылық жерлері. Оған алдымен күтім жасалып, адамдар салымын салғаннан кейін ол салымдар жеміс бергенше орташа есеппен 13-15 жыл уақыт кетеді екен. Біз бұны зерттеп көрдік. Инвесторлар 15 жыл бойы әуелі сол жерге салған ақшасын шығарып алады да, әрі қарай тағы 10 жыл үстеме пайда көруге мүмкіндік алады. 25 жыл дегеніңіз содан шығады.
Одан кейін, жергілікті ауыл, аудан әкімдері ол жерлерді шетелдіктерге өз еркімен бере алмайды. Біріншіден, аудан әкімі облыс әкімінен, облыс әкімі Үкіметтен рұқсат сұрауы керек. Үкіметте жер мәселесіне жауапты біз болғандықтан облыс әкімдері жерді шетелдіктерге жалға беру үшін бірінші бізден рұқсат сұрауы тиіс. Сондықтан ол жерлерді әкімдер отырып алып, бере бермейді. Және Үкіметтің белгілі талаптары бар. Сол талаптарды орындамаған жағдайда ол жерлерді қайтарып алуға Мемлекет құқылы болып табылады.
-Ол қандай талаптар?
- Шетелдіктер ол жерлерді инвесторлық ұсыныспен ғана жалдай алады. Демек, инвеститциялық жоспар бойынша олар аталған жер телімдеріне қанша қаражат жұмсайды, оған қандай күтім жасайды - міне осының бәрі Мемлекетің бақылауында болады. Егер жоспардан аз күтім жаслатын немесе жоспарда көрсетілмеген мақсаттарда жұмыстар жасалса, әуелі ескерту жасалады. Сосын барып ол жерлер қайтарылып алынады. Ал біздің Үкіметте дәл осы ауыл шаруашлыығы мақсаттарындағы жерлердің сапасын түсірмеу үшін қойылатын қағидалар бар. Сол бойынша бақылау жүргізіледі.
-Ол тек жалға алып отырған шетелдік азаматтарға ғана қойылатын талаптар ма?
-Жоқ, бұл жерді жалдап отырғандарға да, сатып алған азаматтарға да қатысты. Мысалы, сіздің жеріңіз егістік жер болса, сіздің одан алатын өніміңіз, сол ауданның жылдық өнімінің 85 пайызынан аз болса, демек сіз жерге дұрыс күтім жасамағандықтан деп есептеліп, сізге ескерту жасалады және 3 жыл уақыт беріледі. Сол үш жылда сіздің сол жерлерден тапқан өніміңіздің көрсеткіші өспейтін болса, онда сот арқылы ол жерлерді қайтарып алуға Мемлекет құқылы. Тіпті сол жерлерден алынатын өнім көлемі белгіленген көрсеткіштен асып кететін болса да, ол жерлерге дұрыс күтім жасалмаған деген себеппен қайтарылады.
-Кеше мәлім болғандай, бұндай мақсаттағы жерлер «оралмандарға» салытмайтыны айтылды. Сонда бұл ұлтаралық дискриминация, этникалық қазақтардың мүддесін таптау емес пе?
-Айтып отырғанымыздай, мынау шетелдік азаматтарға, заңды тұлғаларға, «оралмандарға» жер сатылмайды. Өйткені олар Қазақстанның азаматтары емес. Тіпті ол азаматар ертең азаматтық ала ма, алмай ма? Бұл өз алдына бөлек сұрақ. Сол себептен туындап отырған шектеу ғой бұл. Олар ертең Қазақстан азаматтығын алып, толық қазақстандық болса, сол күні-ақ, олар сол жерлерді сатып ала алады. Ал қазір, азаматтық алмай жатып, ол азаматтарға жер сатылмайды.
-Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!
-Сіздерге де үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан - Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz
ВИЦЕ-МИНИСТР ӨСКЕНБАЕВ: ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІН ЕШКІМ ТАРТЫП АЛМАЙДЫ!
2016 ж. 22 сәуір
2537
0