МҮФТИ ДЕ «МӘҢГІЛІК» БОЛДЫ МА?

Президентін де, Жазушылар одағының басшысын да «мәңгілік» етіп «сайлап» алған көңілшек қазақ халқы, енді бас мүфтиіміз Ә.Дербісәліні де «мәңгілікке» бірауыздан «сайлап»  алды десе де болады... Өздеріңіз білетіндей атақ-даңқтарды аямайтын қазақ бас мүфтиімізге Елбасы деген сияқты Дінбасы деген атақты да қосарластырып атайтынды шығарды. Су жаңа «сайланған» бас мүфтиіміздің «инагурациясы» қашан болатынын да білмейміз. Мүмкін құпия шығар. Бұған қарап елде «мәңгіліктендіру» процесі жүріп жатқандай әсер аласың. Ертең неше түрлі «мәңгіліктердің» формалары шығып жатса таң қалмаңыз. Бұл біздің көңілшектігімізден бе, әлде сорымыздан ба екен?

 

Бәрінен бұрын осы жолғы бас мүфтиді қайта сайлау, яғни «мәңгілікке» сайлау науқаны еріксіз таң қалдырды. Себебі иеміз Алланы танумен, құлшылық етумен шұғылданатын істе көзбояушылықтардың орын алғандығы және ислам дінінің қағидаларына қайшы өткендігі. Бас мүфтиді сайлауға қатысты Діни басқарманың құрылтайы өте жасырын, құпия түрде өтті десе де болады. Құрылтайдың болатынын жарияламаса да, тауып барып едік, сақтықтары саммиттің кезіндегіден де күшті болып шықты. Журналистерді ішке кіргізбеді. Ақпарат алу қиынның қиынына соқты. Сол жердегі адамдарды әңгімеге тартсақ, ешкім ешнәрсе білмейді, құдды бір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құпия жиыны дерсің. Нағыз демократияның өзі Ислам дінінде екенін ескерсек, біздің дін қызметкерлеріміздің жасырын түрде жиын өткізуі түсініксіздеу көрінді.

Бас мүфтиді тағы бес жылға сайлаған имамдар оған бүкіл Қазақстан дауыс берді деп санайды екен. «Дауысты Қазақстанның барлық 11 миллион мұсылманы берді деп айтамыз, себебі қажылар қауымдастығы, Қазақстанның барлық аймақтарынан имамдар, министрлер, депутаттар барлығы бірауыздан дауыс берді» - дейді Жамбыл облысы Жуалы ауданының бас имамы Сейітқазы Медетбек. Олардың бұл әрекеттеріне қарап, Ислам дінінде демократия жоқ па деп те қаласың? Қалай азын-аулақ адам отырып бір мемлекеттің дін мәселесін, 11 миллион мұсылманның атынан бас мүфтиін сайлай салады? Бүйте берсе, мұсылмандарымен санаспайтын Діни басқармаға балама ретінде жүз шақты мұсылман жиналып алып өздері мүфти сайлап алмасына кім кепіл? Бәлкім дінбасымыз бен жандайшаптары адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайтынын ұмытып кетті ме екен? Елдегі діни жағдайдың ушығып немесе ортақ отырып шешілуі тиіс көптеген күрделі мәселелер тұрғанда бұл неғылған жасырын жиын? Адам жасырын жиын өткізуінің бір себебі бір нәрседен қорыққандықты білдірсе керек. Ал дін жолындағылар Алладан басқа кімнен, неден қорықты екен? Қанша жасырын жиын өткізсе де, естіп білдік, бас мүфтилікке балама кандидат «таба алмай» қиналған соң, бірауыздан сайлау болыпты. Бас мүфтилікке Ә.Дербісәліге балама кандидат таба алмаулары, енді бұл өтірік. Себебі халықтың көкейінде жүрген бас мүфтилікке кандидат бола алатын  бірқатар азаматтар бар.

Егер бәрі жабық есік жағдайында өтсе, олардың ой-пікірлерін, ниеттерін, жоспарларын біле алмасақ, діни саясатымыздың қалай болатынын қайдан білеміз. Жасырын өткеніне қарағанда, бәлкім діни басқармамызды басқа ағымдар «жаулап» алған шығар. Себебі кейінгі кезде бұрын-соңды қазақ жерінде болмаған небір діни ағымдар қаптап кетіп еді ғой.

ҚР Конституциясына сәйкес дін мен мемлекет екі бөлек десек те, Діни басқарма «Ең бастысы жоғары жақпен келісіміміз бар» деп биліктің келісімімен, солардың қадағалауымен құрылтай өткізе беретін бұл мемлекеттік орган емес қой? Оған қоса бір жылдық жұмыс жоспарын ҚР Президент Әкімшілігі дайындап бергенін де естідік. Саясат пен дінді араластырғанының өзі бұл жерде дұрыс емес. Еліміздегі барша мұсылманның тағдырын, басшысын 180 адамдық құрылтаймен шеше салу әділеттікке жатады ма?  Әлемдік тәжірибеде көрсетіп отырғанындай кез келген жерге көп уақыт бойы басшы болу зиянды екенін дәлелдеді. Көп уақыт басшы болғанға алдымен бағынады, соңынан табынады екен. Ертең бүтін атақ-даңқты өзіне жинап жатқан шейх Әбсаттар қажыға табынып кетуден Аллаһ өзі сақтасын.

 

Фазылбек

Әбсаттарұлы